Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес аудандық мәдениет үйінде өтті.

Жиында облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен алдағы кезеңге қойылған міндеттер туралы баяндады.

Кездесу барысында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар жөнінде ақпарат берді.

Жиын кезінде аудан тұрғындары жол сапасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым және басқа да өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Облыс әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің әрқайсысы назарға алынатынын айтып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Жұмыс сапары аясында Нариман Төреғалиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Тұрғындар тұрғын үй, жер қатынастары, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және басқа да мәселелер бойынша өтініштерін білдірді.

Жеке қабылдау барысында әрбір мәселе бойынша заң аясында түсініктемелер беріліп, оларды шешу бағытында тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Халықпен ашық пікір алмасу және азаматтарды жеке қабылдау – тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тікелей тыңдап, елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешудің нақты жолдарын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы