ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі елімізде аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру жұмыстарын жалғастыруда.

Фото: ortcom.kz
Мемлекеттік жер қойнауын геологиялық зерттеу аясында 1:200 000 масштабындағы өңірлік зерттеулер жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін геологиялық-геофизикалық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға жеткізу және 25 нысандағы жұмыстарды аяқтау жоспарланған.
Негізгі бағыттардың бірі — 1:50 000 масштабындағы геологиялық түсірілімге (ГС-50) көшу. 2026 жылы алтын, мыс, полиметалдар, сирек жер элементтері, литий, вольфрам, молибден және басқа да стратегиялық пайдалы қазбалардың перспективті учаскелерін анықтауға бағытталған 20 жобаны іске асыру басталды. Сонымен қатар Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу аз зерттелген шөгінді бассейндері аумағында 2Д сейсмобарлау жұмыстарының 6 жобасын іске қосу көзделіп отыр.
2026-2028 жылдары геологиялық түсірілім және сейсмобарлау жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 40,7 млрд теңге бөлінді (оның 32,7 млрд теңгесі ГС-50 жұмыстарына, 8 млрд теңгесі сейсмобарлауға бағытталады). Жобалар аясында аэрогеофизикалық, геохимиялық, зертханалық зерттеулер, Жерді қашықтан зондтау деректерін дешифрлеу, бұрғылау және ұңғымаларды геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ саланы тұрақты қаржыландыру үшін аукцион қорытындысы бойынша алынатын қол қою бонустары түсімдерінің кемінде 50%-ын мемлекеттік геологиялық зерттеуге бағыттау заңнамалық түрде бекітілді.