Өңірімізде велосипед туризмінен І санаттық жорық шеңберіндегі облыстық «Күміс шабақ – 2026» жарысы өтті.

Дәстүрлі дода оқушылардың велосипед туризмі техникасын жетілдіруге, туристік шеберлігін шыңдауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Іс-шараны облыстық білім басқармасының Балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығы ұйымдастырды. Сайысқа аудандық және қалалық кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен 15-17 жас аралығындағы оқушылардан құралған командалар қатысты. Биылғы жарысқа алты аудан мен Орал қаласынан барлығы 38 жас турист сынға түсті.
Қазылар алқасы қатысушылардың дайындық деңгейіне оң баға беріп, әсіресе Бөрлі, Бөкей ордасы және Тасқала аудандарының командалары жоғары дайындықпен келгенін атап өтті.

Жарыс бес күнге созылған І санаттық веложорықпен ұштастырылды. Қатысушылар Орал қаласы-нан жолға шығып, Бәйтерек ауданының Переметный ауылы, Тасқала ауданының Тасқала және Мерей ауылдары, Ақжайық ауданының Алғабас ауылы мен Бәйтерек ауданының Үлкен Шаған ауылы арқылы қайтадан Орал қаласына оралды. Маршрут барысында оқушылар табиғи ортада бағдарлау, қауіпсіздік талаптарын сақтау, топпен жұмыс істеу және қиын жағдайда бірлесіп шешім қабылдау дағдыларын жетілдірді.
Жорық аясында жарыс бағдарламасына сәйкес ұлдар мен қыздар арасында «Мәнерлеп жүру», «Триал» және «Эстафета» қашықтықтары бойынша сайыстар өткізіліп, қатысушылар велосипедті басқару шеберлігі мен туристік даярлық деңгейін паш етті.
«Мәнерлеп жүру» кезеңінде жасөспірім ұлдар арасында Бөрлі ауданының оқушысы Тамирлан Маликов жеңімпаз атанса, қыздар арасында Бөкей ордасы ауданының өкілі Айкөркем Асқар үздік нәтиже көрсетті.
«Триал» кезеңінде ұлдар арасында Бөрлі ауданынан Радмир Камашев топ жарса, қыздар арасында тағы бір бөрлілік спортшы Алеся Марущенко жеңіске жетті.

Эстафета сайысында Бөрлі ауданының командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Бәйтерек ауданының командасына бұйырса, үздік үштікті Тасқала ауданының құрамасы түйіндеді.
Жалпыкомандалық есепте де Бөрлі ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынға Бөкей ордасы ауданы жайғасса, үшінші орынды Тасқала ауданының командасы иеленді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен, медальдармен және кубоктармен ма-рапатталды.
Табиғат аясында өткен «Күміс шабақ – 2026» облыстық жарысы жас туристердің спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, олар-дың төзімділігі мен жауапкершілігін арттыруға, туған өлкенің табиғатын таныпбілуіне және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік берді.
Айшагүл Құсайынова,
Орал қаласы