3.07.2026, 19:00
Оқылды: 9

ІІМ: көшедегі қылмыс пен жол апатынан қаза тапқандар саны азайды

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі елде қоғамдық және жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесін жариялады.

_gluster_2026_7_3_4c3b3d36f2a37538b94a40c14f53cec5_1280x720

Фото: gov.kz

Патрульдік бақылау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтудің арқасында қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыс деңгейі төмендеп, жол-көлік оқиғаларының саны да азайған. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, қауіпсіздік — бұл баланың мектепке аман-есен жетуі, кешкі уақытта үйге емін-еркін оралу және қоғамдық орындарда өзін жайлы сезіну. Қазіргі уақытта күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ішкі істер органдарының 15 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылады. Осы кешенді шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар 20%-ға, көшедегі заңбұзушылықтар 18%-ға, ал мас күйде жасалған заңсыз әрекеттер 6%-ға азайды.

Жыл басынан бері елімізде 8 миллионнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 16 мыңнан астамы ұсақ бұзақылық болса, қоғамдық орындарда ішімдік ішу мен масаң күйде жүрудің 118 мыңға жуық дерегі тіркелген. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнде үйден тыс жерде болуына байланысты 83 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Жасөспірімдер арасындағы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да өз жемісін беріп, бұл салалардағы құқықбұзушылықтар сәйкесінше 9%-ға және 7%-ға төмендеген.

Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында да оң динамика байқалады: жол-көлік оқиғаларының саны 4%-ға, қаза тапқандар саны 20%-ға, ал жарақат алғандар саны 7%-ға азайған. Дегенмен, тәртіп бұзушылар әлі де аз емес. Жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 12 мыңға жуық жүргізуші ұсталып, сот шешімімен 14 мыңнан астам адам көлік басқару құқығынан айырылды. Бұған қоса, жол ережесін сақтамағаны үшін 245 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Комитет төрағасы заманауи технологияларды қолдану арқылы профилактиканы күшейту жалғаса беретінін, бірақ толық нәтижеге жету үшін азаматтардың құқықтық мәдениеті мен заңға деген құрметі маңызды екенін атап өтті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале