4.08.2026, 9:15
Оқылды: 11

Қауіпті клубтардың күзеті де осал

Жаз мезгілі – мейрамхана, түнгі бар мен жазғы дәмханалардың жұмысы қызатын кезең. Мұнда демалатындардың шырқын бұзатындар да көп. Жыл басынан бері полицияның «102» басқару пультіне ойын-сауық мекемелерінен 600-ге жуық хабарлама түскен. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы полиция департаментінің бастамасымен «Заң және тәртіп» жобасы аясында өткізген кеңесте осы мәселе талқыланды.

DSC09027

Құқық қорғаушылар шағым көп түскен нысандарды жіктеп айтып отыр. Мысалы,  «The Bar» түнгі клубынан – 39,  «ELDivino» – 15, «Пинта» – 12, «Dombyra» – 11, «Kult» – 10, «Barrel» – 9, «Central karaoke» – 9, «Chechil Pub» – 8, «MONREAL» – 7 және «Marrakesh» мейрамханасынан 4 хабарлама есепке алынды. Осындай шақыртулардың нәтижесінде 40 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның ішінде қасақана дене жарақатын салу, ұрлық, бұзақылық, алаяқтық, қарақшылық, қорқытып алу және есірткінің заңсыз айналымына қатысты деректер бар.

– Соңғы екі жылда түнгі клубтарда жүргізілген жедел тінту мен рейдтер кезінде күзетшілерден пышақ, таяқ және қолдан жасалған таяқшалар сияқты тыйым салынған заттар тәркіленді. Сонымен қатар қаладағы бір түнгі клубтың қосалқы бөлмесінен «Alpha PVP» ұнтақ зат салынған зип пакет табылды. Жүргізілген талдаулар мен рейдтер жоғарыда аталған мекемелерде стационарлық немесе қолмен ұстап тексеретін металл іздегіштердің жоқтығын анықтады. Бұл ойын-сауық орындарына келушілердің атыс қаруын, суық қаруды және басқа да тыйым салынған заттарды оңай кіргізуіне мүмкіндік береді. Бір айтып өтетін жайт, кейбір нысандар террористік тұрғыдан осал нысандарға жатады. Ал мұндай нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамауы оларға әкімшілік жаза тағайындауға себеп болып отыр. Яғни ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 149-бабына сәйкес айыппұл салынады. Былтыр маусым айында бір ойын-сауық нысанындағы бейресми күзетшілер заңсыз әрекеттері үшін ұсталды. Олар мұнда демалуға келген тұрғындарға жүйелі түрде себепсіз дене жарақатын салған. Яғни 17 адам ішкі істер құрылымдарына жеткізіліп, олардың сегізі қамауға алынды, – деді облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Роман Дүйсеғалиев.

Кеңеске қатысқан полиция қызметкерлері түнгі демалыс мекемелерінің көпшілігі лицензиясы бар күзет компаниялары қызметіне жүгінбейтінін баяндады. Олардың айтуынша, мұндай орындарды күзететіндер немесе кіріп-шыққандарды бақылайтындардың дені – жастар, соның ішінде бұрын сотты болғандар.  Ал 2000 жылғы 19 қазандағы «Күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, күзет қызметі міндетті түрде лицензия алуы тиіс. Күзет қызметін лицензиясыз немесе лицензиялау талаптарын бұза отырып жүзеге асырса, айыппұл салынады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463-бабы бойынша (кәсіпкерлік немесе басқа қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламасыз әрекеттерді жүзеге асыру) мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке  тартылады.

Облыстық ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Казенов заңнамаға сәйкес шағын және орта бизнесті тексеру қиын екенін айтты. Алайда террористік тұрғыдан осал нысандарды мерзімділік негіздегі жоспарлы тексеру екі жылда бір рет жүргізіледі. Сондықтан олардың  инженерлік-техникалық жабдықтары, яғни бейнебақылау жүйесі, дабыл түймесі, лицензиясы бар күзет қызметі, турникеттер, металл іздегіштер (металлодетектор) болуы шарт.  «Кейбір клуб иелері жанжал шығарған адамдарды далаға шығарып жібереді. Ал мұндай жайттың соңы қылмысқа соқтыруы мүмкін. Бұл адамдардың қайдан, қашан шыққанын бейнебақылау камераларынан көруге болады. Сондықтан жанжал болса, полиция шақырған жөн», – деді полиция полковнигі. Құқық қорғаушылар ойын-сауық нысандарының басшыларына лицензиясы бар күзет қызметі мен металл іздегіштер пайдалануды, турникеттер орнатуды ұсынды. Бұл құқықбұзушылықтың, қылмыстың алдын алуға сеп болады. Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымов бизнес өкілдеріне қауіпсіздік шараларына жіті мән беріп, жауапкершілікті арттыру қажеттігін қадап айтты.

– Ойын-сауық орындары – қызмет көрсету және кәсіпкерлік саласының маңызды бөлігі. Олар заңнама талаптарын қатаң сақтап, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етулері тиіс. Біз бұл кеңесте осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдері арасындағы байланысты нығайтуды көздедік. Өйткені қос тараптың өзара ынтымақтастығының арқасында қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыра аламыз, – деді кеңесті қорытындылаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан  Өтепбаев.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале