26.08.2026, 14:45
Оқылды: 16

«Қарап отыра берсек, жерді құртамыз...»

Жазылған жайдың  жаңғырығы

 

Боранбаев Мырзабай Нұрлыбайұлының есімі облысқа жақсы таныс. Дегенмен бүгінде шаруасы «шүкір»  деп айтуға әбден болатын  бұл азаматтың өткен жылдарын, шаруасын аяғынан тұрғызғанға дейінгі жүріп өткен жолдарын жұрттың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Сондықтан Мырзекеңмен жақынырақ таныса отырайық. Оның үстіне бүгін сәті түсіп, Боранбаевтың өзі  сонау Бөкей ордасынан ат арытып, «Орал өңірі» газетіне арнайы келіп отыр. Келген себебі –  газетіміздің биылғы 14 шілде күнгі 57-санындағы  ордалық шаруа Нағым Тәжімұратов пен газет тілшісі Есенжол Қыстаубаевтың «Жонарқада Нарын тағдыры тұр... немесе жер дауы өршіп кетпей ме?» атты мақаласын оқыған. Одан кейін Орда өңірінің төл перзенті, есімі елге мәшһүр Лавр Хайретдиновтің көтерілген мәселенің өткірлігін қостаған «Шынында да, енді шегінетін жер қалған жоқ...» («Орал өңірі», 21 шілде, №59 саны) мақаласын және оқып, Ордасында тыныш жата алмаған. Жер, жайылым, шабындық, полигон, құм көшкіні туралы өз пікірін айтқалы келіпті. Тураласақ,  туған ауылының, жерінің жағдайы мен келешек тағдыры үйінде тыныш жатқызбаған. Соған қарағанда, Боранбаевыңыз елсүйер азматтардың сойынан болып тұр-ау дедік, біз іштей.

6c5b95fa-e454-4a31-a81c-4a3005421f58

Орта мектепті Орал қаласында енді тәмамдап жатқан жасөспірім Мырзабайды  комсомол комитеті 1979 жылы Тайпақ ауданының (қазіргі Ақжайық) «Зауральный» кең-шарына шопандыққа жолдайды. Ол жылдарда Семей облысының Шұбартау ауданының комсомол жастары «қой шаруашылығында еңбек етейік» деп ел жастарына ұрандатып жатқан. Республиканың сол жылдарда мектеп бітіріп жатқан жастары шұбартаулықтардың бұл бастамасын қайтып қолдамайды?.. Солардың бірі –  жас патриот Мырзабай. Жаңадан құрылған «Жас жігер» комсомол жастар шопандар бригадасы құрамында екі жыл алаңсыз еңбек етті. Бұл екі жыл кейінгі өміріне үлкен мектеп, алғашқы тәжірибе  болатындығын жалындаған жас комсомол, әрине, ол кезде білмеген шығар. 1981 жылы Оралдың педагогикалық институтына оқуға қиналмай түсті. Химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығып, мектепте шәкірттер тәрбиеледі. Жаман жұмыс істеген жоқ. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Тіпті 1991 жылы аудан бойынша «Жыл мұғалімі» атағын жеңіп алды. Оны аз десеңіз, 1993 жылы бұл Мырзекең ауданда өткен «Жігіт сұлтаны» байқауынан бас жүлдені тақымға басса, облыста өткен сол байқауда ІІІ орынның жүлдесін иеленді. Бұл енді Боранбаевтың кемеліне келіп, керторыға мінген жұлдызды шағы десек еш қателеспеспіз. Алайда қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатқан нарықтық қатынастар келді. Жылдап жалақы алмаған халық ақшаның бедерін ұмытып, тұрмыс құлдырады. Инфляция тайраңдап басқа шығып, халық тәлтіректеп қалды. Сол кезде ғой, Мырзабай бір жыл бойы алмаған еңбекақысын қосып бір-ақ алғаны. Бірақ ол ақшасы бір қыстық киім алуға жетпей қалды. Амал жоқ, Мырзабай өзіне талай жұлдызды сәттерін сыйлаған мұғалімдік дәуренімен қинала қош айтысты, «саудагерліктің» қамытын мойнына ілді. Бүгінде дүмді шаруа, аға дос Нағым Тәжімұратов екеуі Ресей жақтан жем, қосалқы бөлшектер, азық-түлік т.б. жеткізіп, бір күн қарап отырмай, екі ортаны жол қылды. Қой бақты, бірер бастан сиыр сатып алып, мал жинауға көшті. Онысы дұрыс болыпты. Бара-бара төрт түлікті тірнектеп, түгендеуге көшті. Малдарын ептеп сатып, азғантай болса да қаражатпен қорланды. Оны «сандыққа» тығып, «ақшам бар» деп  малданбай, 2000 жылы сонау Ордадан Теректі ауданының «Шаған» кеңшарына келіп, егін салуға жер жалдады. Бұған дейін қуаңшылық болып, кеңшар әбден тұралаған, егін салуды қойған. Бос жатқан жер көп. Сол кездегі аудан әкімі Савран, обалы қайсы, қарсы болған жоқ, орынбасарын шақырып алды да  400 гектар жерге шешім шығартып берді. Мырзабай сол жерден техника жалдады, механизаторлар тапты. Сумкин деген агроном еңбегін төлесе, ақыл-кеңесін аямайтынына ант-су ішті.  Ұйықтап жатса, түсіне егістік алқап кіретін нағыз агроном екен өзі. Ерте көктемнен күзге дейін тыным таппай,  егістік басынан табылды. Ол кезде Мырзабайдың да жаны мұрнының ұшында жүрді. Айналғанда жарты мың шақырым жерден келген жас жігіттің тәуекелі  тас жарды. 200 гектар жерге егілген егін жақсы өнім берді. Еңселерін едәуір тіктеп, жағдайлары жақсарып қалды. Келесі жылы қарақұмық екті. Тамаша! Әр гектарына өнім 14 центнерден айналып, тіпті, көрім болды. Ол жылдары облыс бұл дақылдың гектарынан шауып шыққанда 6-7 центнерден өнім алып жүрген. Мырзекең сөйтіп «рекорд» жасады. Тары егіп, оны Ақтөбенің, Атыраудың жабық мекемелеріне өзі жеткізіп беріп отырды. Пайдасы шаш етектен демесе де, жағдайы бұрынғыдан да жақсара түсті. Мал жиналды. Тап осы кездер ғой,  Мырзабайдың жеке шаруашылығы Бөкей ордасы ауданы бойынша ауыл шаруашылығы қызметкерлері арасында «Жыл үздігі» атанатыны. Күндердің күнінде «Сыбаға» бағдарламасы жарқ ете қалды. Бұл енді үкіметтің ауылдағы шаруаға жасаған үлкен көмегі болды. «Сыбағаны» алу үшін белгілі мөлшерде малың болуы керек еді, ал бұл кезде Мырзабайдың қорасында қытыр, қазанында бүлкіл көбейіп малын шалқайып тұрып санайтындай дәрежеге жақындап жүрген. Сөйтіп, 2011 жылы «Сыбағаның» 3 миллион 500 мың теңге несиесі Мырзекеңе бұйырып еді. Осы аға дос Нағым екеуі бір сөмке ақшаны алғанда абдырап қалған әлі күнге есінде...

Міне, содан бері арада 15 жыл сырғыпты. Бүгінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Қазақстан ауыл шаруашылығының үздігі» белгісі мен басқа да мақтау-марапаттардың иесі Мырзабайдың «Боранбаев» шаруа қожалығында 50 түйе, 500 бас ірі қара, 500 жылқы, 400 қой бар. Анау Теректі ауданындағы 1,5 мың гектар жеріне  ақ бидай, қара бидай, сафлор, тары, сұлы, қарақұмық егіп келеді. Науқан қызғанда 20-25 адам еңбек етеді. Былайғы уақытта бес адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Малдары 1975 жылы әкесі Нұрлыбай отырған, көзге де көңілге де ыстық «Ақшөлмек» елді мекенінде. Інісі Теңізбай мен нағашы інісі Асылан жоғарыдағы төрт түлікке бас-көз.

Ал газетте жарияланған жер, жайылымдық, шабындық, полигон туралы мақалаларға байланысты Мырзекең былай деді:

– Мен 1986 жылдан бермен қарай Орданың Бөрлі ауылында қырық жылдан бері тұрып келемін. Сол кездегі жермен қазіргі жердің айырмашылығы жер мен көктей. Жер азды. Азған деп айту да аз, құрып бара жатыр. Осы қырық жылда Орда өңіріне талай басшылар, министрлер, шенеуніктер келді. Жердің жағдайын солардың бәріне айтудан кенде емеспіз. Полигон, шабындық, жайылымдық, киіктің жырын, құм көшкінін олардың алдында талай «жырладық».

Баяғыда  Орда өңірінде 7 кеңшар болды ғой, олар екі миллион гектарға жетпейтін жерде отырған. Бірақ оның 943 мың 603 гектары полигонға жалға берілген. Дұрысы, берілмеген, кеңес үкіметі алып қойған, яғни аудан жерінің жартысына жуығы әскери сынақ алаңына айналған. Мен де полигонға жақын отырмын. Пункт, үй салып алдым. Бірақ менде жердің госактісі жоқ. Ол менің шаруама кесірін тигізіп келеді. Жерді сәйкестендіріп алайын десем, ол ресейлік әскерилерге жалға берілген. Шаруаға жер мал басының санына қарай берілетін тәртіп, ереже бар. Жердің госактісі болмағандықтан, үкіметтен алатын жеңілдіктерден қағылып отырмыз. «Жерің жоқ болса, малыңды қайда бағасың?» деген сөз ғой, қарапайым түсіндіргенде. Бұл – полигонның бізге тигізіп отырған бір зияны. Екінші зардабы – полигонның аумағында атқылайтын нысаналар (мишень) тұрады. Келісім бойынша, әскерилер оның айналасын өздері 100 метр радиуста жыртып, тырмалап қоюы керек. Нысананы ракета-снарядтармен атқылағанда жарқыншақтар ұшады, шашырайды, солардан өрт шығып кетпеуі керек. Жыртылмаған, тырмаланбаған жерлерден талай рет өрт шығып, оны өзіміз талай сөндіріп алдық.  Кейде ракеталар жерге түскенде қадалып қалады да, жарылмайды. Ертеректе ауыл азаматтары ондай ракеталарды үйіне алып келемін деп жарылып, мерт болған. Мұны екі деңіз. Үшінші зияны - ракеталар мен снарядтар түсіп жарылғанда қазан шұңқырлар пайда болады. Су шығады, оны мал ішеді. Сол суды бір кезде тексертіп едік, радияцияның мөлшері төрт есе көбейгенін көрсетті. Әлі күнге дейін дүниеге мүгедек болып келіп жатқан сәбилердің обалы сол полигоннан екенін қалай жасырамыз?.. Әскерилер сынақ өткізген бойда ол төңіректің радиациясы тексерілуі керек, баяғыда ауданымызда мұны тексеретін өзіміздің эколог маманымыз болды. Ол сынақ өткен бойда тексеріп тұратын. Эколог келе жатыр дегенде әскерилер зыр жүгіріп кететін, генералдар тұра қалып, честь беретін. Сол маманды аудан ба, облыс па қысқартып жіберді. Бүгінде облыстан келіп полигонның радиациясын ешкім тексеріп жатқан жоқ, турасын айтсам, экологтарымыздың бізде шаруасы жоқ. Үшінші талабымыз – осы, бізге эколог маман керек! Полигонның жерін өзімізге басы-байлы алмай, бұл зияндардан біз өмір құтылмайтын шығармыз... Шіркін, осындайда Тасмағамбетов болса дейсің?..Ол Қорғаныс министрі болған бойда Тайсойғанды Атырауына алып берді ғой, азамат!

Жердің азуына бір жағынан  киіктер де себеші. Әр өсімдіктің вегетациялық кезеңі болады. Яғни нағыз өсіп-өніп, даму мезеті. Міне, сол кезде жөңкілген киіктердің тұяғы шөптерді, өсімдіктерді қиып, таптап кетеді. Өсімдіктердің тұқымы жетіліп, жерге түсіп үлгермейді... Одан жайылымдық, шабындық жалаңаштана береді, тақырға, құмға айналады.

Бұрын ауданымызда жеті кеңшар болды дедім. Олардың әрқайсысы он мың гектарға дейін егін екті. Бес, он центнерге дейін гектарына өнім алды. Ал қазір сол шаруашылықтардың ізінде ешкім егін екпейді. Егін түгілі, шөп шықпайтын болды, ол жерлерге. Ертеде шаруашылықтар малды жаз күндерінде қырға шығарып алып кететін. Ол кезде ауданда шамамен 60-65 мың ірі қара болса, қазір 114 мыңнан асқан сияқты. Жаңағы айтқаным, ол кезде жаз шыға малды неге қырға шығаратын? Жайылымды сақтау үшін солай істейтін. Құм өңірінде бір аша тұяқ қалдырмайтын, бәрін шығарады. Ал бүгінде ше? Бір жерде отырмыз, қысы-жазы таптап. Жер азбағанда қайтеді?.. Менімше құмайт жерлерді мемлекеттің қарауына алу керек. Жазда ол жерлерге малды ұстамайтын темірдей тәртіп енгізу керек. Осыдан қырық жыл бұрын қазір мен тұратын Бөрлі ауылынан 15-25 шақырым айналада құм болмайтын. Бүгінде құм ауылға бір шақырым жерден-ақ есіліп жатыр. Жетіжылдық, Строй деген арасы жақын елді мекендер болды, бүгінде оларды құм басып, қосылып кеткен. Мұндай ауылдар көбейіп келеді. Қоңыршеген құм құрсауында қалды. Осылай жалғаса берсе, әй, білмеймін-ау,  бұл жерлерді қалпына келтіру үшін жүз жыл да аздық етуі мүмкін...

Мен табиғат, мал, өсімдік төңірегіндегі ғалымдармен жиі кездесіп, пікірлесіп тұрамын. Дағыстан мен Қалмақия ғалымдарын білемін. Олардың жерін де құм баса бастаған ғой. Бірақ олар бізбен салыстырғанда қол қусырып қарап отырған жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдерін қатыстырып, халықаралық конференциялар өткізіп жатады, құм апатының алдын алу үшін. Арнайы бағдарламалар қабылдаған. Үлкен гранттар бөлінеді. Бізде оның біреуі жоқ қой...Біз неге солай істемейміз?..

Орда өңірі – малмен күн көріп отырған аймақ. Жердің азып-тозғанын енді тоқтатпасақ, бұл жақта ел қала ма? Қазірдің өзінде көше бастады. Маған дейін газетке жазғандар мақалаларында айтқандай, Ресеймен шекаралас жатқан аймақ бос қалмауы керек. «Бос жатқан жер жау шақырады» деп атам қазақ тегін айтпаған. 2019 жылдан бастап, судан шөбін, еркек шөп (житняк) егіп келемін. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, ғылым докторы Мұхамбетов Болат ағаймен жиі ақылдасып тұрамын. Сол кі-сімен сөйлесе келе, осы өзім отырған жерге қызыл изен шөбін еге бастадым. Өзіміз-дің Орал ауыл шаруашылық – тәжірибелік стансасының бөлім меңгерушісі, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Бөлеков Төлегенмен де тығыз іскерлік байланыстамын.   Тағы бір айтайын дегенім – біздің жерде түйе жоңышқа (донник) керім өскен ғой. Өткен ғасырдың 20 жылдары америкалық селекционерлер түйе жоңышқаға қызығып, селекциялық мақсатқа пайдалану үшін оның тұқымын біздің Нарын құмынан жинап алып кетеді. Айналып келгенде, біздің түйе жоңышқамыз сол Америкаға әбден «бауыр басып» малдарының негізгі тамақтарының біріне айналған. Еркек шөпке келсем, 1899 жылы патшалық Ресейдің ғалымдары арнайы экспедиция шығарып, Бөкей уезінен еркек шөптің тұқымын (40 пұт) жинап алып кетеді. Еркек шөбіңіз шөлді аймаққа қайғырмай шығатын, жоғары өнім беретін өсімдік екеніне әбден көздері жетеді. Мұны естіп қалған АҚШ-тың Жер өңдеу департаменті 1906 жылы еркек шөптің тұқымын аттай қалап, ақшасын төлеп сатып алған. Бүгінде сол біздің ордалық еркек шөп Америка мен Канаданың далалық жерлерінде жайқалып өсіп, малдарының негізгі тамағына айналған. Әрі қарай басқа мемлекеттерге де тараған. Ал біз болсақ, соларды өзіміздің Орданың жерінде егіп шығаруға мүмкіндігіміз бар ғой, бірақ жаппай кірісіп кете алмай тұрмыз. Дегенмен Сисенғалиев Руслан, Ахметов Жалғас, Өтепқалиев Кенжебек сынды азаматтар өзіміздің Орда жерінде биылдан бастап, судан шөбі мен сорго егуді қолға алғандары мені қуантады.

Мен Ресейден тритикале шөбінің тұқымын әкеліп ектім. Бұл – бидай мен қара бидайдың буданынан шыққан өсімдік. Топырақтың құнарлығын арттыруға таптырмайды екен. Соның әр гектарынан 50 центнерден өнім алдым. Айтпақшы, Теректі ауданындағы жерімді дәнді дақылдармен қатар шөп тұқымын өсіретін шаруашылыққа айналдырып, тіркет-тім. Ондағы негізгі мақсатым – суарылмайтын жайылымдық жерлерді түбегейлі өзгертуге өз үлесімді молырақ қосу. Соңғы жылдарда ғалымдарымыздың талмай айтып келе жатқаны да осы – жайылымдық жерлерді түбегейлі өзгерту үшін жоғарыда айтқан қызыл изен, түйе жоңышқа, еркек шөп, тритикале шөбі, судан шөбі, сорго сияқтыларды көптеп, тұрақты егу ғой.

Тағы бір айтарым, ауылдың орталығында қазір жекелер 100-деп ірі қара, 200-деп қой ұстайды. Олар кеште келіп, таңертең өргенде ауылдың ішін, айналасын қызыл топыраққа айналдырып жатыр. Мен ұстамасын деп отырған жоқпын, ұстасын! Алайда ауылдан алыстау жерде ұста! Сонда ауылдың іші де сырты да азбайды. Шымкент, Жамбыл жақта малды бордақыда ұстайды ғой, пайдасы да шаш етектен.

Айтпақшы, бүгінде ауыл шаруашылық мамандары, әсіресе, малшылар, механизаторлар жоқ деген әңгіме жиі айтылады. Мені бір қуантып жүргені – өзіміздің Бөкей ордасы аудандық агроколледжінің ауылмен, шаруалармен байланысының жақсарып келе жатқандығы. Сол колледждің директоры Бағдат Лұқпанов өзі бас болып келіп, Асхат деген оқу-шебері бар шәкірттерімен 100 гектар жердегі шөбімді шауып беріп кетті. Колледж жаңа техника алған екен, соларымен келді. Әрине, әншейін емес, еңбекақыларын төледім. Осылай басқа шаруаларға да көмектесіп жатқанын естідім. Бұл – агроколледждегі оқу мен өндірісті байланыстырған жақсы бастама болды. Колледж студенттеріне де, шаруаларға да пайдалы.Мұны әрі қарай жалғастыра берейік.

Ал негізгі әңгімемізге келетін болсақ, бізге жерді жазғы, күзгі, қысқы жайылысқа, қыстаққа бөліп пайдаланатын қатаң тәртіп керек! Бұлай істемесек, қарап отыра берсек, жерді құртамыз... Осылай деп тоқ етерін айтқан Мырзабай Боранбаев әңгімесін аяқтады.

 

Әңгімені жазып  алған Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале