Еліміз дамыған елдің қатарына 2030 жылдары енеміз деп жоспар құрғалы қашан. Сол меже қыр астында, қол созым жерде тұрғандай көрініп еді, алыстап бара жатқандай ма? Экономика-әлеуетімізді дамытуда Сингапурдың даму үрдісін негізгі бағыт етіп алмақшы да болдық. Болашаққа қамымызды қай елдермен салыстырып қоймадық десеңізші. Әйтеуір бір бағдарлама, жаңалық айтылған сайын елеңдеп, жақсылыққа жорып жатамыз, әйтеуір түбі бір қайыры болар деп күтудеміз. Біз армандап жүрген «Еуропаны кезген коммунизм елесі» Қазақстанға аялдамай баяғыда-ақ өтіп кетті-ау деймін. Біз өзімізге үлгі еткен елдердің тыныс-тіршілігіне қарасаң ішің қыз-қыз қайнап күйінесің, дамығанын «көре алмайсың», қызығасың, кіжінесің. Біз осы жұрт құсап қашан алға шығамыз, қашан баяғыда тоз-тоз болып кеткен зауыт-фабрикаларымызды тірілтеміз, қашан ішкі өндірісімізді жандандырып, жолға қоямыз дейсің. Бірақ, өткенге өкінгеннен пайда жоқ, бәрі тек енді өзімізге байланысты ғана болмақ.
Жаңағы біз аузымыздың суы құрып жүрген Сингапурдан шынында да үлгі алатын жәйттар көп. Шыны керек, қазіргі кезде көшеде тұрған тұрмыс қалдықтарын салатын қоқыс жәшіктері пластик құтылардан көз алғысыз. Ол жәшікке салынғаны, ал қуыс-қуыста, қалтарыста жатқаны қаншама және бүкіл еліміз бойынша осындай көрініс алдыңыздан шығары сөзсіз. Ал Сингапурда осы пластмасс-пластик құтыларды қалай кәдеге асырады? Зер салайықшы. Мысалы, бұл шағын ғана елде 2000 жүк көлігі тұрмыс қалдықтарын жинап, оны арнаулы қоқыс аймағына әкеліп төгіп отырады екен. Сол жерде бүкіл төгілген тұрмыс, қоқыс қалдықтары 4 кезеңмен сұрыптау әдісінен өтеді. Бұл жерден алынған пластик құтылар өңделіп құрылыс материалдарына айналдырылады. Өзге қалдықтар да өңдеуден өткен соң шикізат түріне сұрыпталып, бір қатары бүкіл елдегі ғимараттар мен тұрғын үйлерді жылытатын электр қуатын шығаруға жұмсалады. Қалдықтарды өңдеу кезінде шығарылатын улы түтіннің өзі сүзгіден өткізіліп таза күйге енеді екен. Ал әлгі жағылғаннан кейінгі қалған қалдықтың өзі де желге ұшпай, цементпен араластырылып, кірпіш жасауға пайдаланылады. Пластамассалар өңделген соң елдегі жол өнеркәсібіне аса қажет битумға айналады. Міне, көрдіңіз бе, қалауын тапса қар жанар деген мақалды іс жүзінде соларға қарап айтқан ба деп қаласың. Бүкіл елдегі тұрмыс қалдықтары мен қоқыс осылайша өңделіп, әр салада таптырмайтын шикізатқа айналып, кәдеге, ел игілігіне асып жатыр.
Осы жапон халқының еңбекқорлығына, жаңашылдыққа деген құмарлығына таң қаламын. Жапондық ғалымдар ерекше қасық ойлап шығарыпты. Электронды қасық. Қасықтың артықшылығы сол, тамаққа көп тұз қоспай-ақ тұздың дәмін келтіреді. Қасық тамақтың дәмін өзгертетін натрий ионының молекулаларын қалыптастыра алады екен.
Жапон ғалымдары бұл қасықтың пайдасы көп дейді. Адамдар күнделікті өмірде тамаққа тұзды тиісті нормадан көп мөлшерде пайдаланады. Салдарынан түрлі дертке шалдығуы мүмкін. Ал арнайы қасық барлығын реттеп отырады. Жапонияда қарттар тұзды тиісті мөлшерден екі есе, ал жастар үш есе көп қолданады. Енді міне, осы электрондық қасықтың арқасында тағамдағы тұз мөлшерін қадағалау мүмкін болмақ. Алғашында ғалымдардың бұл жаңалығын елдегі өзге өнертапқыштар әжуалап қарсы алған екен, алғашқы сатылымы да көңіл көншітпепті. Бірақ, оған тоқтай қалатын ғалымдар ма, қасықтың пайдалылығын дәлелдеп, одан әрмен жетілдіріп, өндіріске қосқан екен қазіргі күні асықтары алшасынан түсіп жатқан көрінеді. Тіпті бұл қасыққа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да назарын аударып, сатылым әлем бойынша өріс алмақ. Ал керек болса!
Адам денсаулығы басты байлық саналатын бұл елде тіпті тамақ мәзіріне де назар аударыла бастапты. Елдегі ғалымдар енді тамақта қанша май, қанша тұз, қанша қант болуы тиіс екені бекітілген арнайы ұлттық мәзірді жарияламақ. Ол мәзірдегі мөлшерлемені асханалар, тамақтандыру орталықтары ұстануға тиіс екен. Мысалы палауда осынша май, осынша тұз болу қажет деген сияқты ғой. Майсыз, тұзсыз, қантсыз дәм татпайтын біздерге керек-ақ мәзір. Әйтпесе еліміздегі екі адамның бірінің майлы, тұзды, зиянды тамақтардан өттері толған, бауырына май жиналғандығы дабыл қақтырып отырғаны шындық.

Сурет: pexels.com
Тақырыптан сәл ауытқысақ, дүниежүзіндегі ең таза ел де Жапония екенін білесіз бе? Бұл елде қоқыс жәшіктері мүлдем жоқ, әр үйдегі арнайы қоқыс жәшіктері арқылы шығарылған қалдықтар арнайы орында қатаң сұрптаудан өтеді. Және бұл сұрыптаушылардың кім екенін білесіздер ме, олар - мемлекеттік қызметкерлер екен. Олар бұл жұмысты еш қиындықсыз, қабақтарын тыржитпай-ақ атқарады, өйткені оларға үлкен еңбекақы төленеді. Ал сұрыпталған қоқыс елдегі әр салада тиімді пайдаға асырылады. Қоқыстан байлық жасап отырған бұл елдің тынымсыз тірлігіне қарап таңданбасқа шара жоқ. Тіпті таңертең қоқыс жинауға шығатын мәшинелердің доңғалақтары сумен әлденеше рет жуылып, орамалмен сүртілетінін оқығанда таңдайымызды қақтық. Біз осындай мәдениетті түсімізде де көрмей кететін шығармыз.
Ал Қытайдың өнеркәсібі де, әлеуеті де дамығаны соншалық Орта Азияны ғана емес Батыс Еуропа мен АҚШ-тың өзін өздерімен санасуға мәжбүр ететін дәрежеге жетіп қалған. Бұл елде жердегі қиқымның өзін әйтеуір бірдеңеге жаратып жатқаны.
Бізде де небір өнертапқыштар мен ғалымдар, жас нанотехнолог мамандар осындай үрдістерді неге қолданысысқа енгізуге құлықсыз, әлде қолдау мен қызығушылық жетіспей ме? Біз осындай дамыған елдердің қатарына қосылғымыз келсе жылт еткен жаңалықты жұлып алуымыз қажет қой. Еліміздегі шағын ғана ауылдардың өзінен қанша қоқыс, пластик құтылар жинап ауға болады. Ынта мен ізденіс жоқ па, тек сатып алу мен сатудан елді өрістете алмасымыз түсінікті. Бірақ, біздегі ғалымдар мен жас өнертапқыштар түк бітірмей отыр деп және айта алмас едік, бұқаралық ақпарат құралдарында бәлен деген жас ғалым мынадай жаңалық ойлап тауыпты, пәлен деген білімдар жаңа дәрінің құрамын дәлелдепті т.б жаңалықтарды естиміз де, оның өндіріске еніп не енбей жатқаны одан әрмен белгісіз болып қала береді.

Сурет: istockphoto.com
Ел Президенті Қ.Ж Тоқаев елдегі жаңашыл бастамалардың барлығына да қолдау барлығын айтып, оны іс жүзінде түрлі мемлекеттік бағдарламалармен бекітіп келеді. Жарайды, шағын ауыл-аймақтарда мұндай ірі жұмысты қолға ала кету қиын да болар, ал ірі қалаларда осындай тың істерді өрістетуге болатын тәрізді. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген, өз елімізді сөгіп, кінәласқаннан пайда табарымыз да жоқ, өзімізге өзіміз күлуден де аулақпыз. Тек бізде де небір өнертапқыштар, сауатты алғыр жастар жетерлік, солар батыл қадамдарға бастаса дейсің ғой.
Кезінде ірі қара мен ұсақ малдың терілері далаға лақтырылып, оны қаңғыбас ит-мысықтардың жұлмалап жатқанын көрмеген едік. Кеңестік кездің өзінде әр салада да бірізділік болды ғой, тапсырылған ірі қара малының терісінен түрлі ішіктер жасалып, қойдың жүні бір талшығына дейін пайдаға асатын еді. Байпақ, қолғап, текемет, алаша, түрлі жылы кеудешелер мен үйге керекті төсек-орын осының бәрі жүннен жасалушы еді. Қазір тұрғындар жазғы малды жекеге бақтырғандықтан малдарының да күйі кетіп, қотыр, жүндері сірне-сірне болып пайдаға аспай далада іріп жатқаны рас. Кезінде әр үйде жүн жуылып, түтіліп, әжелеріміз ұршық иіріп, қолдарынын екі сымы түспейтін болса, бүгінде он үйдің сегізінде үйде жүн жуылмайды, ол түтіліп кеудеше, жылы шұлық тоқылмайды. Бәрімізді Қытай жарылқап жатыр, жылуы болмаса да сұлуына қарап мәзбіз.
Десек те, елімізде ешбір талпыныс жоқ, марғау тірлік деп айта алмаймыз. Әр салада бір жылт еткен жаңашылдық бар, әйтсе де өзімізді қамшылап, ізденісті үдеткен жөн, әрі бір бастамасы бар жанды көрсек соны жан-жақтан қаумалап ісі өрге басып кетуі үшін көмек қолын созған жөн ғой деседі көпті көрген көнекөз қарттар. Бізде де іргелі өзгерістер басталып келе жатқандай, соған шүкір деп отырғандаймыз. Осы орайда алақайлап, алға шыққан біздің аудан ба дерсіз. Өйткені үстіміздегі жылдан бастап Ақшат ауылындағы белгілі кәсіпкер Алтынбек Қожаниязов «Алтын қазына» жеке кәсіпкерлігін ашып, әр жерде шашылып, рәсуа болып жататын қой жүнін кәдеге асыруға болатынын, бұл кәсіпті жандандырудың жолын көрсетіп өзгелерге үлгі болды. Мінкей, «көз қорқақ, қол батыр» деге осы емес пе? Біздің де қолымыздан бәрі келеді, әрі үкімет тарапынан «Ауыл аманаты» сынды бағдарламының шапағаты тиіп жатса. Алтынбектің ізін жалғап кезіндегі жеңіл өндірісті жолға қоятындар қатары көбейер деген үміттеміз.
Тағы бір дәлел, Солтүстік Казақстан облысында ірі қара мен жылқы терілерінен жоғары протеинді жемдік қоспа өндіретін жоба қолға алынды. Бұл өңірдегі «СК Протиен» ЖШС ірі қара мал мен жылқы терілерінен жоғары протеинді жемдік қоспаларды өндіру үшін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен және «Ғылым қоры» АҚ-мен ынтымақтастық аясында компания 350 млн теңге көлемінде грант алған. Жоба жылына 5,4 мың тонна шикізатты қайта өңдеп 2,4 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қабілетті екен. Өткен, 2024 жылдың 11 айында 675 тонна тері өңделіп, 300 тонна протиен өндірілген. ProtSAN атты жануар тектес жемдік қоспа жоғары ақуыз құрамымен ерекшеленеді. Өнім ұнтақ дән түйіршік түрінде қолжетімді. Қоспа жоғары сапалы жем өндіруде, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының, құстың, өнім бермейтін жануарлар мен балықтың рационына тікелей қосуға қолданылады. Және бұл өнімнің құрамында ГМО жоқтығы оның бәсекеге қабілеттілігін аңғартады.
Бұл жоба бүгінде далаға лақтырылып жатқан ірі қара терілерін кәдеге асыруға беріліп отырған үлкен мүмкіндік, батыл қадам.
Тағы да бір сүйінішті жаңалық өткен жылдың аяғында көршілес Бөрлі ауданында да орын алды. Яғни Ақсай қаласында «Digitalisation and Recyling» ЖШС өзінің өндірістік базасында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін цех ашылды. Енді облысымызда ашылып отырған бұл өндіріс орындарына жақын жерлердегі аудандардағы қатты тұрмыс қалдықтары сұрыпталып жеткізілуі жолға қойылса, көптеген мәселелерді шешуге, әрі өндіріске қажетті шикізатты өңдеп шығаруға үлкен сеп болар еді. Өндіріс орындары қуатын арттырса сұрыпталып алынған өнім елімізге жыр болған битум мәселесін де шешуге мүмкіндік беріп те қалар. Жол біткенді жөндерде қасқалдақтың қанындай болған осы битумның жеткіліксіздігі салдарынан сапасыз жолдар салынып, иә болмаса жөндеу жұмыстарының созылып кеткені өтірік емес.

Сурет: istockphoto.com
Президентіміз Қ.Ж Тоқаев өз Жолдауында алдағы жылдарда алдымызда тұрған межелерге шолу жасап өтті. Әсіресе ішкі өндірісті өрістету мәселесіне кеңінен тоқталды. Соның ішінде мұнай, газ-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылатыны, Ақтау битум зауытының өндірістік қуатын арттыру, машина жасау саласын дамыту, әлемге әйгілі брендтерге тиесілі автокөліктер құрастыратын жаңа өндіріс орындарын іске қосу, шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдерді іске асыру т.б. нақты жұмыстарды атап өтті.
Иә, біз қашанда ертеңге үлкен үмітпен қарайтын, әр күннен тек жақсылық күтетін халықпыз. Президентіміздің тарқатып айтқан әр сөзі енді іс жүзінде нақты көрініс тауып жатса ғанибет. Бір күні бізге де таңдай қағып, бізбен теңелуге ұмтылатын елдер табылмасына кім кепіл?
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы