19.09.2026, 17:45
Оқылды: 67

«Дала дәмі» жәрмеңкесі жаңаша сипатта өтеді

Оралдағы М. Ықсанов көшесінде «Дала дәмі» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

IMG_20260919_174722

Жетпістен астам ауыл шаруашылығы құрылымы 250 тоннадай көкөніс пен бау-бақша өнімдерін ұсынды.

Таңғы сағат тоғызда-ақ саудасы қызған жәрмеңкеде әсіресе май-қаймақ, болгар бұрышы мен қызанаққа сұраныс көптеу көрінді. Ал жұмыртқаның алдында ұзын-сонар кезек қалыптасты.

IMG_20260919_174825

Халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтуды көздеген жәрмеңкенің барысын облыс әкімі Нариман Төреғалиев көріп, тауар өндірушілермен тілдесті.

IMG_20260919_174842

– «Дала дәмі» жәрмеңкесі жаңа сипатта өтуде. Жергілікті 70-тен астам тауар өндіруші қатысып, 250 тоннадан астам өнімді саттыққа шығарды. Мұндағы өнімдердің бағасы арнайы тақтада көрсетілген бағадан аспайды. Ауа райы салқындаған соң осы жерде балық пен ет өнімдері шығарылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жәрмеңкелердегі сауда орындары тегін беріледі, – деді қала әкімі Мұрат Байменов.

Жәрмеңке сенбіде М. Ықсанов көшесінде өтсе, жексенбіде Зашаған кентінде «Жәңгір хан» сауда үйінің алдында ұйымдастырылады.

Батыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Киматованың айтуынша, «Дала дәмі» жәрмеңкесі жыл соңына дейін жалғасады.

IMG_20260919_174908

«Бұл жәрмеңкенің негізгі шарты – тауар өндірушілер өнімдерін нарықтан 10-15% арзанға сатуы тиіс. Сондай-ақ сатушы баға белгілерін тауардың қасына анық көрінетіндей етіп жазып қоюы керек. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері осы талаптың орындалуын қадағалайды. Бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік пен айыппұл қарастырылған», – деді Эльмира Нұрқызы.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың айтуынша, «Дала дәмі» фермерлерге өнімін тұтынушыға делдалсыз ұсынуға, ал тұрғындарға маусымдық тауарларды қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері өңірде 399 жәрмеңке өткен. Жоспар бойынша 600-ге жуығы өткізілмек.

IMG_20260919_174745

Айта кету керек, «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен барлық өңірде өтеді. Жәрмеңкелер әр демалыс сайын ұйымдастырылып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің тауарларын тұтынушыларға тікелей ұсынатын бірыңғай заманауи форматқа айналады. Сауда сөрелері бірыңғай үлгіде жабдықталады. Аутокөліктерден, жүк көліктері мен тіркемелерден сауда жасауға жол берілмейді.

Ясипа Рабаева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале