5.07.2026, 17:45
Оқылды: 7

Шыңғырлаулық жас бапкерлер еркін күрестен чемпиондар дайындап жатыр

Спорттағы әрбір жеңістің артында көзге көп көріне бермейтін жаттықтырушының тынымсыз еңбегі тұрады.

image-05-07-26-05-34 (1)

Бүгінде Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту саясаты аясында Шыңғырлау ауданының спорт инфрақұрылымы жаңарып, жасөспірімдердің белсенділігі артып келеді. Әсіресе, кейінгі жылдары ауданда еркін күрес бәсекесі жақсы дамып жатыр.

​Осы бағытта аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Манас Темірболатов 2020 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келеді. Алты жылға жуық уақытта оның шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарды. Бүгінде Манас Шабайұлының үш тәрбиеленушісі спорт шеберлігіне үміткер (СШҮ) атағын алса, тағы алты спортшының құжаттары осы дәрежені алуға әзірленіп жатыр.

image-05-07-26-05-34 (2)

​Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде еркін күрес үйірмесін жүргізетін тағы бір жас маман — Алтынбек Ерболов. Үш жыл ішінде ол өзінің кәсіби шеберлігін дәлелдеп, секциядағы балалар саною көбейтті. Қазіргі таңда оның екі шәкірті спорт шеберлігіне үміткер көрсеткішін орындаса, көптеген тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі турнирлердің жеңімпазы атанды.

​Қос жаттықтырушының өмір жолында ұқсастық көп: екеуі де Шыңғырлау ауданы Алмаз орта мектебінің түлектері. Оқу орындарын бітірген соң туған жерге оралып, ауыл балаларын спортқа баулып жүрген отбасылы жас мамандар.

​Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов ауданда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуінің нәтижесінде спортпен жүйелі айналысатын жастардың көбейгенін айта келе, өз ісіне шынайы берілген жас мамандар Манас Шабайұлы мен Алтынбек Қиялбекұлының тек спортшыларды ғана емес, елін сүйетін, тәртіпті азаматтарды тәрбиелеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ бөлім басшысы аудан спортының болашағынан зор үміт күтетінін және алдағы уақытта да спорт саласын дамытуға, жаттықтырушылардың жұмысын қолдауға күш салатындарын атап өтті.

image-05-07-26-05-34 (3)

​Ауылдағы шағын залда шыңдалған Шыңғырлау балаларының арасынан ертеңгі Азия, Әлем және Олимпиада чемпиондары шығатынына сенім мол. Ал сол арманның іргетасын қалап жүрген жас бапкерлердің еңбегі — ел ертеңіне қосылған зор үлес.

Сара Әділ,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале