4.08.2026, 18:00
Оқылды: 3

Кешенді жоспарды орындау кешеуілдемеуі керек

Жақында облыс әкімдігінде 2024-2028 жылдарға арналған  Су шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі  кешенді  жоспарды іске асыру  туралы кеңес өтті.

DSC09334

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев төрағалық еткен осы іс-шараға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты. Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусин, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов баяндама жасады. Алдымен облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы 2024-2028 жылдарға арналған Су шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуын назарда ұстау қажет екенін айтты. «Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Үкіметпен бекітілген кешенді жоспар аясында өңірімізде іске асырылып жатқан барлық ісшараның орындалу барысын жан-жақты талқылап, саладағы мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар беруіміз қажет», – деді өңір басшысы.

Одан кейін ҚР Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының облыс бойынша орындалуы туралы Марат Молдашев баян етті. Спикер сөзіне сүйенсек, бүгіндері облысымызда 160 гидротехникалық құрылым бар, оның ішінде су жинау сыйымдылығы 669 млн текше метрді құрайтын 39 су қоймасы (14 республикалық, 25 коммуналдық), жалпы ұзындығы 2038,16 шақырымды құрайтын 59 канал (55 республикалық, 4 коммуналдық) есепке алынған. Сондай-ақ 6 тоған, 1 бөгет, 4 гидроторап, 49 лиман және 2 сорғы стансасы жұмыс істейді. Қазіргі уақыт-та коммуналдық меншіктегі 25 гидротехникалық құрылымның 20-сы қанағаттанарлықсыз  жағдайда.

– ҚР Үкіметімен бекітілген Қазақстан Республикасы Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облысымызда жалпы саны 148 іс-шара жоспарланған.

Жоспар аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 57 жобаны жүзеге асырады. Олар: 2 су қоймасын салу (Жалпақтал, Сексенбай);

7 су қоймасын жаңғырту (Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар, Шаған, Сарышығанақ, ЖҚССК бас су алу құрылымы);

- 11 каналдың реконструкциясы (Жәнібек, Көшім, Бударин, Первомай, Тайпақ, Фурман, Сәңкібай, Айдархан, Киров-Шежін, Жайықбай, Балықты Сакрыл-Сарыөзен қосу каналы);

- 1 су қоймасын күрделі жөндеу (Мамай);

- 17 лиманды суару жүйесін жаңғырту;

- 19 ГТҚ көпфакторлы зерттеу жүргізу.

Оған қоса, облыс әкімдігінің қолдауымен 1 сорғы стансасын салуға ТЭН мен ЖСҚ дайындау, 3 су қоймасын жаңғырту, 27 каналды жаңғырту, 17 су қоймасын күрделі жөндеу, 3 лиманды учаскені жаңғырту, 1 өзенді тазарту (санациялау), 39 ГТҚ көпфакторлы зерттеу жүргізу жобалары бар.

Қазіргі таңда облыстағы барлық суарылған алқап көлемі 13 193 гектарды құрады, соның ішінде су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы 12 805 га, атап айтсақ жаңбырлатып – 11 181 га, тамшылатып  1 624 га және басқа тәсілдермен 388 га алқап суарылды.

Өткен жылдармен салыстырғанда биыл су үнемдеу технологиясы арқылы суарылған алқаптың көлемі өсті. Соңғы үш жылда үнемдеу технологиясы арқылы суару көлемі 4 874 га ұлғайды. Суармалы алқаптарды ұлғайту жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 36 200 гектарға жеткізу межеленуде.

Қазірде Жалпақтал су қоймасы құрылысына қатысты ЖСҚ мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды, жоба құны – 8,2 млрд теңге.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі жоба құрылысына мердігерді анықтау үшін конкурс жүргізуде.

Сексенбай су қоймасы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды. Тапсырыс беруші – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті.

Бес нысанға жаңғырту және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазсушар» РМК-ның облыстағы филиалымен Киров су қоймасының реконструкциясы және Мамай гидроторабын жөндеу жұмысы аяқталды. Сондай-ақ  Бәйтерек ауданының Чиров, Тасқала ауданының Аяқ  және Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылдары тұсындағы су қоймаларының реконструкциясы аяқталды. Бүгінде 3 каналды жаңғырту жұмысы жүруде. Бұл жобалардың жалпы құны – 11 млрд теңге.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы «Жәнібек магистральды каналының реконструкциясы» жобасын іске асыруда. Жоба құны – 4,6 млрд теңге, 2025 жы-лы 1,2 млрд теңге игерілді.  Сондай-ақ Тасқаладағы Жайықбай каналын жаңғырту басталды. Жоба құны – 1,7 млрд теңге. Жергілікті және республикалық бюджет, Ұлттық қор қаражаттары есебінен ұзындығы 95 шақырым болатын «Жайық – Шалқар» каналы жаңғыртылуда. Жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. Үш каналды реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Олардың құны – 9,6 млрд теңге. Тайпақ, Айдархан, Сәңкібай каналдарын қайта құру жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Жоба құнына тоқталсақ, Тайпақ каналы – 5,3 млрд теңге, Айдархан – 1,8 млрд теңге, Сәңкібай 2,471 млрд теңгені құрайды. Оған қоса Көшім, Бударин, Первомай, Фурман каналдарын реконструкциялауға қатысты ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Жайық – Көшім  суару-суландыру жүйесінің Көшім каналы (22 шқ) мен Шаған арнасын (46,8 шқ) механикалық тазарту жобасы  бойынша бүгінге дейін 1,3 млрд теңге игерілді. Тасқала ауылындағы Деркөл өзенін (7 шқ) кеңейту, арнасын тазарту және түбін тереңдету жұмысы жүргізілуде. Биыл республикалық бюджеттен 435 млн теңге бөлінді.

2025 жылы облыс әкім-дігінің коммуналдық мен-шігінен 35 канал (705,7 шқ) мен 17 лиманды суару учаскесі (51,3 мың га) алынып, кәсіпорын теңгеріміне табысталды. Қазіргі уақытта Барбастау өзені бойындағы төрт су қоймасын (Покатилов, Ұзынкөл, Жаңаөмір, Кемер) республикалық меншікке табыстау үшін келісім жүргізілуде. Су қоймаларына қоса, оларды қайта құру бойынша төрт жобалық-сметалық құжаттама да табысталатын болады. Жалпы құны – 4,3 млрд теңге.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 79 су нысаны бойынша 90 елді мекенде жалпы ұзындығы 181 шақырым болатын су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленді. 2026 жылы жергілікті бюджеттен 37 су қорғау аймағы мен белдеуін белгілеуге 47,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар  әзірленуде.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 2024-2028 жылдарға арналған Су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іс-шараларының орындалуы бойынша жалпы саны 148 іс-шара қарастырылған, оның ішінде республикалық  деңгейдегі (Су ресурстары комитеті) – 57, жергілікті атқарушы құрылымдар бойынша – 91 іс-шара. Бүгінгі күнге дейін 59 іс-шара орындалды (Су ресурстары комитеті – 9, жергілікті атқарушы құрылым – 50), 38 іс-шара орындалу үстінде, 51 іс-шара орындалмаған, – деді М. Молдашев. Содан соң облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусин Су шаруашылығын дамыту бойынша  баяндама жасады. Оның айтуынша, Үкімет қаулысымен бекітілген жол картасына сәйкес өңірімізде 2026 және 2029 жылдар аралығында 153 шақырым болатын су және су бұрумен жабдықтау желілеріне жөндеу жүргізілмек. Бүгінде сумен жабдықтау және су бұру саласында «Батыс су арнасы» ЖШС жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыруда. Оның аясында 2 су сорғы стансасы, 2 кәріз сорғы стансасы қайта жаңғыртылып, 5 су ұңғымасы бұрғылануда.

– Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмысының орындалуы – 65%. Барлық нысанды жылыту маусымы басталғанға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде Орал қаласының су өндіру қуаты тәулігіне 18 мың м³-ге артып, кәріз сорғы стансалары тәулігіне 51 мың м³-ге дейін су өткізеді. Бұдан бөлек, 2026-2027 жылдары жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын сегіз жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Ақсай қаласындағы төрт жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмысы осы жылы басталады, ал Орал қаласындағы төрт жоба келісу сатысында тұр. Бұл жобалар аясында барлығы 130 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілері жаңғыртылады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуы 60,4%-дан 43%-ға дейін, ал кәріз желілерінің тозуы 61,2%-дан 48%-ға дейін төмендейді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша су беру көлемі 13 861,97 мың текше метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 98,75 мың текше метрге немесе 0,7%-ға артты. Оның ішінде халыққа су беру көлемі 10 903,52 мың текше метрді, бюджеттік ұйымдарға – 811,18 мың текше метрді, ал өзге тұтынушыларға – 2 147,13 мың текше метрді құрады. Су көлемі тұтынуын азайту мақсатында 2026 жылғы шілде айында Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы ірі су тұтынушыларға айналымды сумен жабдықтау жүйесін енгізу және пайдалану қажеттілігі туралы тиісті нұсқамалар жолдады. Бүгінгі күні «Батыс су арнасы» ЖШС тиісті жұмыс жүргізуде, – деді басқарма башысы Б. Мусин.

Жиынға қатысқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында оқушыларға су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды айтып өтті. Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты кең ауқымды ақпараттық-ағарту-шылық іс-шара жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі бағыты – балалар мен жастар арасында су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Осы бастама аясында мектептерде экологиялық және сынып сағаттары, ашық сабақтар, танымдық кездесулер, экологиялық акциялар, шығармашылық және зерттеу жобалары ұйымдастырылуда. Мектептерде «Суды үнемде – болашақты сақта!» эко-сағаттары, «Әр тамшы маңызды» ақпараттық акциясы, «Менің отбасым суды үнемдейді» челленджі, «Су ізі» зерттеу жұмысы, шығармашылық байқаулар мен «Таза жағалау» экологиялық акциясы өткізіледі. Бұл жобалар арқылы оқушыларға су ресурстарын ұқыпты пайдалану, су көздерін қорғау, табиғатты аялау және күнделікті өмірде суды үнемдеу дағдыларын қалыптастыру  көзделген.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев аталған кешенді жоспардың әр тармағы белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс екенін айтты. Кеңес қорытындысында жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырма жүктелді. Атап айтқанда, су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын бақылау, «Барбастау өзеніндегі су қоймалары каскадын толықтыруға арналған сорғы стансасының құрылысы» жобасының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу мен сараптамадан өткізу, сондай-ақ Раздольный ауылы маңындағы Рубежка өзеніндегі су қоймасын реконструкциялау жобасы бойынша конкурстық рәсімдерді бастау тапсырылды. Сонымен қатар аталған жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету және олардың сапалы орындалуын бақылау міндеті жауапты басқармалар мен облыс әкімінің салаға жетекшілік ететін орынбасарларына жүктелді.

Нұрым ҒҰМАР,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале