Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында Энергетика министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және YPP Corporation арасында Шығыс Қазақстан облысында «Жасыл энергетикалық кешен» жобасы шеңберінде Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат сутегі энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде талдамалық және зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тәжірибе және сараптамалық білім алмасуға, сондай-ақ өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын бірлесіп пысықтауға бағытталған.
Меморандумда көзделген ынтымақтастық бағыттарының бірі аясында жалпы қуаты шамамен 1 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері объектілерін қамтитын энергетикалық кешенді іске асыру мәселесі пысықталуда. Оның шеңберінде жылына 55 мың тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 310 мың тоннаға дейін «жасыл» аммиак өндіру көзделеді. Жобаны іске асырудың орындылығы айқындалған жағдайда, оның алдын ала құны шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрайды.
Құжатқа қол қою тараптардың жаңартылатын және сутегі энергетикасы саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығын одан әрі жалғастыруға және осы бағыттағы перспективалы жобалар мен бастамаларды бірлесіп пысықтау үшін жағдай жасауға ниетті екенін көрсетеді.
«Жасыл» сутегі металлургияда, химия өнеркәсібінде, энергетикада және көлікте төмен көміртекті отын және шикізат ретінде пайдаланылады. «Жасыл» аммиак негізінен тыңайтқыштар өндіруде, химия өнеркәсібінде қолданылады, сондай-ақ халықаралық жеткізілімдер үшін төмен көміртекті энергия тасымалдаушы ретінде қарастырылады.