10.09.2026, 21:00
Оқылды: 6

Жарсуатты түлеткен жаңашыл шаруашылық

Табиғаты тамылжып, айналасы жасыл желекке оранып жатқан Жарсуатқа жол түсті. Бұл ауылды бекерден-бекер «Жер жәннаты – Жарсуат» деп атамаса керек. Кең дала, саф ауа, егістік арасындағы тынымсыз тіршілік – ауылдың өзіне тән бір әдемі тынысы бар.

image-10-09-26-06-24-3_edit_199675413464922

Ауыл әкімі Бауыржан Қабдоллаұлы бастап барған «Жарсуат» ЖШС-ның жұмысы да сол табиғатпен үндесіп жатқандай. Аумағы ат шаптырым шаруашылықтың әр бұрышында қозғалыс. Бір жерде техника жүрсе, енді бір жерде егіс басының жұмысы қызу. Қойма, құс шаруашылығы, егістік – бәрі бір үлкен жүйенің бөлшегіндей. Осындай қызу тірліктің арасында шаруашылық басшысы Жоламан Қуанышбайұлымен тілдесудің сәті түсті. Ең қызығы, алдымыздан шыққан жігіттің жасы небәрі 25-те.

«Бір қазақтың жері ғой…»

Жоламан – Маңғыстау өңірінің тумасы. Батыстың бір қиырынан Жарсуатқа келіп, осындай ірі шаруашылықтың тізгінін ұстап отыр. Туған жер, өңір деген әңгіме қозғалғанда ол күлімсіреп:

 - Мен ана жақтың адамымын, мына жақтың адамымын деп бөлінбеймін. Бір қазақтың жері ғой. Еліміздің қай жерінде жұмыс істесең де, өз еркің. Тек көзін таба білу керек, – дейді.

Қарапайым айтылғанымен, осы бір сөздің астарында үлкен ұстаным жатыр.

Жердің де көзін табу керек. Еңбектің де көзін табу керек. Қазіргі заманның техникасын да меңгеру керек. «Жарсуат» шаруашылығының бүгінгі тынысы осы қағидаға құрылғандай әсер қалдырды.

Бала күнгі көк трактор мен бүгінгі «самолет»

Егіс алқаптарын аралап жүріп, Жоламанмен трактордың кабинасында да сұхбаттасудың сәті түсті. Тракторға мінгенде бала кезімдегі бір көрініс ойыма оралды. Қолы май-май болып, көк түтіннің арасынан тракторын оталдыра алмай әуреге түсетін көрші ағам есіме түсті.

Ал қазіргі трактор… Шынымен де, «самолет» десең болады. Ішіне жайғасып алып, пульт арқылы басқарасың. Алдыңдағы мультимедиалық экраннан жұмыстың барысын бақылап отырасың. Бір кездері бірнеше адамның күшімен атқарылатын жұмысты бүгінгі алып техника әлдеқайда жылдам әрі дәл орындайды.

Жоламан да техниканың тілін жақсы түсінеді.

- Бұрынғы бес трактордың жұмысын қазір осы CLAAS 4500 XERUON атқарады, – дейді ол.

Оның техникаға деген қызығушылығы шаруашылықпен ғана шектелмейді. Еуропаға, Германияға барып, ауыл шаруашылығы техникаларының көрмелері мен жәрмеңкелеріне қатысып, жаңа дүниелерді көзбен көріп, тәжірибе жинайды. Өйткені бүгінгі ауыл шаруашылығы – жай ғана жер жыртып, тұқым сеуіп, өнім күтетін шаруа емес. Бұл – технологияны білуді талап ететін үлкен өндіріс.

image-10-09-26-06-24-4

12 мың гектардың тынысы

«Жарсуат» ЖШС өз жұмысын 2021 жылы қолға алып, 2022 жылдан бастап суармалы жерді игеруге кіріскен. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі – шамамен 12 мың гектар. Оның ішінде жайылым, шабындық жерлер де бар.

Негізгі бағыт – егін шаруашылығы. Бүгінде егіс көлемі шамамен 2000 гектарға жеткен. Арпа, сафлор, күздік бидай, картоп секілді дақылдар өсіріледі. Алдағы уақытта егін түрін көбейту де жоспарда. Ақ жүгері, ноқат, арпаның жаңа екі түрінің тұқымдары әкелініп, келешекте өздерінің тұқымдық қорын қалыптастыру көзделіп отыр.

