12.08.2026, 15:30
Оқылды: 18

1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңа пәндер пайда болады: Оқушылар не оқиды? 

Мектептерде жаңа міндетті пәндер енгізіледі. Енді оқушылар Конституция мен жеке қауіпсіздік негіздерін оқиды. Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық мектептерде «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары оқытылады. Сонымен қатар бастауыш сыныптардағы математика мен тілдік пәндердің мазмұны жаңартылып, мектептерге жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіле бастайды - деп жазды baq.kz.

жп 53 мектеп (1)

Сурет: сайт архивінен

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің редакциямызға берген ресми жауабында айтылғандай, жаңартылған білім мазмұны оқушылардың іргелі білімін нығайтуға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және заманауи құзыреттерін дамытуға бағытталады.

Оқушылар Конституция мен заң негіздерін оқиды

5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Сабақта оқушылар Қазақстанның конституциялық құрылысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік басқару қағидаттары және құқықтық мәдениет негіздері туралы жүйелі білім алады.

Ал 8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық санасын нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілігін арттыру.

Бұдан бөлек, 5-11 сынып оқушылары «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсын оқиды. Пән аясында балаларға өмір қауіпсіздігі, ақпараттық қауіпсіздік пен кибергигиена, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл және түрлі қауіптердің алдын алу бойынша практикалық дағдылар беріледі.

Жаңартылған тәрбие жұмысына «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы және жаңа Конституцияның негізгі идеялары мен құндылықтары енгізіледі.

Бастауыш сынып бағдарламасы жеңілдетіледі

1-4 сыныптарға арналған «Математика» пәнінің 244 оқу мақсаты қайта қаралды. Бағдарламадағы күрделі тақырыптардың шамамен үштен бірі жеңілдетіліп, балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін сабақтардың шамамен 14 пайызы алынып тасталды немесе орта мектеп бағдарламасына ауыстырылды.

Сонымен қатар бірінші сынып оқушылары үшін оқу жылының басында арнайы бейімделу кезеңі енгізіледі.

Тілдік пәндердің мазмұны да өзгереді. Әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа дейін ұзартылып, «Әліппе» пәнін оқытуға 84 сағат бөлінеді. Ал «Ана тілі» пәні оқу жылының екінші жартыжылдығында оқытылады.

Қазақ тілінде білім алуды алғаш бастаған балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі. Онымен қамту деңгейін 2026 жылы 50 пайызға, 2027 жылы 80 пайызға, ал 2028 жылы 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Министрлік жаңартылған оқу бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде математика және тілдік пәндер бойынша білім сапасын 2027 жылы 15 пайызға, ал 2028 жылдың қорытындысы бойынша 35 пайызға арттыруды көздеп отыр.

Жаңа оқулықтар кезең-кезеңімен енгізіледі

Оқулықтарды жаңарту да кезең-кезеңімен жүргізіледі. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» және «Музыка» пәндері бойынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқулықтарды сатып алу жоспарланған.

Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүргізілді. Оның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар қажетті өтінімдерді қалыптастырып, баспаларға жолдады.

Өңірлерде оқушылар санының өсуі және кітапхана қорларын жаңарту қажеттілігі ескеріліп, басқа сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Келесі кезеңде 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9 сыныптардың, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8 сыныптардың оқулықтарын жаңарту көзделген.

Мектептерге AI енгізіледі

Білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленді.

Құжатта мектептердің цифрлық және инфрақұрылымдық дайындығын арттыру, педагогтерді даярлау және білім беру процесінде AI-шешімдерді қолдану қарастырылған.

Пилоттық жобаға қатысуға дайын 500 мектептің тізімі қалыптастырылды. Оның ішінде 250-і – шағын жинақты мектеп, 150-і – жалпы білім беретін мектеп және 100-і – «Келешек мектептері».

Қазіргі уақытта бұл мектептердің цифрлық инфрақұрылымы, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылуы, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі, кадрлық әлеуеті және AI-шешімдерді енгізуге дайындығы талданды.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану бойынша арнайы оқудан өткен. Сонымен қатар 100 мың педагогқа OpenAI компаниясының GPT-edu платформасын пайдалану үшін лицензия берілген.

Жазғы кезеңде пилоттық мектептердің педагогтерін цифрлық педагогика, заманауи оқыту әдістемелері және білім беру процесінде AI-құралдарын практикалық қолдану бойынша кезең-кезеңімен оқыту жоспарланып отыр.

AI-жобасы алдымен 10 мектепте сынақтан өтеді

Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Кай-Фуд Лидың ұсынымдарын ескере отырып, білім беру процесіне AI-шешімдерді енгізу бойынша жеке жобаны іске асыру жоспарланған.

Жобаның бірінші кезеңі 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 26 қазан аралығында жүзеге асырылады. Осы кезеңде қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 10 шағын жинақты мектепте пилоттық жоба іске қосылады.

Пилоттық өңірлер ретінде Қызылорда және Павлодар облыстары айқындалған. Апробация 4-сыныптарда «Ана тілі», «Математика», «Цифрлық сауаттылық» және «Жасанды интеллект» пәндері бойынша жүргізіледі.

Екінші кезеңде, 2026 жылғы 3 қараша мен 23 желтоқсан аралығында, пилоттық жоба 50 мектепке дейін кеңейтіледі.

Үшінші кезең 2027 жылғы 8 қаңтардан 24 мамырға дейін жалғасып, жобаға қосымша 300 мектепті қамту жоспарланған.

Ұлттық AI-білім беру платформасы енгізіледі

Сонымен бірге білім алушылардың қажеттілігіне қарай оқытуды дербестендіруге мүмкіндік беретін ұлттық AI-білім беру платформасын енгізу жоспарланып отыр.

Платформа бейімделген тапсырмалар әзірлеуге, білім нәтижелерін нақты уақыт режимінде талдауға және оқушылардың оқу олқылықтарын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Кешенді жоспардың жеке бөлімі цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалануға арналған.

Осы бағытта білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану стандарттарын әзірлеу, академиялық адалдық тетіктерін енгізу, балалардың дербес деректерін қорғау және цифрлық білім беру контентіне міндетті сараптама жүргізу жүйесін қалыптастыру көзделген.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале