18.09.2026, 17:15
Оқылды: 11

Ақ Жайық өңірі Азия ойындарынан не күтеді?

Биыл жазғы Азия ойындары 32 жылдан кейін  Жапонияға  қайта оралды.  Сары құрлықтың үздік спортшылары бас қосатын дүбірлі дода 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Азияның 45 елінен келетін  атлеттер 43 спорт түрінен медальдар жиынтығын сарапқа салады. Ресми ұйымдастырушылардың мәліметінше,  ойындарға  15 мыңға дейін спортшы мен команда өкілі қатысуы мүмкін. 

01111111111

Бұл – Азия спортының ауқымы мен бәсекелестік деңгейін тағы бір мәрте көрсететін ірі дода. Мұнда Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлерімен қатар, құрлықтың дәстүрлі спорт мәдениетін айшықтайтын бағыттар бар. Ал Қазақстан құрамасы 35 спорт түрінен сынға түседі. Алдын ала тізім бойынша құрама 571 спортшыны жасақтап отыр. Бұл – Ханчжоудағы Азия ойындарына қатысқан 523 спортшыдан көп көрсеткіш. Қазақстан тарапы биыл 99 медаль жеңіп алуды мақсат еткен.  Осы үлкен құраманың ішінде  Батыс Қазақстан облысының он спортшысы бар. Олардың арасында Азия ойындарына бұрын барған саңлақтар да, құрлықтың басты додасына алғаш рет аттанғалы отырған жас спортшылар да кездеседі.

аз

Азия  асуы

Облыс спортшылары үшін Азия ойындары таңсық дода емес. 2018 жылы Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарында өңір спортшылары Қазақ-стан қоржынына екі алтын жүлде салды. Оның бірін ескекші Алексей Дергунов иеленсе, екіншісін су добынан Қазақстан құрамасының қақпашысы Павел Липилин жеңіп алды. Бұл – облыс спортының Азия құрлығындағы бәсекеге қабілеттілігін көрсеткен маңызды  нәтиже.

Ал 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан атынан өңірдің сегіз спортшысы өнер көрсетті. Әлихан Мұстафин мен Алина Ілиясова (қазір Тимралиева) садақ атудан, Виктория Шаймарданова көгалдағы хоккейден, Данил Андросов ашық суда жүзуден, Мария Бровкова мен Андрей Ергучев ескек есуден, Георгий Шейко жеңіл атлетикадан, Данил Артюх су добынан Қазақстан намысын қорғады. Сол жарыста Мария Бровкова екі жүлде иеленді. Ол екілік каноэде 500 метрлік жарыста күміс, 200 метрлік жекелей сында қола медаль жеңіп алды. Су добынан Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Данил Артюх те қола жүлдегер атанды. Демек, Ханчжоуда Батыс Қазақстаннан барған сегіз спортшының екеуі жүлдеге ілікті. Енді Нагояда бұл көрсеткішті жақсартуға мүмкіндік бар. Себебі биылғы он спортшының арасында бұрын Азия ойындарында жүлде алған атлеттер де, өз саласында құрлық шемпионы атанып үлгерген спортшылар да бар.

Георгий Шейко

Жапония оған жат емес

Өңір жеңіл атлеті Георгий Шейко үшін Жапония бөтен мекен емес. Керісінше, спорт жолындағы маңызды нәтижелерінің бірі дәл осы елде тіркелген. Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Георгий Шейко Нагояда 20 шақырымдық спорттық жүрісте сынға түседі. 2025 жылы Жапонияның Номи қаласында өткен Азия шемпионатында Шейко
осы қашықтықта күміс медаль иеленді. Ол жарысты 1 сағат 23 минут 07 секунд нәтижемен аяқтап, Азия біріншілігінің екінші сатысына көтерілді. Бұл нәтижені World Athletics-те тіркеген. Шейконың тағы бір ерекшелігі – үлкен жарыстардағы тәжірибесі. Ол Олимпиада ойындарына бірнеше рет қатысып, халықаралық додалардың талайында Қазақстан намысын қорғады. 2025 жылғы Азия шемпионатындағы күміс медаль спортшының қазіргі деңгейін аңғартты. Алайда Нагоядағы бәсеке мүлде бөлек. Мұнда Жапония, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея секілді спорттық жүріс дәстүрі қалыптасқан елдердің мықтылары келеді. Сондықтан Шейко үшін басты міндет – тәжірибесін дұрыс пайдаланып, жарыстың соңына дейін жоғары қарқынды сақтап қалу. Ал медаль үшін күресуге оның тәжірибесі де, көрсеткіші де мүмкіндік  береді.

 Ирина Бакалдина

Сынақтан кейінгі сынақ

Ирина Бакалдина үшін 2026 жыл есте қаларлық маусым болғалы тұр. Ол әйелдер арасындағы семсерлесудің шпага сайысында Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Биыл Үндістанның Дели қаласында өткен Азия шемпионатында алтын медаль жеңіп алып, ел семсерлесу тарихындағы айтулы нәтижеге қол жеткізді. Бакалдинаның Азия біріншілігіндегі жеке жеңісі оның құрлықтағы үздіктер қатарына енгенін көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан әйелдер құрамасының командалық есепте 13 жылдан кейін қола жүлдеге қол жеткізуіне үлес қосты. Семсерлесу – бір сәттік шешім, жылдамдық пен тактикалық ойлауды қатар талап ететін спорт. Сондықтан Азия ойындарында әлемдік рейтинг пен бұрынғы атақтан гөрі сол күнгі дайындық пен психологиялық тұрақтылық маңызды. Биылғы Азия шемпионатындағы алтын медалі оның жеңіске деген жігерін еселейтіні  анық.

Зейнеп Баянова

Бозкілемдегі белдесу

Батыс Қазақстанның әйелдер күресінің өкілі Зейнеп Баянова 50 келіге дейінгі салмақта белдеседі. Ақжайық ауданының тумасы үшін бұл – халықаралық аренадағы маңызды сынақтардың бірі. Ол 2025 жылғы Азия шемпионатының қола жүлдегері атанып, құрлықтағы мықты палуандардың қатарында екенін көрсетті. Сонымен қатар Тиранада өткен халықаралық рейтингтік турнирде жеңімпаз атанып, Ислам ойындарында жүлдеге іліккен. 50 келі салмақ дәрежесінде бәсеке өте жоғары. Мұнда әр белдесудің тағдыры әп-сәтте шешілуі мүмкін. Сондықтан Зейнеп үшін физикалық дайындықпен бірге тактикалық тәртіп пен алғашқы белдесулерден кейін күшті дұрыс бөлу шешуші мәнге ие. Қазақстан әйелдер күресінде соңғы жылдары халықаралық аренада өз салмағын арттырып келеді. Баянова үшін Нагоя өзінің әлеуеті жоғары екенін дәлелдеуге мүмкіндік  береді.

 Мария Бровкова

Ақ Жайықтың басты үміткері

Батыс Қазақстанның Азия ойындарындағы басты үміткерінің бірі – Мария Бровкова. Каноэде ескек
есетін спортшы Ханчжоудағы Азия ойындарында-ақ өзінің мүмкінді-гін көрсетті. Ол 500 метрлік Каноэ-2 сайысында күміс, 200 метрлік жекелей сында қола медаль жеңіп алды. Яғни Мария – Азия ойындарының жүлдесін алып көрген спортшы. Оның халықаралық тәжірибесі мұнымен шектел-
мейді. Бровкова 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысты. 2026 жылғы әлем шемпионатында каноэде 500 метр қашықтықта бесінші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіштер Марияны жай ғана қатысушы емес, медаль үшін күресетін спортшылар қатарына қосады. Каноэде ескек есуде медальды секундтар, кейде секундтың жүзден бір бөлігі шешеді. Сондықтан Олимпиада, Азия ойындары, әлем шемпионаты секілді ірі додаларда тәжірибе жинақтаған спортшының артықшылығы бар. Ханчжоуда екі жүлде алған Мария Бровкова үшін Нагоя сол нәтижені қайталап қана қоймай, оны жақсартуға болатын  мүмкіндік.

Жоламан Биғабыл 

Шемпион  жолы

Каратэден WKF бағыты бойынша 55 келіге дейінгі кумитеден сынға түсетін Жоламан Биғабылдың Нагояға барар алдындағы ең мықты аргументі – құрлық шемпионатының алтыны. 2026 жылы Индонезияның Бали аралында өткен ересектер арасындағы Азия біріншілігінде Жоламан Биғабыл өз салмағында жеңіске жетті. Бұл – оның алғашқы ірі нәтижесі емес. Жоламан – Азия шемпионатының екі дүркін жеңімпазы. 2025 жылы Тбилисиде өткен Karate1 Series A халықаралық турнирінің күміс жүлдегері, Азия шемпионатының қола жүлдегері атанды. Каратэде салмақ дәрежесі жеңіл болған сайын жекпе-жектің жылдамдығы арта түседі. 55 келіде бір ғана ұтымды қарсы шабуыл, бір ғана дәл соққы жекпе-жектің тағдырын өзгерте алады. Биғабылдың артықшылығы – ол Нагояға жай үміткер ретінде емес, қазіргі Азия шемпионы ретінде келеді. Сондықтан бұл спортшыдан нәтиже  күтуге  толық  негіз  бар.

Өтепберген Әлиев

Жеңіл салмақтағы ауыр міндет

Батысқазақстандық ауыр атлет Өтепберген Әлиев ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Қазақ-стан намысын қорғайды. Қазақ-стан құрамасының Азия ойындарына арналған алдын ала тізімінде Әлиев ерлер арасындағы ауыр атлетика өкілдерінің қатарында. Оның халықаралық тәжірибесінде Ислам ойындарының жүлдесі бар. Ауыр атлетика – нәтиже таразыда ғана өлшенетін спорт емес. Мұнда спортшының әр жаттығуы, жарыс кезіндегі тактикасы, кір тасын көтеруді дұрыс жоспарлауы маңызды. Азия құрлығында ауыр атлетиканың деңгейі өте жоғары. Қытай, Солтүстік Корея, Индонезия, Тайланд және басқа да елдердің атлеттері бұл спорт түрінен  мықты. Сондықтан Өтепберген үшін Нагоядағы басты міндет – жеке нәтижесін барынша жақсартып, Қазақстан құрамасына мүмкіндігінше жоғары ұпай  сыйлау.

Наргиза Рахметуллаева

Бадминтонда бабы келіссе...

Батыс Қазақстанның бадминтонындағы өкілі Наргиза Рахметуллаева да Азия ойындарының жолдамасына ие болды. Бұл спорт түрінің ерекшелігі – Қазақстан үшін медальға таласатын бәсекелестік өте жоғары. Өйткені Азия құрлығында бадминтон – дәстүрге айналған ойын. Қытай, Жапония, Индонезия, Оңтүстік Корея, Үндістан секілді елдер әлемдік деңгейдегі мектеп қалыптастырған. Сондықтан Наргиза үшін Азия ойындарының өзі – үлкен тәжірибе алаңы.

Ол Қазақстан шемпионаттарында жүлдеге ие болып, әйелдер арасындағы жұптық және аралас жұптық сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. 2025 жылы Iran International Future Series халықаралық турнирінде Дмитрий Панаринмен аралас жұптық сында алтын медаль жеңіп алды. Бұл  нәтиже  нәтижеге жетелесе  екен.

Нина Старова

Мерген мүлт кетпеуі тиіс

Мерген Нина Старова Жапонияда ел намысын нысана көздеуде қорғайды. Жас спортшы тапаншамен оқ атудан Қазақстан шемпионатында жеңімпаз атанып, ел кубогында жүлдеге ие болған. 2026 жылғы Азия шемпионатында 25 метрден тапаншамен нысана көздеуден командалық сайыста Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті. Оқ ату спортының сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішкі бәсекесі өте жоғары. Мұнда спортшының қолының тұрақтылығы ғана емес, тыныс алуы, психологиялық дайындығы, жарыс кезіндегі қысымға төтеп беруі шешуші рөл атқарады. Азия ойында-
ры – Старова үшін осындай үлкен бәсекеде өзін көрсетуге мүмкіндік.

Виктория  Шаймарданова

Тәжірибелі тарлан

Облыс спортшыларының ішінде Азия ойындарының атмосферасын жақсы білетін бір адам болса, ол – Виктория Шаймарданова. Көгалдағы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі ретінде ол халықаралық аренада жиырма жылдан астам уақыт өнер көрсетіп келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған Шаймарданова үшін Нагоядағы Азия ойындары кезекті ірі жарыс болғанымен, Қазақстан құрамасы үшін оның тәжірибесі өте маңызды. Көгалдағы хоккей командалық спорт болғандықтан, мұнда бір ойыншының жеке шеберлігімен қатар команданың тактикалық дайындығы, ойын тәртібі және турнир бойындағы тұрақтылығы шешуші мәнге ие. Викторияның артықшылығы – халықаралық додалардағы мол тәжірибесі. Жас спортшылар үшін осындай тәжірибелі ойыншының командада болуының өзі – үлкен мектеп.

Мансұр Сейілханов  

Үшке үштегі жас серпін

Жас спортшылар арасынан Азия ойындарына жолдама алған Мансұр Сейілханов 3×3 баскетболдан Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетеді. Орал қаласының тумасы – BQO-ARLANS командасының ойыншысы, спорт шеберлігіне кандидат. Мансұрдың халықаралық тәжірибесінде 2023 жылы Бішкекте өткен Орталық Азия баскетбол қауымдастығының шемпионатындағы жеңісі бар. Сонымен қатар Қытайда өткен 3×3 Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы сапында ойнады. 3×3 баскетбол – классикалық баскетболдан бөлек талап қоятын жылдам спорт. Ойын алаңы шағын болғандықтан, шешім қабылдауға уақыт аз. Әр шабуылдың, әр доптың, әр қорғаныстағы қимылдың маңызы жоғары. Мансұр үшін Нагоя – мансабындағы үлкен сынақ. Жас ойыншының Азия ойындарындағы басты міндеті – ұлттық құраманың тактикалық жүйесіне бейімделіп, жоғары деңгейдегі қарсыластарға қарсы өз мүмкіндігін көрсету.

 Ақ Жайықтың жаңа межесі

Азия ойындарына аттанатын он спортшының құрамына қарасақ, өңір спортының бір ғана бағытпен шектелмейтінін көреміз.

Жеңіл атлетикада – Георгий Шейко.

Семсерлесуде – Ирина Бакалдина.

Әйелдер күресінде – Зейнеп Баянова.

Каноэде ескек есуден – Мария Бровкова.

Каратэден – Жоламан Биғабыл.

Ауыр атлетикада – Өтепберген Әлиев.

Бадминтонда – Наргиза Рахметуллаева.

Нысана көздеуде – Нина Старова.

Көгалдағы хоккейде – Виктория Шаймарданова.

3×3 баскетболда – Мансұр Сейілханов.

Бұл тізімнің өзі өңір спортының қаншалықты кең тынысты екенін көрсетеді. Олардың арасында Азия шемпиондары бар. Құрлық ойындарының жүлдегерлері бар. Олимпиадаға қатысқан тәжірибелі спортшылар бар. Жас спортшылар бар. Сондықтан Нагоядағы он спортшының нәтижесін бір өлшеммен бағалау дұрыс емес.

Батыс Қазақстан спортшыларының соңғы екі Азия ойындарындағы тарихына көз жүгіртсек, өңірде медаль алудың өзіндік дәстүрі қалыптасқанын көруге болады. 2018 жылы – екі алтын. 2023 жылы – бір күміс және екі қола. Енді Нагояға он спортшы барады. Сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да құрамның мүмкіндігі жоғары. Демек, Батыс Қазақстан үшін Нагоядағы басты мәселе – жүлде саны ғана емес, осы спортшылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеу. Ал Азия ойындарының ерекшелігі де осында. Бұл – жай ғана кезекті жарыс емес. Олимпиада мен әлем шемпионаттарының арасындағы ең ірі құрлықтық дода. Мұнда Азияның спорттық алпауыттары түгел дерлік бас қосады. Сондықтан Нагояда жеңіп алған әр медальдың салмағы бөлек.

Түгелбай Бисен,

  «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале