ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысына сапары барысында бірқатар ірі өндіріс орындарымен танысқаннан кейін өңір жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесуде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында аталған әлеуметтік жаңғыртудың өзекті бағыттары мен «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Кеңес аясында ҚР денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, ҚР білім және ғылым министрі Е.Сағадиев және ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова сөз сөйледі. Олар білім беру мен денсаулық сақтаудың заманауи жүйелерін құру барысы, сонымен қатар Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Премьер-Министр мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысындағы кемшін тұстарға назар аударып, олқылықтарды тез түзетуді талап етті.
Кездесуде «Қазақстанның Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ басқарма төрайымы Л.Ибрагимова, «Болашақ-Т» ЖШС жетекшісі Б.Сахаров, «Ақас агрофирмасы» ЖШС басшысы Қ.Ашығалиев сөз сөйледі.
БҚО Жәнібек ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Әліпқалиев облыс орталығы Оралдан ең шалғай жатқан Жәнібек ауданына тас жолдың қашан жететінін сұрады. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің келтірген мәліметіне қарағанда, биыл республикалық жолдарды жөндеуге 17,6 млрд., оған қосымша жергілікті жолдарға 8 млрд. теңге бөлініп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қайта салынып жатқан Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолы біткеннен кейін республикалық маңызы бар Жалпақтал-Қазталов-Жәнібек бағытындағы жолға да назар аударылатын болады. Бұл бағыттағы жолды жөндеуге биыл 2 млрд. (өткен жылы - 3 млрд.) теңге қаралды. Үкімет басшысы алдағы жылдарға жобалық-сметалық құжаттама жасаған кезде осындай мәселелерді мұқият ескеруді тапсырды.
Кездесуде Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы З.Сейсенғали аталмыш аудандағы ауыз су мәселесін көтерді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен жуық арада 54 елді мекенге (30 мыңнан астам тұрғын) ауыз су жеткізілмекші. Қазіргі кезде облыста таза сумен қамту көрсеткіші - 36 пайыз (162 елді мекен). Биылғы жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткіш 42 пайызға (186 елді мекен) жетпекші. Сонымен қатар алдағы уақытта Жаңақала ауданын таза сумен қамту үшін көршілес Бөкей ордасындағы Құлшық жерасты су қорынан құбыр тартылмақшы. Сонда аудан халқының 70 пайызы ауыз сумен қамтылмақ.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов биылғы жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндады. Әкімнің айтуынша, Индустрияландыру картасы бойынша 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл егін алқаптарының көлемі 32 мың гектарға ұлғайып, өңірдегі егіс алқаптары 500 мыңға гектарға жуықтамақ. І тоқсанындағы инвестициялар бойынша өңір экономикасына түсім 48,2 млрд. теңге көлемінде болады деп күтілуде.
«Жылдың басынан бері құрылыстың барлық бағыттары бойынша 60 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, өсім 53% құрады. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының көлемі 8,2 млрд. теңгеге орындалып, 12%-ға артып отыр. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысқа барлық қаржыландыру көздерінен 11 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Оның 9 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысына, 2 млрд теңге қаражаты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға бөлінді. Биыл 280 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл өткен жылғыдан 3,5 пайызға көп. Бағдарлама аясында Орал қаласында 8 көпқабатты үй, Ақсай қаласында 1 көпқабатты үй (жалпы 1345 пәтер) және 12 ауданның 7-еуінде 178 тұрғын үй (240 пәтер) салынады. Тұтастай алғанда 1585 отбасы өз баспаналарына қол жеткізеді деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 14 нысанына құрылыс жұмыстары жүргізілуде» деді Алтай Көлінов.
«Халықпен ақылдаса отырып, Елбасы тапсырмаларын орындай білуіміз қажет. Бұл жолы Батыс Қазақстан облысына негізінен әлеуметтік салаға қатысты министрлер келді. Инвестиция тартып, экономиканы нығайтумен бірге халықтың денсаулығын, білімін, әлеуметтік жағдайын ұмытпауымыз керек. Біз бүгін Батыс Қазақстан облысында Елбасы тапсырмаларына сәйкес көз қуантып, жүректі жылытатын істердің атқарылып жатқанын көрдік. Кәсіпкерлермен бір сағаттан астам уақыт бойы пікірлесіп, көптеген қордаланған мәселелердің бар екендігін айқын сезіндік. Мұның бәрін Астанаға барғаннан кейін бір жүйеге келтіріп, жұмыстанатын боламыз. Соның ішінде тез арада шешілуі тиіс мәселелерге баса назар аудармақшымыз. Мұның бәрі де халықтың қамы үшін» деді жиынды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға аталған мәселелердің барлығын бақылауға алуды тапсырды.
Нұрлыбек Рахманов,
zhaikpress.kz