21.08.2026, 16:15
Оқылды: 30

Егістіктегі еңбек ел ырысының бастауы

Бүгінде ауыл шаруашылығы аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Жердің қадірін біліп, оның берекесін еселеу үшін заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, өндіріс көлемін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың еңбегі айрықша. Осындай іргелі шаруашылықтардың қатарында «Жаңа жер» шаруа қожалығы бар.

image-21-08-26-05-08

Бүгін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласының ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаңа жер» шаруа қожалығының егіс алқаптарын аралап, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан басшысына шаруашылықтың қазіргі жұмысы, егістік алқаптарының жай-күйі, биылғы егіннің жағдайы және алдағы жоспарлары туралы шаруа қожалығының басшысы Мирболат Тасмағамбетов таныстырды.

2010 жылы тіркелген «Жаңа жер» шаруа қожалығы бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы өндірісінде өзіндік орны бар шаруашылықтардың біріне айналып отыр. Шаруашылықта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық кезеңде тағы 5 адам еңбекке тартылады. Бұл ауылдағы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп, еңбек адамдарының тұрақты табыс табуына мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.

image-21-08-26-05-08 (1)

Шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстары да ауқымды. Соның бірі – 2025-2026 жылдары жүзеге асырылып жатқан «Суармалы жерлерде дәнді дақылдарды өсіру» жобасы. Құны 693 миллион теңгені құрайтын жоба аясында Қытай Халық Республикасының «DEBOND» компаниясынан заманауи суару технологиялары сатып алынып, іске қосылған. Нәтижесінде шаруашылықтағы суармалы жер көлемін 435 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ал 2025 жылы шаруашылыққа 385,6 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылған.

"Ауыл шаруашылығын жаңа технологиялармен жарақтандыруға, жердің өнімділігін арттыруға және климаттық жағдайларға тәуелділікті азайтуға бағытталған маңызды қадам. Заманауи суару жүйелерінің енгізілуі шаруашылықтың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, алдағы уақытта тұрақты әрі мол өнім алуға мүмкіндік береді",- деп атап өтті шаруашылық басшысы.

"Жаңа жер"шаруа қожалығының егіс алқаптарында биылғы науқан да қызу жүріп жатыр. 2025 жылдың күзінде 2026 жылғы өнім үшін 1500 гектар жерге күздік дәнді дақылдар себілген. Оның ішінде 1050 гектарға күздік бидай, 200 гектарға күздік қара бидай, 250 гектарға күздік арпа егілген.

image-21-08-26-05-08 (2)

Ал көктемгі дала жұмыстары барысында 561 гектарға жаздық бидай, 846 гектарға арпа, 503 гектарға тары, 800 гектарға мақсары себілді. Мұндай ауқымды егістік көлемі шаруашылықтың егін шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырғанын аңғартады.

Егістік алқаптардың көлемі артқан сайын техникалық жарақтандырудың да маңызы зор. Бұл бағытта шаруашылық қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтылған. Қожалықтың техникалық паркінде «John Deere» маркалы 2 комбайн, «CLAAS» маркалы 2 комбайн, К-701 маркалы 2 трактор, 3 егістік кешені, органикалық тыңайтқыш сепкіші және МТЗ тракторлары бар. Заманауи әрі қуатты техникалардың болуы дала жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің жұмыс сапары барысында егіс алқаптарындағы жұмыстармен қатар, шаруашылыққа қарасты астық қабылдау кәсіпорынының жұмысы да назардан тыс қалмады. Астықты жинау ғана емес, оны қабылдау, сақтау және сапасын сақтап қалу егін шаруашылығындағы маңызды үдерістердің бірі. Осы ретте астық қабылдау кәсіпорынының қалыпты жұмыс істеуі шаруашылықтың өндірістік тізбегін толықтырып отыр.

Жерге дән салып, одан мол өнім алу маңдай тер мен тынымсыз еңбекті қажет ететін жауапты іс. «Жаңа жер» шаруа қожалығының бүгінгі жұмысы осыны айқын көрсетеді. Инвестиция тарту, суармалы алқап көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу, техникалық паркті жаңғырту және өндірістің барлық кезеңін жүйелі ұйымдастыру шаруашылықтың алдағы дамуының берік негізі.

Аудан басшысының егістік алқаптарын аралап, шаруалардың жұмысымен танысуы ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп отырған қолдаудың және еңбек адамына деген құрметтің көрінісі. Мұндай кездесулер барысында нақты мәселелер сараланып, шаруалардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, алдағы міндеттер айқындалады.

Халқымызда  «Жер – ырыстың кіндігі» деген сөз бар. Жерді тиімді пайдаланып, оның құнарын сақтап, жаңа технологияларды игеру бүгінгі аграрлық саланың басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта еңбек етіп жатқан «Жаңа жер» шаруа қожалығының жұмысы ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға өзіндік үлес қосып келеді.

 

Светлана Ешматқызы

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале