Жаңақала ауданы әкімдігінің хабарлауынша, ауданда заманауи «NEFTEK» автожанармай құю станциясы пайдалануға берілді.

Фото: Жаңақала ауданы әкімдігі
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен «NEFTEK» ЖШС бас директоры Асылбек Нупов қатысып, тұрғындарды ел игілігіне бағытталған маңызды жобаның іске қосылуымен құттықтады.

Бұл – «NEFTEK» компаниясы желісі бойынша ашылған 23-ші заманауи бекет. Жобаға 1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 15 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Тұрғындар үшін тағы бір қуанышты жаңалық – бекет аумағында электр көліктерін қуаттайтын арнайы станцияның орнатылуы. Қазіргі таңда бұл – Батыс Қазақстан облысындағы «NEFTEK» желісі бойынша жұмыс істеп тұрған жалғыз электрлі қуаттау бекеті.
Айтулы шара барысында компания ұжымы «Мектепке жол» республикалық акциясына қолдау білдіріп, аудандағы 8 оқушыға қажетті мектеп құралдарын табыс етті.

Мұндай заманауи инфрақұрылымның пайда болуы – Жаңақала ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.