Жәнібек ауданындағы «Жайлау» ат спорты кешенінде ересектер арасында аударыспақтан облыс чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Ұлттық спортты ұлықтаған дүбірлі додаға Орал қаласы, Ұлттық спорт мектебі және Бәйтерек, Казталов, Сырым, Ақжайық, Қаратөбе, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының командалары қатысты.

Чемпионат барысында балуандар салмақ дәрежелері бойынша сынға түсіп, жеңіс үшін бар күш-жігерін жұмсады. Әсіресе Жәнібек ауданының өкілдері өз шеберліктерін танытып, бірнеше салмақта чемпион атанды.
57 келіде Сырым ауданының спортшысы Нұрсұлтан Кенжебаев жеңімпаз атанса, жәнібектік Мерей Гайнуллин күміс жүлдеге ие болды.
62 келі салмақта қос жәнібектік балуан жүлде тұғырынан көрінді. Бекзат Мұсаев чемпион атанса, Нұрсұлтан Абуов екінші орынға табан тіреді.
68 келіде Жәнібек ауданының өкілі Асуан Құсайенов қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Орал спорт клубының спортшысы Айдос Сарсенғалиев – екінші, Сырым ауданының балуаны Мейірбек Қанатов пен жәнібектік Жандарбек Жайлыбай үшінші орыннан көрінді.
74 келі салмақта Дарын Мұсаев жеңімпаз атанды. Екінші орын Қаратөбе ауданының өкілі Абай Кенжебаевқа бұйырса, Сырым ауданының спортшысы Аспенбет Қайыржанов, жәнібектік Рахат Бақтығали және Ұлттық спорт мектебінің өкілі Мұхамбет-Әли Айтқали үшінші орындарды бөлісті.
87 келіде Жәнібек ауданының спортшысы Жанайдар Жайлыбай топ жарды. Ақжайық ауданының балуаны Сұңғат Рысалиев күміс жүлдені еншіледі.
94 келіде Рүстем Қойбағаров Жәнібек ауданының қоржынына тағы бір алтын медаль салды. Орал спорт клубының спортшысы Бексұлтан Сатыбалды – екінші, Бәйтерек ауданының өкілі Элдар Русланов пен Сырым ауданының балуаны Нұрқанат Теңізбай үшінші орынға ие болды.
100 келі салмақта Райымбек Нұрғалиев қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Сырым ауданының балуаны Төлеби Қайыржанов екінші орын алса, Ақжайық ауданының спортшысы Қайнар Кусмагулов үшінші орынға тұрақтады.
Ал +100 келі аса ауыр салмақта Жәнібек ауданының өкілі Дулат Рахатов үздік шығып, чемпиондық атақты иеленді. Ұлттық спорт мектебінің спортшысы Мирлан Сайман – екінші, Сырым ауданының балуаны Эльдар Рысқалиев үшінші орынға жайғасты.
Жәнібек ауданының командасы чемпионатқа даңқты спортшылардан жасақталып келгенін айта кеткен жөн. Команда құрамында Қазақстан Республикасының бес спорт шебері мен төрт чемпионы бар. Олардың қатарында ұлттық ойындардан ел чемпионы, «Қазақстан Қабыланы» Бекарыс Бейітұлы, жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің чемпионы Нұрлысәт Бақтығали және аталған додада күміс жүлде алған Жайлыбай Нұрғазы сынды аудан мақтаныштары бар.

Облыстық чемпионат қорытындысы жәнібектік спортшылардың аударыспақтағы әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бірнеше салмақта чемпион атанып, жүлделі орындардың басым бөлігін иеленуі – ауданда ұлттық спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.
Ат үстінде күш сынасқан балуандардың әр белдесуі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал дүбірлі дода ұлттық спорттың қадірін арттырып, қазақтың атқа қонған ер-азаматтарының дәстүрлі өнері мен шеберлігін жаңа биікке көтере түсті.
Дәулет Гайнуллин,
Жәнібек ауданы