Ауыл тұрғындарының мәлім еткеніндей, ең басты мәселе – жолдар. Трассаның жағдайы қалыпты болғанымен, ауыл ішіндегі жолдардың жай-күйі сын көтермейді. Жаңбырдан кейін жол батпаққа айналады. Онымен автокөлікпен де, жаяу да жүру мүмкін емес. ХХІ ғасырда ауыл тұрғындары осындай жағдайға тап болып отыр.

Осыған байланысты Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде автомобиль жолы құрылысына қарастырылған жер учаскесі рәсімделген. Жобалық-сметалық құжаттама жасалып, тиісті қаржы бөлінгеннен кейін жол құрылысы белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Маштаков елді мекенінде сыртқы жарықтандыру желісі жұмыс істейді. Дегенмен тұрғындар пікірі ескеріліп, қажетті учаскелерде қосымша шамдар орнату мүмкіндігі ойластырылады.
- Балалар ойын алаңына қатысты айтарымыз, Деркөл кенті әкімдігі аппаратының мамандары оның техникалық жай-күйін комиссиялық тексеруден өткізді. Алаңның ақауын жөндеу және зақымдалған ойын жабдықтарын ауыстыру жөнінде акт жасалды. Тиісті бюджеттік қаржы қаралғаннан кейін балалар ойын алаңын жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары атқарылады, - делінген ресми жауапта.
Маштаков елді мекенінде 1 490 тұрғын, 391 аула бар, әлеуметтік нысандардан 1 медпункт жұмыс істейді.
