10.09.2026, 19:00
Оқылды: 7

Еліміздің сауда саласында екі мыңға жуық жұмыс орны ашылды

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы ішкі сауда субъектілерін қолдауға 10 млрд теңге қарастырылған.

InShot_20260910_183041592

Фото: saudagovkz

Бұл қаржы кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға бағытталып, бизнеске сауда нысандарын дамыту, қызметін кеңейту және айналым қаражатын толықтыру кезіндегі қаржылық жүктемені азайтуға жол ашады.

​Биыл жаңа жобаларға 6,4 млрд теңге қарастырылса, тағы 3 млрд теңге 2025 жылы мақұлданған жобалар бойынша міндеттемелерді орындауға жұмсалды.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 11,9 млрд теңге болатын 41 жоба мақұлданып, елдің 15 өңірін қамтыды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында – 3,1 млрд теңге, Қарағанды облысында – 2,3 млрд теңге, Абай және Алматы облыстарында 1 миллиард теңгеден асатын жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ қолдау Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Жетісу өңірлерін де қамтыды.

​Мақұлданған жобалардың 12-сі 5 млрд теңгеге инвестициялық мақсаттарға бағытталса, 29 жобаға айналым қаражатын толықтыру үшін 7 млрд теңге берілді. Бұл ретте өңірлердегі кәсіпорындар үшін кредиттердің ең жоғары сомасы облыс орталықтарында 3 млрд теңгені, ал шағын, моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде 1,5 млрд теңгені құрайды.

​Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге отандық өндірушілердің тауарларын сөрелерге шығару бойынша бірқатар міндеттеме жүктейді. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары бойынша отандық өнімнің үлесі кемінде 50%, ал азық-түлікке жатпайтындар бойынша кемінде 30% болуы тиіс. Сонымен қатар жаңа өндірушілердің өнімдерін орналастыру үшін кемінде үш ай мерзімге жеңілдікті шарттармен орын ұсыну және бір жыл ішінде жалдау ақысын көтермеу талап етіледі.

​Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл бағдарлама аясында 67,5 млрд теңгенің 458 жобасы субсидияланып, кәсіпорындардың жиынтық жылдық табысы 16,2%-ға арртты. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы «Заречный», «Заря», Түркістан облысындағы «Grand Park Zhetysai», Батыс Қазақстан облысындағы «Ашық жол», Ақтөбе облысындағы «Шығыс» пен «Дина Маркет», Қызылордадағы «Сыбаға», Қостанайдағы «Солнечный» және Жамбыл облысындағы «Садыхан» сияқты ірі сауда нарықтарын жаңғыртуға және айналым қаражатын толықтыруға қомақты қаржы бағытталды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале