Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылындағы «Құлагер» ат спорты кешенінде белгілі спортшы, Қазақстан Республикасының чемпионы Жанәділ Ғазезовты еске алуға арналған көкпардан турнир өтті. Спорт додасына «Құлагер» командасымен қатар Чапаев, Үштөбе, Жаңабұлақ ауылдарының және аудандық мешіттің командалары қатысты. Сонымен қатар турнир аясында жасөспірімдер аударыспақта өзара мықтыны анықтады.

Жанәділ Ғазезов – ат спорт түрлерінен ел намысын қорғаған, Ақжайықтың білікті спортшыларының бірі. Жастайынан аттың құлағында ойнаған. ол ел көлеміндегі талай жарыста аудан абыройын асқақтатты. Атап айтсақ, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлде алып, сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. 2013 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық «Ақ бидай» ауыл ойындарында теңге ілуден бас жүлдеге ие болса, кейінгі жылдары жамбы ату, теңге ілу сынды ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан чемпионаттары мен республикалық додаларда жүлдегер атанды. Олардың қатарында Қайнар Қосмағұлов, Азат Қабылқайыр, Дарбай Мирас, Ерболат Бақтияр, Омарбек Бердеш, Әділхан Мақанов сынды белді спортшыларды Ақжайық жұртшылығы мақтан етеді.

Ол кейіннен бапкер болып, жасөспірімдерді ат спортына баулып, ұлттық спорттың дамуына сүбелі үлес қосты. 2013–2019 жылдар аралығында облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер-жаттықтырушы болып еңбек еткен. Оның шәкірттері де түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, Ақжайықтың атын шығарды.
Еске алу турнирінің ашылуында аудандық мәслихаттың төрағасы Сәлімгерей Сиражев сөз сөйлеп, ұлттық спорттың өрісін кеңейтіп, кейінгі буынға өнеге болған Жанәділ Ғазезовтың есімін ел жадында жаңғыртудың маңызына тоқталды. Жанәділдің әкесі Аман Елеубаев та жарысқа қатысушыларға ақжолтай тілегін жеткізіп, ұлын еске алып, ұлттық спортқа құрмет көрсетіп жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Ақын, Қазақстан Ақын-жыршылар, Жазушылар одақтарының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев, еңбек ардагері Әлжан Досмақов сөз сөйлеп, аудандық мешіттің бас имамы Тұрсынғали Құжатов марқұмның рухына Құран бағыштады.

Тартысты бәсекеде І орынды «Құлагер» командасы, ІІ орынды Үш төбе ауылы, ІІІ орынды Жаңабұлақ ауылының командалары жеңіп алды. Аударыспақтан Махамбет Индыхан (40 келі), Мансұр Нәрбайын (50 келі), Ақтілек Ермеков (60 келі), Исмайл Айтуаров (60 келіден жоғары) жеңімпаз атанды. Жеңіс тұғырына көтерілген көкпаршылар командаларына ақшалай сертификат, диплом, аударыспақтан жүлделі орын алғандарға арнайы сыйлықтар тарту етілді.

«Жақсының аты өлмейді» деген. Жанәділдің спорттағы жолы, еңбегі мен ұлттық спортқа қосқан үлесі оның есімін білетін кейінгі буынға аманат болып қала бермек.
Рақым Берікқали
Ақжайық ауданы