- Қарамағымызға берілген жердің бәрін пайдаланғымыз келеді. Егін шаруашылығын әлі де үлкейтеміз. Болашақта өзімізге қажет өнімді өзіміз өндіретін жүйеге көшкіміз келеді, – дейді жас басшы.

«Жарсуат» картобы брендке айнала ма?

Шаруашылықтағы ең үлкен бағыттың бірі – картоп өсіру. Алғашқы жылы 64 гектарға арналған жаңбырлатып суару қондырғысы әкелінген. Қазір картоп алқабы 400 гектарға дейін жеткен. «Гала», «Королева Анна» секілді сұрыптар егіледі. Кейбірі кеш пісіп, ұзақ сақтауға қолайлы болса, ерте пісетін сұрыптар да бар. Тұқым Ресейдің Самара өңірінен, Беларусьтен жеткізіледі. Тыңайтқыштар отандық өндірушілерден алынады. Мұнда мемлекет тарапынан берілетін субсидияның да көмегі бар.

- Тұқымға, тыңайтқышқа қарай бір маусымда 20 тоннаға дейін алып жүрміз. Бір түптен екіден бес келіге дейін картоп алуға болады. Еуропа елдерінде гектарынан 70-80 тоннаға дейін өнім алып жатыр. Біз де сол межеге жетуді мақсат етіп отырмыз, – дейді Жоламан.

Картопты өсіру бір бөлек, оны сақтау – тағы бір үлкен мәселе. Шаруашылықта бұл жағы да ойластырылған. Өткен жылы немістің «Gogol» компаниясының сақтау технологиясына негізделген жабдықтар орнатылып, биыл қойма сыйымдылығы 1500 тоннаға дейін ұлғайтылған. Ал қазір әрқайсысы 4 мың тоннадан болатын тағы екі қойма салынып жатыр. Қоймада заманауи салқындату, ауа алмастыру жүйелерінің барлығы қарастырылған. Демек, алдағы уақытта «Жарсуат» шаруашылығы 8000 тоннаға дейін картоп сақтай алады.

- «Жарсуаттың картобын» бренд деуге болады. (күлді) Аудан, басқа облыс көлемінде сұраныс бар. Науқан кезінде ауылдардан адамдар келіп, осы жерден қаптап алып кетеді. Көршілес облыстарға, оңтүстік өңірлерге де кетіп жатыр. Бірақ біздің негізгі бағытымыз – сату емес, өсіру. Жақсы өнім алу, өндірісті дамыту, – дейді шаруашылық басшысы.

Жаңбырлатып суару – далаға жаңа тыныс

Жарсуаттағы шаруашылықтың болашағы суармалы егіншілікпен де тікелей байланысты. Мұнда 1000 гектарға жуық суармалы жер бар. Қазір Түркия мен Қытайдан жаңа қондырғылар әкелініп, жаңбырлатып суару әдісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жоламанның айтуынша, егін көлемін ұлғайтып қана қоймай, оның түрін де көбейту керек. Арпа, тары, бидай сияқты дәнді дақылдармен қатар мақсары, күнбағыс, бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіру бағыты да қарастырылған.

- Жерге су жеткізілсе, мүмкіндік те көбейеді. Ал мүмкіндік бар жерде еңбекке жол ашылады, - дейді жас шаруа.

Жарсуаттың тіршілігі тек егістікпен шектелмейді. Бұл шаруашылық құс шаруашылығын да қатар дамытып келеді. Мал бордақылау бағыты тағы бар. Ал құс шаруашылығында Батыс өңіріндегі ірі инкубаторлардың бірі жұмыс істеп тұр. Бір мезгілде 73 мың жұмыртқа салуға мүмкіндік беретін инкубатор орнатылған. Мұнда тауық, қаз секілді үй құстарының балапандары шығарылады.

- Біздің мақсатымыз – ет немесе жұмыртқа өндіру емес. Негізгі бағытымыз – балапан шығарып, халыққа ұсыну. Қазір үй құстарының балапандарына сұраныс бар. Көп жағдайда олар Ресейден, шетелден келеді. Неге өзіміз өндірмеске деген ой болды, – дейді Жоламан.

Қазір жылына 2-3 мың балапанды сатылымға шығарады. Алдағы уақытта аналық құстардың санын көбейтіп, өздерінің жұмыртқасынан балапан алып, халыққа тұрақты түрде ұсыну жоспарланған. Қазір шаруашылықта аналық құстар саны аз болғанымен, бұл бағыттың келешегі үлкен.

Әңгіме барысында сүт өндірісіне қатысты жобалар да қарастырылып жатырғандығы айтылып қалды. Ол шаруа да бір ізге салынған соң, көпшілікпен бөліспек.

Бір шаруашылық – бірнеше бағыт. Жоламанның жоспары мұнымен де бітпейді.

Қазір шаруашылықта астықты өлшейтін таразы, бидайды тазалап, өңдейтін құрылғылар орнатылып жатыр. Оған жапсарлас құрама жем дайындайтын цех салынбақ. Қажетті жабдықтар келіп, мамандар да арнайы шақырылған. Жоспар бойынша нысан келесі жылдың маусым айында пайдалануға беріледі.

Мұның бәрі бір қарағанда үлкен өндірістің бөлшектері секілді көрінеді. Бірақ түптеп келгенде барлығы бір мақсатқа келіп тіреледі: жерден алынған өнімді ысырап етпей, толық пайдалану.

Егін – малға жем. Мал – болашақтағы бордақылау бағытына негіз. Құс – халыққа балапан.

Ал картоп өз қоймасында сақталып, керек уақытта нарыққа шығады. Бұл – бір-бірімен байланысқан тұтас жүйе.

image-10-09-26-06-24-2

«Еңбек етсең, бәрі болады»

Жоламаннан ауыл шаруашылығына келген жас жігіт ретінде өз қатарластарына айтар сөзі қандай екенін сұрадық. Ол көп ойланған жоқ.

- Еңбек етсең, бәрі болады екен. Еңбексіз оңайлықпен ештеңе болмайды. Ебін табу керек. Жалқауланбау керек. Қазір мемлекет тарапынан грант та, субсидия да, түрлі көмек те бар. «Ал да жаса» деп мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан өзім сияқты жастарға ауыл шаруашылығын дамытуға қорықпай кірісуге болады деп айтар едім, – дейді ол.

Өзі де небәрі 25 жаста. Жастығына қарамастан, үлкен шаруашылықтың жауапкершілігін арқалап отыр. Жаңаны үйренуге, шетелдік тәжірибені көруге, техниканы жаңартуға ұмтылады.

- Жақсы өнім алу үшін заманауи техникаға көшу керек. Егінді егетін, жинайтын, баптайтын, сақтайтын құрылғылардың бәрі заманауи болғаны дұрыс. Техниканы жаңартпай, жаңаға көшпей, жақсы нәтиже күту қиын, – дейді Жоламан.

Ауылға пайдасы тимеген еңбек – толық еңбек емес. Шаруашылықтың тағы бір назар аударар тұсы – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы. Қазір тұрақты жұмыс істейтін 15 адам бар. Науқан кезінде маусымдық жұмысшылар да тартылады. Жоламан кәсіби мамандардың болғанын қалайды. Бірақ жастарды да үйретуге ниетті. Өйткені ауыл шаруашылығының болашағы жастардың қолында.

Қазір «Жарсуат» шаруашылығында картоп науқанына дайындық қызу. Жоламанның айтуынша, 15-20 қыркүйек шамасында картоп жинау басталады. Демек, көп ұзамай Жарсуат даласында тағы бір үлкен еңбек науқаны басталады

Тағы бір айта кететіні, шаруашылық әлеуметтік бағытты да назардан тыс қалдырмайды. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, Наурыз мерекесінде аудан халқына тегін палау тарату секілді қайырымдылық шараларына да атсалысып келеді. Бұл да еңбектің бір қыры. Жерден өнім алу ғана емес, сол жердің адамымен бірге болу.

Жарсуаттағы бір күн

Жарсуаттағы бір күн маған ауылдың бала күнгі иісін қайта сездіргендей болды. Егіс арасындағы саф ауа, жайқалған бақша өнімдері. Алыстан естілген техниканың үні. Қоймадағы қызу тіршілік. Ал алып трактордың кабинасында отырып, терезеден далаға қараған сәтте балалық шақтағы қарапайым көк трактор мен бүгінгі заманауи техниканың айырмашылығы ойға оралды. Заман өзгерген. Техника өзгерген. Ауыл шаруашылығы да өзгерген. Бірақ бір нәрсе өзгермепті. Ол – еңбек. Жоламанның жоғарыда айтқан «көзін табу керек» деген сөзі де осы жерде мағынасын тереңірек сездіргендей. Жердің көзін тапсаң, өнім бар. Еңбектің көзін тапсаң, береке бар. Ал мүмкіндіктің көзін тапсаң, ауылда да үлкен іс бастауға болады.

Сәнім Меңдібай, 

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале