Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Орал қаласында Ұлы Отан соғысы мен прокуратура органдарының ардагері, «Халық Қаһарманы» Иван Степанович Гапич 103 жасында өмірден өтіп, жұртшылық пен әріптестері оны ақтық сапарға шығарып салды.
Қаралы жиынға ҚР Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев арнайы қатысып, Бас Прокурор Берік Асыловтың атынан марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ рәсімге БҚО прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Майдан жылдарында Польша, Чехословакия және Украинаны азат етуге қатысып, ерлік көрсеткен Иван Степанович бейбіт өмірде де елге адал қызмет етті. Ол Қарағанды қаласының Сталин ауданының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры қызметтерін атқарды, ал 1966 жылдан бастап БҚО прокурорының бірінші орынбасары болып жиырма жыл жемісті еңбек етті. Сонымен қатар ол 1945 жылғы 24 маусымдағы және 2010 жылғы 9 мамырдағы Мәскеуде өткен екі тарихи Жеңіс шеруіне қатысқан ерекше тұлға еді.
Жиында сөз сөйлегендер оның отандық прокуратура тарихында әділеттілік пен адал қызметтің символы болып қалатынын атап өтті.