18.08.2026, 14:30
Оқылды: 15

Жұрт қолында тозғайсың, «Түтін»

Осыдан екі жұма бұрын құйқаңды тесетін күннің кәрі ыстығы адамды да, табиғатты да әуре-сарсаңға салған еді. Ақын  Дариға Мұштанова «Өрт түсті Хан-тоғайға...» деп көк түтінге оранған тал-терек туралы күңіренте жырлады. Қиын күндер артта қалып, байырғы қазақтың қоңыр тұрмысы секілді адамның суішерлік тіршілігіне, жанына жайлы сарша шіліңгір тамыз келді. Тілсіз жаудан құтылып, арқаны кеңге салып жатқанда, «Сырымнан түтін шықты» деген хабар алдық. Бұл жолы дала да, қора да будақтап жанбай, ақын жанынан шыққан «Түтін» кітабының оты маздаған екен. Осы орайда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Президенті әдеби сыйлығының иегері, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлының «Түтін» кітабының тұсаукесері өтті.

WhatsApp Image 2026-08-12 at 15.50.57

Ақынның қаламдас достары, арқасын қағып, белін буған ұстаздары, асыл сөз өнерінің жанашырлары мен қала тұрғындарының басын қосқан келелі жиын болды. Монологта «...жанарында толқын
тебінеді» деп дарынды ақынның өзі жырлағандай, жиында ой да, терең сөз де су бетіне қалықтап, буырқанып толқын болып тасыды. «Қазақ әдебиетіне қарай баратын жол – Жымпитының көше-
лерімен өтетін шығар» деп кештің шымылдығын ақынның бейнепоэтикалық сарынымен ашты. «Қалаға хат» деген бір ғана өлеңімен ауылдың абыройын асқақтатқан Бауыржан ақын ауылы туралы естелігін еске түсіріп, ақынды емес, өлеңді сыйлап келген меймандарға алғысын білдірді.

–  «Жол үстінде жомарт отырады» демекші, біздің елдің үстінен өткен, қия шауып бара жатқан, жолсоқты болып қалжыраған жолаушы ат шалдыртпай кетпейді. Жаңылмасам, Сырым бабамыздың тойында болу керек, ішінде Жанарбек Әшімжан мырза бар әдеби қауым туған жерге тоқтады. Қонақтарымызды Сырымның ақ кесенесінің бойында қарсылап, Жанарбек ағамыз бауырына басып: «Елде Сырым атаң екеуіңіз болу керексіңдер!», – деп айтқан сөзі сол кезде әзіл болып көрінгенімен, кейін терең ой салды. Сол себепті әлі күнге дейін Сырым ескерткішінің қасында ғұмыр кешіп жүрген баламыз. Елдегі ағайынды ертіп, қаланың басындағы жұртқа сәлем бере келейік деген ниетте, ауылдың аңқыған түтінін алып, алдарыңызға келіп қалдық, – деп арынды ақын елмен амандасты.

WhatsApp Image 2026-08-12 at 15.50.56

Ауылдың көк майсадай жусан иісі мен түтінін, қаймағы бұзылмаған ел-жұртын ертіп келген ақынға Қадыр Мырза Әли орталығының директоры Талғат Мықи «қош келдің» айтып, қаламдас жолдасы туралы естелігін ақтарды.

– Бауыржан бауырыммен ең алғаш Сырым ауданына  облыстық айтысқа барған кезде таныстым. Сол кезде мәдени іс-шараны ұйымдастырып, жалындап, жанып тұрған жас жеткіншек еді. Келесі жылы қара домбырамызды арқалап, сол ауданға қайта оралғанда, мұрты тебіндеген жас бала бізбен жағаласып, сахнаға шықты. Содан бері аттай 15 жыл өтіпті, Бауыржан біздің сахнадағы басты қарсыласымызға айналды. Жымпиты екі Бауыржанмен Қазақстанға әйгілі. Үлкен Бауыржан кіші Бауыржанды қамқор тұтып: «Қалаға кел, қызметіңді тауып, баспанаңды алып береміз», – деп талай рет әсем қаламызға шақырғанына куә болдым. Бірақ ол ауылдан екі елі аттамады. «Тас қаланың қабырғасында қамалып қалғанша, Өлеңтінің жағасынан өлең іздеп жүрейін» дегені шығар, әйтеуір, шаһардан қашып, ауылға асығады да тұрады. Ең бастысы, шығармашылығыңның түтіні түзу шықсын! – деп орталық басшысы сиясы кебе қоймаған жаңа кітаптың оқырманы көп болуға тілеулестік білдіріп, алғысхат табыстады. Сонымен қатар Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев ауторға ақжолтай тілегін арнап, қала әкімінің құттықтаухатын табыс етті.

– Бауыржан екеуміз «Сырым жастары» қоғамдық бір-лестігін басқарып, ауқымды іс-шаралардың басы-қасында жүрдік. Ауылдық газет-тің тілшісі болған кезде, ел аралап, халықпен кездестік. Бауыржан қай іске болса да, білек сыбана кірісетін еңбекқор жан. Ол жыр айдынында қау сиясын шимайлап қана қоймай, кез келген істі дөңгелетіп кететін ұйымдастырушы да болып жүргені барша әлеуметке аян, – деді әкім орынбасары.

Кештің көркін ақын әрі қарай өзі қыздырып, шығармашылығы туралы ой толғады. «Бірінші жыр жинағыңыз «Дәптер» деген атпен жинақталып шыққаны елдің есінде. Екінші кітабыңыздың атын «Түтін» деп қойыпсыз. Абайсызда «дәптеріңізді» өртеп жіберген жоқсыз ба? Бұл қайдан будақтап шығып жатқан түтін?», – деп кештің шылбырын ұстаған ақын Айнабек Бисенғалиевтің әзіл-қалжыңы араласқан сұрағына жауап қатып, кітаптың шығу тарихын тарқатты.

–  Өлеңдер жинағым «Дәптерді» басып шығарар алдында Талғат бауырым: «Жас кезінде шығарған өлеңде-ріңді ізін суытпай, жинақ қылып шығарып таста. Кемелденіп, көзқарасың өзгергенде бұл өлеңдеріңді оқуға ұяласың», – деп ақылын айтқан. Сөздің шыны керек, шығармашылық бағыттың өзгергені, яки толысқандық болар, кейде «Дәптерді» өртегің келеді (халық ду күлді). Қаз-қаз басып, қадам жасағалы тұрған «Түтін» атты кітабымда баспасөз бетіне жарияланған мақалалар мен очерктер жинақталған. Кітаптың «Түтін» деп аталуының өзінде үлкен сыр жатыр.

Күндердің бір күні «Алатау» деген ауылға жиналысқа бардық. Жиын мектепте өтті. 4-5 жылдан кейін осы ауылға қайта ат басын бұрдық. Барғаннан-ақ мектепті іздедік, таппадық. Сөйтсек, алтын ұя жеке адамның қолына өтіп, мал қораға айналған екен. Мүйізімен «Директор» деген жазуы бар есікті бұзып-жарып, бір сиыр шығып келе жатыр. Бұл жағдай менің балтырымды сыздатып, жүрегімді ауыртқан соң, мақала жазып, елге жария еттім. Кейін мақаланы «Егемен Қазақстан» газеті басып шығарды.

Ортамызда отырған Жандос Дүйсенғалиевтің әкесі Асхат Дүйсенғалиевтің тоқсаныншы жылдары қырынып жүрген ұстараның ортасынан қақ жарып, қайшыға байлап, бір әйелге кесар тілігін жасап, аман алып қалғаны жөнінде естіп, «Сауыты – ақ халат, алдаспаны – скальпель» деген очеркті кітабыма қостым. Осындай көзге көріне бермейтін азаматтар арамызда жүр. Олардың ерліктерін газетке біз жазбағанда, кім жазады? Кітаптың мұқабасындағы сурет – майлы бояумен кенепке салынған «Ауыл» деп аталатын картина. Бұл сурет – Жосалы топырағында өмір сүрген, жасы елуге жетпей өмірден озған Мұратбек Жоламанов деген суретшінің ең соңғы туындысы. Марқұм ағамыздың зайыбы Гүлжәміш жеңгейге хабарласып, ағамызға деген құрметіміз болсын деп, осы картинаны кітаптың бетіне қойдым, – деп өнердің киесін, ауылдың қасиетін түсіне білген жүректі ақын әсерлі әңгімеден тамылжытып, көрерменді бір тамсандырды. Сонымен қатар «Түтін» кітабының шашбауын көтеріп, «Нар жолында жүк қалмас» деп, демеушілік еткен «Respublika» партиясының өңірдегі филиалының төрағасы Дулат Махатовқа алғыс айтты.

Ақын бір сөзінде, болашақта «Қалаға хат», Бауыржан Халиоллаұлының өмірбаянынан сыр ақтаратын «Ақбоз», Жәрдем Тілек, Қажым Көшек, Абдолла Жұмағали сынды тұлғалардың деректерін жинап, беттестіріп қойған «Сырымнан ұшқан үш қыран» деген үш кітаптың түптеліп, дайын тұрғанын, орайы келсе, оқырманмен қауышатын күнде алыс еместігін айтып, асыл сөз өнерін сүйетін оқырманды қуантып қойды.

«Парасат» орденінің иеге-рі, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрайымы Дариға Мұштанова сөз сөйлеп, жас ақынға ақ тілегін жаудырды.

– Кітаптың атын естіп, «Не-ге түтін?» деген іштей сұрақ туа қалды. Елдің санағын жүргізгенде, бір үйді түтінмен есептейтіні есіме келіп, іле сонымен байланыстырдым. Ойым дөп түсіпті. Негізі журналистикаға шын мәнінде журналист келсе, ол – ел мен газеттің бағы. Халыққа көмегі тиетін көрнекі құрал, қажетті дүние деп есептей-мін. «Орал өңірі» газетінде сарапшы болып қызмет істегенде, Бауыржанның журналистік қырына сүйсіндім. Жазғанынан теріп-тергейтін бір мін таба алмайсың. «Тү-тін» журналистика ішінде тәу етіп оқитындай түтін болсын, – деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесі – Жаңа Конституцияның кітапшасын табыстады.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақынның журналистикадағы ұстазы Бауыржан Ғұбайдуллин шәкіртіне оң ба-
тасын беріп, шығармашылығының да, шаңырағының да түтіні түзу шығуға тілеулес-тік білдірді.

– Жақсы кітап – дүйім халыққа ортақ олжа. Мен кітапты түгел оқымасам да, парақтап үлгердім. Бірсыдырғы материалды бұрыннан білемін. Бұл кітап – бәрімізге ортақ рухани игілігіміз. Бауыржан табиғи кристалл сияқты, жыл өткен сайын жаңа қыры ашылып, жарқырай түседі. Қазақта түтінге қатысты қастерлі, аяулы түсініктер аз емес. Сондықтан менің көзіме кітаптың өзі ғана емес, атауы да жылы ұшырады, – деп «Жайық Пресс» медиахолдинг атынан құттықтаухатты оқып, сыйға тартты.

Дариға Ғазезқызы мен Ба-уыржан Файзоллаұлы «Түтін» кітабының тұсауын кесіп, оқырман қолында тозуына тілеулес болды.

Шаһарымызға «Мөлдір өлең» жобасын ширек финалын өткізу үшін арнайы келген ақын Мөлдір Айтбай мен Бауыржан Ширмединұлы кештің көрігін қыздырып, өнерсүйер қауымға қара өлеңнен шашу шашты. «Тұсауын кескен кітап көп, шауып кеткені шамалы» деп қызылордалық ақын қыз қаламдасына жүректің бір тұсына жамау болатын кітап болуына ниеттес болды.

Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов журналистің азаматтық еңбегін айтып, аудан әкімінің құттықтаухатын оқып, тұлпар мінгізді.

Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Ән өлкем – Жымпиты» әнін Жаскелең
Ғайсағалиев, «Бір ауыл бар» атты әнін Әділ Ахметов, «Өмі-рім-өнегем» көркем поэтикалық әнін Тарас Жауымбаев шырқаса, «Жасай бер, елі Сырымның!» атты байтақ Сырым елінің әнұранына айналған рухты әнін Алмас Елшібеков әуелетті.

Перизат САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале