1 қазан – Халықаралық қарттар күні
Уақыттың желдей есіп өтері, заманның мың құбыла өзгерері даусыз аксиома. Бір буынның орнына екінші буын келеді. Бірақ адамдықтың асыл қасиеттері үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке адалдық, елге қызмет ету сияқты құндылықтар ешқашан ескірмеуі қажет. Бүгінгі ұрпақ аға буыннан тек өткен тарихты ғана емес, өмір сүрудің өнегесінен еңбек етудің қадірін, елге қызмет етудің қасиетін үйренеді. Осы тұрғыдан келгенде, қарияның әрбір сөзі – сан ғасырлар сүзгісінен өткен тәжірибе. Абзал ардақты ардагеріміздің әрбір ісі – маңдай термен жазылған тарих. Ал сол тарихты құрметтеп, өнегені жалғастыру – кейінгі буынның азаматтық парызы. Халқымызда «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демей ме. Қазақ халқының таным-түсінігінде қарияның орны қашанда төрде болған. Ақсақалдың алдын кесіп өтпей, сөзін бөлмей, батасын алып, ақылын тыңдау – атадан балаға жалғасқан тағылымды дәстүр. Өйткені халқымыз үшін ақсақал - жасы үлкен адам ғана емес, өмірден көргені мол, сөзіне ел тоқтаған, кейінгіге жол көрсетер парасат иесі.

«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген бірауыз сөздің өзінде халқымыздың тұтас тәрбиелік философиясы аңғарылады. Үлкенді сыйлау – адамның мәдениеті мен көргенділігінің белгісі болса, қарияны қадірлеу – елдің өз тарихын, өз тамырын құрметтеуі. Халық даналығында «Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі» деген тәмсіл бары да рас. Бұл – өмірдің талай белесін өткерген аға буынның тәжірибесіне берілген баға. Бүгін төрімізде отырған әрбір ақсақалдың артында тұтас бір дәуірдің тарихы барын білгенге не жетсін. Олардың балалық шағы, жастық кезеңі, еңбек жолы, елмен бірге көрген қиындықтары мен қуаныштары халқымыздың өткенімен сабақтаса өріледі.
Қария – елдің рухани қазынасы. Ақсақалдың қадірі оның жасымен ғана өлшенбейді, оның қадірі елге сіңірген еңбегінде, кейінгіге қалдырған өнегесінде, адамдық болмысында. Қазақ ауылында бұрын үлкеннің бірауыз сөзіне тоқтау қалыптасқан. Ағайын арасындағы дау да, ел ішіндегі мәселе де ақсақалдың байыпты сөзімен шешілген. Өйткені ақсақалдың сөзі – ашуға емес, ақылға, дауға емес, татулыққа бастайтын сөз. «Ақылды қария – ағып жатқан дария» деген халық сөзі осындайда айтылса керек-ті. Қарияның әрбір естелігі – тұнған тарих. Әрбір әңгімесі – тәрбие. Әрбір ақылы – кейінгіге бағыт. Бүгінгі ұрпаққа заманауи білім мен жаңа технология қаншалықты қажет болса, ұлттық тәрбие мен өмірлік тәжірибе де соншалықты керек. Анығы, білім адамның кәсіби қабілетін қалыптастырса, өнеге оның адамдық болмысын сомдайды. Демек, аға буынның өмір жолын жас ұрпаққа таныстыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен рухани мәдениетінде үлкенге құрмет көрсету, ақсақалды сыйлау, ардагерді ардақтау – ұлт болмысының ажырамас бөлігі. Қазақы ұғымда «ақсақал» деген сөз-дің салмағы ерекше. Ақсақал – елдің өткенін білетін, бүгінін бағамдайтын, ертеңіне алаңдайтын тұлға. Ол отбасының ғана емес, ағайынның, ауылдың, елдің бірлігіне ұйытқы болатын рухани бағдаршам. Сол себептен де халқымыз қашанда «Ақсақал айтты», «Ақсақал батасын берді», «Ақсақалдың төрелігі» деген сөздерге ерекше мән берген.
Ақсақал – отбасының ғана емес, елдің тәрбиешісі. Қазақ қоғамында қарияның тәрбиелік орны ерекше болған. Бұрынғы ауылдағы кез келген үлкен мәселе ақсақалдар алқасында талқыланып, ел ағаларының байыпты сөзіне тоқтаған. Бұл халқымыздың дау-дамайды ақылмен шешуге, ел бірлігін сақтауға ұмтылғанын көрсетеді. Ақсақалдың бірауыз сөзі кейде ұзақ насихаттан да әсерлі. Себебі оның сөзінің артында өмір тәжірибесі, көргені мен көңілге түйгені тұрады. Бүгінгі таңда да бұл дәстүрдің маңызы жойылған жоқ. Керісінше, қоғам өзгерген сайын жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани тұлғаларға деген қажеттілік арта түсуде.
Ардагер – ерен еңбектің үлгісі. Еңбек түбі береке емес пе. Бүгінгі жетістіктер бір күнде келген жоқ. Бұл ретте талай тұлғаның маңдай тері, қажыр-қайраты, адал еңбегі барын білелік. Сол еңбектің бел ортасында жүргендер – бүгінгі ардагерлер. Ардагер дегеніміз – белгілі бір салада еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосқан азамат. Бірі ауыл шаруашылығында аянбай еңбек етсе, бірі өндірісте шыңдалды, енді бірі ұстаздық етіп, сан ұрпаққа білім бере білді. Дәрігерлер адам өмірін қорғады, құрылысшылар елді мекендерді көркейтті, инженерлер өндірісті дамытты, мәдениет пен өнер саласының мамандары халықтың рухани дүниесін байытты. Демек, бұлардың әрқайсысының еңбегі – ел тарихының бір парағы. Ал ардагердің өмір жолына үңілсек, ең алдымен, еңбекке адалдықты көреміз. Қай салада қызмет атқарса да, өз міндетін абыроймен орындау – олардың басты қағидасы. «Ердің атын еңбек шығарады» деген халық даналығы осындай азаматтарға арналғандай. Бүгінгі жастар үшін ардагерлердің осы қасиеті үлгі-өнеге. Себебі заман өзгергенімен, еңбекке адалдық, жауапкершілік, адамгершілік сияқты құндылықтар ешқашан ескірмейді.
Ардагерлердің өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі де. Олардың жастық кезеңі, еңбек жолы, елге жасаған қызметі – бәрі де кейінгі ұрпақ үшін тағылым. Олар талай қиындықты көрді, маңдай терімен еңбек етті, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Бүгінгі бейбіт өмір мен берекелі тіршіліктің қадірін олардан артық білетін жан кемде-кем. Демек, ардагер – ел үшін еңбек еткен, өз ғұмырының ең мағыналы жылдарын қоғамның дамуына арнаған жан. Оның бойында еңбекқорлық, төзімділік, жауапкершілік, сабыр мен азаматтық қасиет қатар тоғысқан. Кешегі ұрпақ үшін еңбек – өмірдің өзегі де. Бүгін сол адамдардың қатары біртіндеп сиреп барады. Сондықтан олардың өмір жолын дәріптеу – өткенді еске алу ғана емес, келешек ұрпаққа өнеге көрсету.
Абай данышпан айтқандай, ақсақалдар – тіл ұстартушылар, қартайса да, қайғы ойласа да, ұйқы сергек болса да ұлы армандар иесі. Халқымызда ақсақал атану кейде жасы ұлғайғандығына қарамайтындығына, ақыл иесі, көреген, алдын болжағыш парасатты жас азаматтар да бола аларына таң қалмаңыз. Мәселен, халық тарихында Қаз дауысты Қазыбек билік айтуға, ақылгөй дана атануға 15 жасынан кірісті деген аңыз бары, Сырым батырдың өзі даналығын 7 жасынан-ақ көрсете алғаны, ал халық әдебиетінде Тазша бала мен Қарашаш сұлудың 12-14 жасар кезінде-ақ тапқыр, ақылды атанғандар санатына кіргені әмбеге аян.
Ал адам белсенділігі деген ұғымға ақсақалдардың өмірге қоймай араласуын айтамыз. Ақсақалдар көреген, олардың көзінен шындықты жасыруға болмайды, сезімталдығымен келеңсіз жағдайлармен күрестерін құптауға тұрарлық. Қазақ халқы – белсенді халық, от ала білсе тұтас белсенділерден құралған. Оған тарихымыз куә. Атақты жырау Сыпыра Сұрғалтайұлы 120 жасқа дейін әлеуметтік саяси мәселеден қол үзбеген. Бұқар жырау 95-ке келсе де, Абылай ханның кеңесшісі атанған. Ал ауыз әдебиетіндегі Жаманымыз 60 жасқа келіп, бес хандықты ақылмен басқарып, Аяз би атанған. Жамбыл тоқсан тоғызына жеткенше рухани байлығымызды байыта түсуге атсалысқан... Ақсақалдардың белсенділігін айтып түгесуге болмас, сірә! Атақты жырау-жыршылар Марқасқа, Доспамбет, Жанкісі, Марабай, Жылқышы, Нұрым, Қашаған, Нұрпейістер жас шамалары 60-80 жастар арасында күллі қазақ поэзиясын құрастырып, молайтпап па еді!.. Мәселен, ақсақалдық мектептің қазақ даласында ресми дәрежеде болмаса да, айтқан өсиетнамалары, көрсеткен үлгі-өнегесі, берген ақыл-кеңесі, ұстаздық, жетекшілік, тәлімгерлік қызметтері бір кездері бұлжытпай орындалған. Сөйтіп, ақсақалдық мектептің беделі орасан зорайған. Ақсақалдар өз кезеңінде мектеп мұғалімдері, яғни, өмір оқытушылары сияқты беделге ие болған. Өкініштісі, осындай беделді тұлғалардан қауіптенген бюрократтар оларды біртіндеп өмірден ығыстыра бастады.
Қысқасы, көне көзді, көпті көрген ақсақалдар бір кезде тарихымызды жасауда алдыңғы сапта жүрмеді ме, халқымның тағдыры үшін ыстығына күйіп, суығына тоңды емес пе?! Ақсақалдық дәстүр ақсақалдардың азаматтық беделіне шаң тигізілмеуін, анда-санда олармен ақылдасуын тілейді. «Алпысқа келгеннен ақыл сұрама» деген мақалды ұстанған кейбір тұлғасымақтар да жоқ емес. Бұл мақалдың астарына мән бермегендер, әлде ақыл-кеңес алғысы келмегендер осы мақалды келтіре байбалам салады. Бұл арада ақсақалдардың бәрі бірдей ақылды деп отырған ешкім жоқ, қайта бұл мақалда ақылды жасыңнан меңгер, қай мәселе болса да, өз білгеніңмен шеш, қарттар ақыл берер-ау деп, жасыңнан албырттыққа салынба, өзіңе сен, өз күшіңнен қайыр күт, «ақылың мен еңбегің» екі жақтап сені адам етеді деген мегзеу бар.
Түйе білсек, ардагерді ардақтау – елді ардақтау. Ардагерге құрмет көрсету – белгілі бір мерекеде сыйлық берумен немесе арнайы шара өткізумен ғана шектелмеуі тиіс. Қарияға деген құрмет күнделікті өмірден көрінуі тиіс. Олардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, тұрмысын сұрау, қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасау, жастармен кездесулер ұйымдастыру, еңбек жолын насихаттау – ұрпақ парызы. Әсіресе, білім беру ұйымдарында ардагерлердің өмір жолын дәріптейтін кездесулердің тәрбиелік мәні ерекше. Себебі жас ұрпақ кітаптан оқыған тарихты ардагердің өз аузынан естігенде, оның мәнін тереңірек түсінеді. «Менің өмір жолым» атты кездесулер, «Ардагер – ел тарихының шежіресі» тақырыбындағы сұхбаттар, еңбек ардагерлерінің естеліктерін жинақтау, жастарға арналған тағылымдық сабақтар ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қоса алар еді.
Қасиетті қариясы бар елдің қазынасы бар емес пе. Қазақ халқы қариясын ешқашан төрден түсірмеген. Бұл – ата-бабамыздың даналығы. Себебі қария – отбасының берекесі, ағайынның ұйытқысы, елдің ақылшысы. Ақсақалдың қадірі оның жасымен ғана емес, азаматтық болмысымен өлшенеді дедік. Елге адал қызмет еткен, еңбегімен із қалдырған, кейінгіге жақсы сөзін айтып, ақ батасын берген қария – елдің нағыз ардақтысы. Қуанарлығы, бүгінде арамызда осындай елге сыйлы, ұрпаққа үлгі болар ардагерлеріміздің көптігі. Олардың әрқайсысы – бір-бір мектеп. Әрқайсысының өмір жолы – бір тағылым. Әрбір айтқан сөзі – бір сабақ. Сондықтан біз ардагерлерді құрметтеу арқылы өз тарихымызды, өз құндылықтарымызды, өз тамырымызды құрметтейміз. Қариясы қадірлі елдің қашанда берекесі артады. Олай болса, ақсақалдың батасы – елге медет, өнегесі – ұрпаққа бағыт, өмір жолы – кейінгіге сабақ...
Ой жүгірте бойласақ, қазағымның жөн-жосықтарының ең мықтысы, ең кереметі, шаш ал десе, бас алуды тыйдырған ақсақалдық тәрбие мектебін қайта қалпына келтірмей болмайтындығын өмірдің өзі ұсынуда. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде. Қазақта жөн-жосық, Құдайға шүкір, баршылық! Мәселен, ата-баба дәстүрі, аналар дәстүрі, қыз-келіншектер мен жігіттер дәстүрі, келіндер дәстүрі, құда-құдағилар дәстүрі, нағашы-жиендер дәстүрі дегендер арнайы заңдастырылмаса да, әлі де жаны берік, тіпті тоқырау кезінің қыспағына да төзіп баққандығы байқалады. Бұларға ауыз әдебиетімізден, ұланғайыр поэзиямыздан, қала берді қазірге жазба әдебиетінен мысалдар жеткілікті.

Байқарымыз, ақсақал деген атақты қазағым кез келген жасы үлкен адамдарға бере қоймайды. Ақсақал деп өзінің ісімен, сөйлеген сөзімен, күллі көзқарасымен, ұрпақ туралы ойларымен, әдеп-ғұрыпқа беріктігімен ерекше көзге түскен және тәлім-тәрбие саласында әманда үлгі-өнеге көрсетерлік, қысылғанда, ақыл-кеңес берерлік, бүкіл ауылға (елге) жетекшілік рөл атқарарлық азаматтарды айтқан. Ақсақалдар – халық тірегі, халықтың көзі, құлағы, жүрегі, қалаулысы, оның ойы мен арманын, мақсатын арқалаған қайраткерлер, ұрпақ қамы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ойын онға, ақылын алтыға бөлген кемеңгерлер, халықтың ауыр тағдырын арқалаған көсемдер, халқымның тарихында ақсақалдар «ақыл иесі – шешендер» деп аталған. Мұндай тұлғаларымызды мінсіз сөзді, кірсіз арлы ақыл иесі тұрғысында танимыз. Қысқаша айтқанда, олар – халықтың сенері, сүйенері, ары, ожданы, қайраты, намысы, таланты мен жігері және қазақты қазақ етуші, халық етуші тұлғалар. Біздің ақсақалдарымыздың қай-қайсысы да – кезінде болған ақсағарат (феномен), ноумен адамдар. Көпшілігі ел басқарды, істің басы-қасында болып, билікке де араласты, әкім болғандары да бар. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда кемпірлерінің қасында отырып қалуы оларды қиналтады. Бір кездерде болған адамдар қазір өздерімен өздері болып қалды, сол қинайды.
Біз қоғами ортаны түзетуге әрекеттенуіміз керек. Мәселен, ел ақсақалдары, ардагерлері – белсенділері ел әкімдерінен шындықты талап етер еді, өтірік уәде тыйылар еді, тойымсыздық пен қанағатсыздық тоқтар еді, мансапқорлық тыйылар еді, өктемдік жойылар еді, есерлер орнына естілер көбейер еді, бос мылжың азаяр еді, ата-баба дәстүрлері тез орнына келер еді, қаталдық орнына мейірімділік, иманжүзділік, қайырымдылық орнар еді, халықтан қалт айтпауды үйренер едік, жастар алдында биязы да, ұяң да болар едік, ұялуды үйренер едік, тек халықты ойлап, өзімшілдік пен менмендіктен құтылар едік. Демек, осылар сияқты кемшіліктен құр алақан емес екенін қоғамымыз түсінер еді.
Ақсақалдың батасы – ұрпаққа аманат. Қазақ үшін бата – жай ғана жақсы тілек емес, ол – рухани тәрбие. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген сөз халқымыздың ақ батаға деген ерекше құрметін айқын аңғартады. Қуанышта үлкеннің батасын алу, жолға шығарда ақсақалдың ақ тілегін есту, дастарқан басында қарияның батасын күту – халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан дәстүрі. Біле білсек, ақсақалдың батасы жас адамға жігер бермек. «Еліңе қызмет ет, адал бол, үлкенді сыйла, кішіге қамқор бол» деген қарапайым сөздердің өзінде үлкен өмірлік мән-мағына бар емес пе. Ендеше, ақсақалдың батасын сақтау – ұлттық тәрбиені сақтау. Бүгінгі ұрпаққа да осындай рухани бағдар қажет. Технология дамып, ақпарат көбейген заманда адамға дұрыс бағыт көрсететін, өмірдің мәнін түсіндіретін ақылдың орны ерекше.
Демек, ұрпақ сабақтастығы – ел болашағы. Қоғамның дамуы ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа тікелей байланысты. Аға буын – өмір тәжірибесінің иесі. Жас буын – жаңашылдықтың өкілі. Бірі өткеннің тағылымын сақтаса, екіншісі оны заман талабына сай жалғастырады. Осы екі буын бір-бірін толықтырғанда ғана елдің рухани тұтастығы сақталады. «Атадан бала туар, ата жолын қуар» дейді халқымыз. Бұл сөздің мәні терең. Әр ұрпақ өзінен кейінгіге белгілі бір аманат қалдырады. Ол аманат – тек дүние-мүлік емес. Ол – тіл, дәстүр, тәрбие, еңбекке деген көзқарас, елге деген сүйіспеншілік, адамға деген құрмет. Әр ардагердің өмірінен жастар үйренер тағылымы мол. Біреуінен еңбекқорлықты, біреуінен тө-зімділікті, біреуінен адалдықты, біреуінен елге қызмет етуді, біреуінен адамдықты үйренуге әбден болар еді.
Олай болса, қариясын қадірлеген елдің қазынасы ортаймайды. Қазақ ұлты «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Елге еңбегі сіңген азаматтың есімі де, жасаған игі ісі де ұмытылмауы тиіс. Өйткені халықтың тарихы жеке адамдардың тағдыры мен еңбегінен құралады. Ардагерлерді ардақтау өткенді аңсау емес. Керісінше, өткеннен сабақ алып, болашаққа жол ашу. Бүгінгі бейбіт өмір, қол жеткен жетістіктер, көркейген елді мекендер, дамыған өндіріс пен білім беру жүйесінің қалыптасуына аға буынның қосқан өзіндік үле-сін барлап-бағалау. Ақиқаты, ардагерге құрмет көрсету – оның жеке басына көрсетілген сый-құрмет қана емес, ел тарихына көрсетілген құрмет. Қариясын қадірлеген ел ешқашан рухани жұтаңдамайды. Себебі қарияның бойында халықтың жады сақталады. Ақсақал абыздарымыздың естелігі – өткеннің үні. Абыройлы ардақтыларымыздың ақылы – бүгіннің бағдары. Ақсақал батасы ертеңімізге деген сенім шырағы емес пе.
«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген халық даналығын білсек керек. Бұл әр адамның өз әулеті мен отбасынан асып, елге, қоғамға пайдалы азамат болуын меңзейді. Ардагерлердің өмір жолы – осы қағиданың нақты үлгісі. Олар өз заманында ел үшін еңбек етті. Енді сол еңбекті бағалап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Әсіресе, жастарға еңбек етсең, елге пайдаң тисе, өзіңнен кейін жақсы із қалдырсаң, өміріңнің мәні де, сәні де ерекше болмақ деген ұғымды сіңіруде ардагерлердің орны ерекше.
Ақсақалым – қасиеттім, ардагерім – ардақтым. Қазақтың әр шаңырағында төрде отырған ақсақалға деген ерекше құрмет бар. Өйткені төрдегі қария – отбасының ғана емес, бүтін әулеттің берекесі. Ақсақалдың бірауыз сөзі ағайынды татуластырып, үлкен мен кішінің арасын жақындастырып, елді бірлікке шақыра алады. Демек, «Ақсақалым – қасиетім» деу – халқымыздың қарияға деген құрметін білдірсе, ал «Ардагерім – ардақтым» деу – елге адал қызмет еткен азаматтардың еңбегін бағалау деп білгейсіз.
Бүгінгі жас ұрпақ қариядан бата алса, ертең өзі де елге сыйлы азамат болуға ұмтылады. Бүгін біз ардагердің еңбегін дәріптесек, ертеңгі ұрпақ та еңбектің қадірін түсінеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын осындай сабақтастық бар жерде ұлттық құндылықтар да, елдік сана да берік болады. Қария – өткеннің шежіресі, ардагер – еңбектің өнегесі, жас ұрпақ – елдің келешегі. Үшеуін жалғайтын алтын көпір – ұрпақтар сабақтастығы. Еліміз тәуелсіздікке қолы жеткен қазіргі заманда осы ұлы дәстүрді жаңғыртсақ дейміз. Ақсақалдар мектебі қасиетті мектеп ретінде күнделікті өмірімізге, қоғамдық сананы қалыптастыруға сыналап енуі қажет. Халқымыздың «Қарт қойнында қалаш бар!» деуі тегін емес.
Абат Қыдыршаев,
М. Өтемісов атындағы БҚУ университетінің профессоры,
Қазақстан Ұлттық құндылықтар академиясының академигі,
педагогика ғылымдарының докторы,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері