Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ақсай қаласында Бөрлі ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанда Қарашығанақ кен орнын одан әрі игеру мәселесіне ерекше тоқталғанын айтты. Президентке кен орнында құны 1,7 трлн теңге болатын, жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысының басталатыны баяндалды. Бұл – Қарашығанақтың өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына жаңа серпін беретін маңызды жоба.

Аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов ауданның даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Оның айтуынша, кейінгі 4 жылда аудан экономикасына 1 трлн 208,2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Оның 1 трлн 136,6 млрд теңгесі – жеке инвестиция.

2024-2026 жылдары ауданда 1608 орындық төрт мектеп, жеті медициналық нысан салынды. Ақсайдағы ауруханаға қосымша үш корпус салынып жатыр. Нысан Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандарына қызмет көрсететін ауданаралық аурухана болады.

2023-2026 жылдары 82,3 млрд теңгеге 294,9 шақырым жол жөнделіп, жаңғыртылды. Облыс әкімі Ақсай мен Оралды жалғайтын жол құрылысының аяқталуға жақын екенін айтып, 15 қазанда жол толық ашылатынын сүйіншіледі.

Инфрақұрылымды дамытуға 10,9 млрд теңгеге 88 жоба жүзеге асырылды. Аудан халқы ауыз сумен 100 пайыз, табиғи газбен 99,8 пайыз қамтылды. 547 отбасы баспаналы болды.

Аймақ басшысы Ақсай қаласының тазалығы мен абаттандырылуына оң бағасын беріп, бұл бағыттағы жұмысты өзге аудандарға үлгі етті.


Кездесуде тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, медицина мамандарын даярлау және біліктілігін арттыру, медиацияны дамыту, салықтық жеңілдіктер қарастыру мәселелерін көтерді. Облыс әкімі сауалдарға жауап қатып, тиісті тапсырмалар берді.
