9.07.2026, 14:30
Оқылды: 12

Бәйтеректе жаңа зауыт іске қосылып, маңызды жобаларға серпін берілді

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын, сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар стратегиялық нысандардың жұмысын бағамдады. Сапар аясында өндіріс, қауіпсіздік, білім беру және аграрлық сектордағы өзекті мәселелер қаралып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

image-09-07-26-01-15-7

Өңірімізде жол құрылысымен айналысатын жетекші компаниялардың бірі болып саналатын «ДСК Приоритет» ЖШС Үлкен Шаған ауылының тұсында модульдік үлгідегі асфальт-бетон зауыты салтанатты түрде іске қосты. Жол құрылысы мен логистикалық сапаны жақсартуды мақсат тұтқан бұл жобаның жалпы құны 400 млн теңгені құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған модульдік зауыттың басты артықшылығы — оны кез келген құрылыс учаскесіне тез арада көшіруге мүмкіндік бар. Мұнда сағатына 175 тонна жоғары сапалы өнім өндіріледі және жұмыс үрдісі толықтай автоматтандырылған. Қазіргі таңда кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

image-09-07-26-01-15-11

Нысанның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі жаңа өндіріс орнынның аймақ үшін маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Жол салу ғана емес, оны сапалы әрі ұзақ мерзімге жарамды етіп пайдалануға беру – біздің басты міндетіміз. Облысымызда осы бағытта 2023 жылдан бері ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы үш жылда республикалық, облыстық, аудандық, қалалық маңызы бар жолдарды қоса есептегенде 1500 шақырымнан астам жол жөнделіп, жаңартылды. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 271 млрд теңге бөлінді. Жыл сайын орта есеппен 500 шақырымнан астам жол пайдалануға берілуде. Биыл облыста 72 млрд теңгеге 480 шақырым жолды жөндеу және салу жұмыстары жүргізілуде.

image-09-07-26-01-15-12

Бүгін біз өңірдегі ірі жол-құрылыс компанияларының бірі – «ДСК Приоритет» компаниясының жаңа асфальт-бетон зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Сағатына 175 тонна өнім шығаратын бұл кәсіпорын жол құрылысы жұмыстарының қарқынын арттырып, сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

image-09-07-26-01-15-5

Аталған компания бүгінде республикалық маңызы бар Орал – Атырау автожолындағы орташа жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ Подстепное – Федоров – РФ шекарасы бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатыр. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сондықтан компания басшылығы мен еңбек ұжымына атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Жол – экономиканың күретамыры. Көлік қатынасы жақсармайынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айту қиын.

Бүгінде облыстағы автомобиль жолдарының 60 пайыздан астамы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Сондықтан алдағы уақытта да ірі инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыра береміз. Биыл Подстепное – Федоров – РФ шекарасы бағытындағы 144 шақырымдық жол толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Орал – Атырау автожолында 180 шақырымға жуық орташа жөндеу жұмыстары аяқталады.

image-09-07-26-01-15-9

Бұдан бөлек, Қазталов – Ақжайық бағытындағы 17 шақырым жолға да орташа жөндеу жүргізілуде. Бұл жол 2010 жылдары салынған болатын. Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына байланысты жол жабыны тозғандықтан, биыл оны қайта қалпына келтіру қолға алынды. Жоба жыл соңына дейін бітеді,-деген Нариман Төреғалиұлы бұл істе ең бастысы, әрбір жол сапалы салынып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі екенін атап өтті.

«ДСК Приоритет» ЖШС-нің басшысы Жанна Тәжіғұлдың айтуынша, бүгінде кәсіпорын республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

– Біздің компания жол құрылысы саласында тұрақты қызмет етіп келеді. Құрылыс маусымы кезінде жұмыспен қамтылушылар санын арттырамыз. Биыл да техникалық паркіміз жаңа арнайы техникалармен толықты. Германиядан шығарылған Vögele асфальт төсегіші, Wirtgen Group компаниясының жол фрезасы, сондай-ақ өзге де заманауи жол-құрылыс техникалары сатып алынды. Бұл жұмыстардың сапасын арттырып, белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.

Жергілікті атқарушы құрылымдардың қолдауымен Үлкен Шаған ауылы маңында асфальт-бетон өндіретін жаңа модульдік зауытымыз іске қосылып жатқанына қуаныштымыз. Бүгінгі күнге дейін шамамен 90 шақырым жолға ірі түйіршікті асфальт-бетон жабыны төселді. Жоба аясында ескі жол қабаты арнайы техникамен фрезерленіп, кейін ірі және ұсақ түйіршікті асфальт-бетон кезең-кезеңімен төселуде. Сонымен қатар 25 шақырым жолда ресайклинг технологиясы (ескі жолды толық бұзып тастамай, оның қолданыстағы қабатын арнайы техникамен қайта өңдеп, жаңа жол негізін қалыптастыру әдісі) қолданылуда. Құрылыс жұмыстарының үздіксіз жүруі үшін компания өз қаражаты есебінен 17 шақырымдық айналма жол салды. Жоба биыл толық аяқталады деп жоспарланып отыр.  Мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау жалғасса, техникалық базамызды одан әрі жаңартып, барлық жобаны уақытылы әрі сапалы аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар. Әсіресе жол салушы компаниялар үшін арнайы техникаларды сатып алуда субсидиялау маңызды. Биыл қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде, 156 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарда тұр, – деді компания басшысы.

image-09-07-26-01-15-10

Содан соң облыс әкімі ауылдық елді мекендердегі төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздікті күшейту мақсатында Үлкен Шаған ауылында былтыр салынған заманауи өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысты.

Өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілген бұл бекет бүгінде 2 арнайы техникамен жабдықталып, жеке құрамда 39 маман қызмет етуде. Бекет қызметкерлері 4,2 мыңнан астам тұрғыны бар бес бірдей елді мекеннің өрт қауіпсіздігіне тікелей жауап береді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы құрылымның өтініші бойынша тасқын суды сору жұмыстарына да белсенді араласады. Ғимарат ішінде жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған: қызметтік бөлмелер, мұрағат, асхана және оқу кабинеті қарастырылған. Төтенше жағдайда жедел әрекет етіп, тілсіз жауды дер кезінде оқшаулау үшін мұндай бекеттердің ауылдық жерлерде орналасуы аса маңызды екенін атап өткен өңір басшысы жеке құраммен әңгімелесіп, олардың қызмет жағдайы мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне қатысты мәселелерді сұрады.

image-09-07-26-01-15-3

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан қолбайлау болып тұрған үлкен мәселе жоқ. Дегенмен бекеттен республикалық тасжолға шығатын 200 метрлік жолды қиыршық таспен немесе асфальт үгіндісімен нығайтып берсе деген өтінішіміз бар. Жаңбырлы күндері жол лайсаң болып, арнайы техниканың қозғалысына қолайсыздық туғызады. Қазіргі таңда өз күшімізбен қиыршық тас төсеудеміз, бірақ бұл мәселені толық шешпей тұр, – деді төтеншеліктер.

Өңір басшысы көтерілген мәселенің орынды екенін айтып, жауапты сала басшыларына мердігер ұйыммен бірлесіп шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. «Бұл – ауқымды мәселе емес,-деді Нариман Төреғалиұлы.-Егер жолдың осы бөлігі талапқа сай жасалса, арнайы техниканың шығуына да, жалпы бекеттің жұмысына да қолайлы болады. «ДСК Приоритет» компаниясы басшылығымен сөйлесіп, оны шешудің жолын қарастырайық».

image-09-07-26-01-15-6

Сапар аясында облыс әкімі Үлкен Шаған мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде де болды. 1978 жылы пайдалануға берілген, орталықтандырылған су және жылу жүйелеріне қосылған бұл білім ұясының бүгінгі ахуалы ерекше назар аударуды талап етеді. Мұнда өткен оқу жылында 398 шәкірт білім алса, мектепалды даярлық тобында 28 бала, ал балабақша бөлімінде 65 бала тәрбиеленуде.

image-09-07-26-01-15-4

Бұл ғимарат 2024 жылы апатты деп танылған. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты мәжіліс және спорт залдары жабылған, сынып жетіспеушілігі де үлкен қиындық тудырып отыр. Аймақ басшысы жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін қадап айтты. Қазіргі уақытта жаңа мектеп салу бойынша жоба жасақталып, мердігер компания анықталған. Соған сәйкес жобаны жүзеге асыру бағытында туындаған мәселелерді шешу жолдары жіті қарастырылуда.

image-09-07-26-01-15-2

Сапар аясында облыс әкімі Көшім ауылдық округінде орналасқан, ширек ғасырға жуық тарихы бар «Урожай» шаруа қожалығының егіс алқабына да барды. Юлия Кан жетекшілік ететін бұл қожалық бұрыш, баялды, қияр, қызанақ және өзге де көкөніс түрлерін өсірумен айналысады. Биыл олар 50 гектар алқапқа бау-бақша дақылдарын еккен.

image-09-07-26-01-15

Шаруашылықта 29 адам тұрақты еңбек етеді. Көшімдік бұл іргелі қожалық 2017 жылы гектарына 120 тонна өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген болатын. Бүгінде олардың табиғи өнімдері жергілікті нарықтан бөлек, көршілес Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарына сатылымға шығарылуда. Нариман Төреғалиев шаруашылық жұмысына оң баға беріп, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау және өзге де бағыттар бойынша мемлекет тарапынан қолдаулар жалғаса беретінін жеткізді.

 

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

image-09-07-26-01-15-13

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале