Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне орай Жайық Аренада тоғызқұмалақ федерациясының кубогі сарапқа салынып, ұлттық зияткерлік ойынның үздіктері анықталды.

Тоғызқұмалақ – тақта үстіндегі тоғыз отаудың ғана бәсекесі емес. Ол – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған ойлау мәдениеті, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани мұрасы. Бір қарағанда қарапайым көрінетін тақтадағы әр жүрістің астарында есеп, сабыр, байып, болжам мен терең ой жатыр. Сондықтан да бұл ұлттық ойынның қадірі уақыт өткен сайын артып, тынысы ел шекарасынан асып келеді.

БҚО тоғызқұмалақ федерациясының кубогі – осы ұлттық мұраның өңірдегі өрісін тағы бір танытқан тағылымды дода болды.
Ұлттық ойынды ұлықтаған жарысқа Орал қаласы мен облыстың барлық дерлік аудандарынан 160-тан астам спортшы қатысты. Жарысқа қатысушылардың ең кішісі небәрі бес жаста болса, үлкендері 21 жастағы қалыптасқан шеберлер. Бұл – тоғызқұмалақтың жас талғамайтын, ұрпаққа ортақ ойын екенін аңғартатын айрықша көрініс.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, БҚО тоғызқұмалақ федерациясының президенті Мұхтар Манкеев, спорт ардагерлері мен ұлттық ойын жанашырлары қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі тоғызқұмалақтың ұрпақ санасын шыңдап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталды.
–Тоғызқұмалақ – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани әрі зияткерлік мұрасы. Бүгінде оның географиясы кеңейіп, әлемнің көптеген елдерінде ойналып келеді. Өңірде де бұл спорт түріне қызығушылық артып, жас спортшыларымыз биік нәтижелер көрсетуде. Ұлттық ойынымызды бірге дамыта берейік. 2020 жылы тьоғызқұмалақ адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Елімізде 200 мыңнан астам адам тоғызқұмалақты тұрақты тұрақты түрде ойнайды. Өңірде бұл спортты жанына серік еткен 3 мыңнан астам адам бар. Алдағы уақытта Орал қаласынан тоғызқұмалақ пен шахматқа арналған арнайы орталық салып береміз, – деді Нариман Төреғалиев.

Өңір басшысы ұлттық ойынның дамуына үлес қосып жүрген ардагерлерге де құрмет көрсетті. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ ардагері Айтбай Тастайбековке құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды. Ұлттық ойынның абыройын асқақтатқан салтанатты шарада Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменовтің құттықтауы көпшілік назарына ұсынылды.
Ал БҚО тоғызқұмалақ федерациясының президенті Мұхтар Манкеев спортшылар мен жанкүйерлерді мерекемен құттықтап, өңірде тоғызқұмалақты одан әрі дамытуға күш салынатынын жеткізді. Федерация басшысы ұлттық спортқа тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан өңір басшысына тоғызқұмалақ тақтасын тарту етті.
Жиын барысында әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар, ұлттық ойынның дамуына үлес қосып жүрген сала мамандары мен жаттықтырушылар және журналистер марапатталды.
Осылайша Жайық Арена төрінде ұлттық ойынның бүгінгі буыны мен кешегі көшін жалғаған аға ұрпақтың сабақтастығы айқын көрінді. Бірі – ел намысын халықаралық додаларда қорғап жүрген саңлақтар болса, енді бірі – сол биікті бағындыруға талпынып келе жатқан жас өрендер.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады. Бірнеше жас ерекшелігі бойынша өткен бәсекеде Орал қаласы мен аудан-ауылдардан келген жас тоғызқұмалақшылар тақта үстінде өз шеберліктерін сынға салды. Әр партияда есеп пен сабыр қатар сыналып, қарсыластың бір жүрісін алдын ала болжау, өз мүмкіндігін дәл бағалау маңызды болды.
Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

11 жасқа дейінгі ұлдар арасында Бөкей Орда ауданының өкілі Әділбек Әділхан чемпион атанды. Осы ауданнан келген Әлішер Амангельдиев екінші орынға ие болды. Жаңақала ауданының өкілі Рауан Ниетқали мен Бөкей Орда ауданының тағы бір тоғызқұмалақшысы Ильшат Ахметкереев үшінші орыннан көрінді.
11 жасқа дейінгі қыздар арасында Бөрлі ауданының өкілі Тоғжан Тағайбек үздік атанды. Екінші орынды Орал қаласының спортшысы Айназ Талғатова иеленді. Орал қаласы атынан қатысқан Айша Асланқызы мен Бәйтерек ауданының өкілі Зарина Мұғал үшінші орынға тұрақтады.
13 жасқа дейінгі ұлдар бәсекесінде Сырым ауданының өкілі Нұрәли Жолдыбай жеңімпаз атанды. Жаңақалалық Ақниет Жанболат күміс жүлдеге ие болса, Сырым ауданының спортшысы Әмірхан Біржан мен Бөрлі ауданының өкілі Арслан Талап қола жүлдені місе тұтты.
13 жасқа дейінгі қыздар арасында Орал қаласының өкілі Аружан Талгатова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бөкей Орда ауданының спортшысы Ақнұр Хайрат екінші орын алса, Орал қаласының өкілдері Нурсая Бекжан мен Аянат Айбар үшінші орыннан көрінді.
21 жасқа дейінгі ұлдар арасында Орал қаласының спортшысы Абдрахман Текебай чемпион атанды. Жаңақала ауданының өкілі Бейбарыс Жолдасқали күміс жүлдеге ие болды. Оралдық Серік Бекнұр мен Саутбек Сұлтан үшінші орынды бөлісті.
Ал 21 жасқа дейінгі қыздар арасында Орал қаласының өкілі Альбина Ешмұқан жеңімпаз атанды. Тағы бір оралдық Айжан Уалиханова екінші орынға жайғасса, бәйтеректік Назерке Мұғал мен Айым Қонасова қола жүлдені иеленді.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар қатарынан Бөрлі, Бөкей Орда, Жаңақала, Сырым, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласының өкілдері көрінді. Бұл – тоғызқұмалақтың облыс аумағында бір ғана орталыққа шоғырланбай, елді мекендерге дейін кеңінен қанат жайып келе жатқанының айғағы.

Бүгінде тоғызқұмалақ өңірде қарқынды дамып келеді. Орал қаласы мен облыстың барлық аудандарындағы спорт мектептерінде ұлттық зияткерлік ойынның бөлімдері жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында да тоғызқұмалақты насихаттауға басымдық беріліп отыр. Мыңдаған жасөспірім ұлттық ойынның қыр-сырын меңгеріп, жарыстарда тәжірибе жинауда.
Мұның өзі тоғызқұмалақтың спорттық нәтиже беретін бағыт қана емес, жас ұрпақтың ойлау қабілетін қалыптастыратын ұлттық мектеп екенін көрсетеді. Тақта басына отырған бала қарсыласының жүрісін ғана емес, өзінің келесі қадамын да ойлайды. Бір жүрістің салмағын таразылап, асықпай шешім қабылдауға үйренеді. Сабыр сақтап, есепке жүгінеді. Жеңіске жету үшін тек білім емес, төзім мен байып қажет екенін түсінеді.
Сондықтан тоғызқұмалақтың тәрбиелік мәні де терең. Ұлттық ойынның әрбір отауы мен әрбір құмалағында халқымыздың дүниетанымы, есепке жүйріктігі, байыппен ойлап, алысқа көз салатын зердесі жатқандай.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне орай ұйымдастырылған БҚО тоғызқұмалақ федерациясының кубогі де осыны айқын аңғартты. Жайық Арена төріне жиналған 160-тан астам спортшы ұлттық ойынның бүгінгі тынысын танытып қана қоймай, оның ертеңгі үмітін де көрсетті.
Бүгін тақта басында отырған бес жастағы бүлдіршін – ертең ел намысын қорғайтын спортшы. Бүгінгі жеңімпаз – ертең халықаралық додаларда Қазақстанның көк туын көкке көтеретін саңлақ болуы мүмкін. Ал олардың әрқайсысының алғашқы қадамы осындай жарыстардан басталады.
Ұлттық ойынның ұрпағымен бірге жасарып, заманмен бірге жаңғыруы – ең үлкен жетістік. Тоғызқұмалақтың тамыры тереңде. Оның болашағы да баянды.
Өйткені тоғызқұмалақ – тақтадағы тоғыз отаудың ойыны ғана емес. Ол – сабырға үйрететін, есепке жетелейтін, терең ойға тәрбиелейтін, ұлттың зердесін шыңдайтын рухани мектеп.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz