ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, қазақстандық талапкерлер Алматы қаласындағы Anhalt International University оқу орнына мемлекеттік білім беру гранты бойынша түсуге қосымша мүмкіндік алды.

Фото: gov.kz
Ведомство мәліметінше, бұл Алматыда орналасқан Германиядағы Hochschule Anhalt қолданбалы ғылымдар университетінің филиалы және құжат қабылдау мерзімі 2026 жылғы 10 тамызға дейін ұзартылды. Аталған жоғары оқу орнында студенттер Қазақстанда оқи отырып, оқу бағдарламасын аяқтаған соң қазақстандық және неміс дипломдарын алады. Қазіргі таңда мемлекеттік білім беру гранттары «Электротехника және ақпараттық технологиялар» мен «Биомедициналық инженерия» бағдарламалары бойынша ұсынылып отыр.
Оқу үдерісі толығымен ағылшын тілінде, Германия оқытушыларының қатысуымен жүргізіліп, студенттер неміс тілін де үйренеді. Сонымен қатар бірінші курстан кейін студенттер ақысыз академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысып немесе оқуын Германиядағы негізгі университетте жалғастыра алады. Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер ҰБТ-дан «Математика – Физика» бейіндік пәндері комбинациясы бойынша кемінде 70 балл жинауы және ағылшын тілін меңгеру деңгейін растауы тиіс. Ол үшін IELTS нәтижесі кемінде 5.5, TOEFL кемінде 69 балл болуы қажет немесе университеттің ішкі емтиханын тапсыру шарт.
Белгіленген талаптарға сай келетін азаматтар университет қабылдау комиссиясына тікелей хабарласа алады. Байланыс телефоны: +7 707 837 33 77, электрондық пошта: info@anhalt.university, ал ресми сайт мекенжайы: anhalt.university.