БҚО әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Теміржол көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында күрделі жөндеуден өткен Орал теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» өкілдері, сала ардагерлері мен тұрғындар қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту тапсырмасы аясында өңірдегі 4 вокзал қайта жаңартылды. Шыңғырлау мен Тасқалада вокзалдар қайта салынса, Орал мен Ақсайдағы нысандар жаңғыртудан өтті. Бұл мақсаттарға республикалық және жергілікті бюджеттен 7,6 млрд теңге жұмсалды.

Жаңарған Орал вокзалында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 4 эскалатор, 3 жеделсаты, заманауи конкорстық өткел салынды, сондай-ақ ана мен бала, қонақүй бөлмелері және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған инфрақұрылым қарастырылды. Барлық инженерлік желілер жаңартылып, сара аумағы абаттандырылды. Вокзал тәулігіне 1800 жолаушы мен 7 жұп пойызға қызмет көрсете алады.
