3.07.2026, 12:45
Оқылды: 17

Экологиялық түйткілдер назарда: киік, қалдық және қоршаған орта

 

ҚР  Экология  және  табиғи  ресурстар  министрінің  орынбасары  Нұркен  Шәрбиев  жұмыс  сапарымен  өңірге  келіп,  Жайық  жұртшылығымен  жүздесті. Ашық сипатта  өткен  жиында  азаматтардың  ұсыныс-пікірлері  тыңдалып,  жеке  қабылдау  ұйымдастырылды.  Бұл іс-шараға  облыс  әкімінің  орынбасары  Қалияр  Айтмұхамбетов, үкіметтік емес ұйымдардың  өкілдері,  кәсіпкерлер мен  қоғам  белсенділері  қатысты.

DSC06120

Жиын барысында тұрғындар экология саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, министрлік тарапынан нақты шешімдер қабылдауды сұрады. Әсіресе соңғы жылдары күрделене түскен киік популяциясы, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату, көгалдандыру, ауылдық елді мекендердегі экологиялық ахуал және табиғатты тиімді пайдалану мәселелері кеңінен  сөз  болды.

Жиындағы негізгі тақырыптардың бірі киік санының шамадан тыс көбеюі және оның ауыл шаруашылығына тигізіп отырған зардабы  төңірегінде болды. Әсіресе  облыстың оңтүстік аудандарындағы шаруалар ақбөкендердің егістік пен шабындықтарды таптап, жайылымдарды жалмап жатқанын айтып, бұл мәселенің әлі күнге дейін түбегейлі шешілмегеніне  реніш  білдірді.

Кәсіпкер Бауыржан Сабанов киік санының биыл азайғаны байқалғанымен, олардың нақты есебі қалай жүргізілетіні, қазіргі саны қанша екені және алдағы уақытта министрліктің қандай стратегиялық бағыт ұстанатыны жөнінде сауал қойды. Оның айтуынша, мемлекет киікті қорғаумен қатар, оның еті мен терісін өңдеп, экономикалық ай-налымға енгізу мәселесін де жүйелі түрде қарастыруы тиіс.

DSC06173

– Киік – ашатұяқты жануар. Олар жайылымдарға улы өсімдіктердің тұқымын кеңінен таратып жатыр. Ертең бүлінген жайылымдарды қайта қалпына келтіру оңай болмайды. Біз киікке қарсы емеспіз. Бірақ оның санын ғылыми негізде реттеу қажет. Сонымен қатар өңірдегі төрт түлік арасында таралып жатқан түрлі жұқпалы аурулардың да елеулі бөлігі киіктермен байланысты деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде қарастыру керек, – деді кәсіпкер Б. Сабанов.

Министрдің орынбасары Н. Шәрбиев қазіргі таңда республикадағы киік саны шамамен 2,7 миллиондай екендігін айтты. Оның сөзінше, киік популяциясын реттеу мәселесі тек ғылыми негізге сүйене отырып, жүзеге асырылады.

Вице-министрдің айтуынша, мамандар тарапынан ауланатын киік санын арттыру жөнінде ұсыныстар болған. Алайда бүгінге дейін ақбөкендерді аулау тек отандық ет өңдеу кәсіпорындарының ресми сұранысы көлемінде ғана жүргізілген.

Егер ет комбинаттарының өндірістік қуаты мен нарықтағы сұраныс жоғары болса, ауланатын киік саны да соған сәйкес көбейтілуі ықтимал. Кездесуде киік өнімдерін терең өңдеу және оларды шетелге экспорттау мәселесі де қозғалды. Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, бұл бағытта халықаралық құқықтық шектеулер  сақталып  отыр.

– Бұл салаға қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар бар. Біз олардың Қазақстан аумағында киік өнімдерін терең өңдеу өндірісін жолға қоюына мүмкіндік беру мәселесін көтердік. Алайда халықаралық талаптарға сәйкес әзірге тек өңделмеген, бүтін күйіндегі киік мүйізін экспорттауға ғана рұқсат берілген. Біз өнімді елімізде өңдеп барып экспорттауды қолдадық. Өкінішке орай, СИТЕС аясында мұндай рұқсатты алу өте күрделі. Соған қарамастан Қазақстан бұл бағытта арнайы рұқсатқа қол жеткізген санаулы мемлекеттердің бірі, – деді вице-министр. Осы мәселеге байланысты облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов бүгінгі нарықтағы нақты жағдайды  алға  тартты.

– Қазіргі уақытта киік етінен дайындалған 700 000 қалбырдың (консерві) 500 мыңнан астамы қоймаларда өтпей тұр. Сол себептен таяу уақытта ауланатын киік санын арттырамыз деуге негіз болмай тұр, – деді ол.

Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, бүгіндері зоология институты киік популяциясын реттеуге қатысты ғылыми-биологиялық негіздеме әзірлеуде екен. Сол құжат дайын болғаннан кейін Үкімет арнайы шешім қабылдайтын көрінеді.

– Тамыз, қыркүйек айларында қандай нақты шаралар қолға алынатыны белгілі болады. Үкіметтің тиісті шешімінен кейін сол құжат негізінде жұмыстар жүргізіледі, – деді  вице-министр.

Кездесуде тұрмыстық қатты қалдықтарды реттеу мәселесі де кеңінен қозғалды. Өңірдегі жалғыз тұрмыстық қалдықтар полигонының тозығы жеткені айтылды. Былтыр өңірде жиналған 123 000 тонна қалдықтың небәрі 36 000 тоннасы ғана қайта өңделген. Осыған байланысты кәсіпкер Азамат Бисенов жаңа полигон салудың маңызын атап  өтті.

– Жаңа полигон салу үшін қыруар қаражат қажет. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды өңдеу барысында экологиялық қауіпсіздікті сақтау негізгі талап болуы тиіс, – деді ол.

Министр орынбасары бұл мәселеге қатысты Экологиялық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтып, бүгінгі күні талаптарға сай келмейтін полигондарды жаңғырту еліміздегі маңызды міндеттердің біріне айналғанын  тілге  тиек  етті.

Жиында өңірдегі көгалдандыру жұмыстары да сөз болды. Вице-министрдің мәліметінше, биыл облыста 2,3 мың гектар аумаққа жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып  жатыр.

Кездесу барысында тұрғындар жергілікті деңгейдегі экологиялық мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, Бәйтерек ауданының Дариян ауылында тазартылмаған кәріз суларының ашық жерге төгіліп жатқаны айтылып, бұл жағдайдың жерасты суларына және қоршаған ортаға қауіп төндіріп отырғаны жеткізілді. Сонымен қатар республикалық және жергілікті маңызы бар аутожолдардың бойындағы қураған шөп пен бұталардың уақтылы тазаланбауы өрт қаупін күшейтіп, өңірдің санитарлық-экологиялық жағдайына кері әсер етіп отырғаны  да  сөз  болды.

Жиынды қорытындылаған Нұркен Шәрбиев облыс тұрғындары көтерген барлық мәселе министрліктің ерекше бақылауына алынатынын айтты. Оның сөзінше, көтерілген ұсыныстар ведомствоаралық деңгейде қаралып, тиісті мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп шешу жолдары  талқыланбақ.

Биыл сәуір айында өңірлердегі экологиялық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге арналған кешенді жол картасы бекітілген болатын. Құжатқа сәйкес елдегі негізгі экологиялық түйткілдерді 2028 жылға дейін жүйелі түрде шешу көзделіп отыр. Ал облыста өткен кездесу осы бағыттағы жұмыстардың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асырылып жатқанын талқылауға  мүмкіндік  берді.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале