30.09.2026, 12:45
Оқылды: 14

Бөрлілік жас туристер облыстық және республикалық додаларда топ жарып жүр

Туризм – табиғатты тамашалап, жаңа мекендерді танып-білудің ғана емес, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, төзімділік, жауапкершілік пен ізденімпаздық қасиеттерді қалыптастыратын маңызды бағыт. Әсіресе балалар туризмі – жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың танымдық қабілеті мен физикалық белсенділігін арттырудың бірегей мүмкіндігі. Бұл бағытта Бөрлі ауданындағы Жас туристер станциясының атқарып отырған жұмысы ауқымды. Осы мақаламызда ауданымыздағы балалар туризмінің қанат жаюына бірден-бір қызмет жасаушы мекеменің жай-күйі мен бағындырған белестері туралы сөз қозғамақпыз.

Туризм (5)

Бүгінде станцияда оқу-тәрбие процесі туристік, өлкетану, музейтану және спорттық бағдарлау бағыттары бойынша жүргізіледі. 117 үйірмеде 1682 тәрбиеленуші қазақ және орыс тілдерінде қосымша білім алып келеді. Үйірмелерде оқушылар өлкеміздің тарихымен, ұлттық құндылықтарымызбен танысып, туризм техникасының негіздерін меңгереді, спорттық бағдарлау бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдіреді.

Туризм (3)

Станция жұмысының маңызды бөлігі – саяхаттар мен экспедициялар. Жыл бойы оқушылардың демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Орал, Алматы, Ақтау, Түркістан, Астана, Ақтөбе қалаларына, сондай-ақ Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарына экскурсиялар ұйымдастырылып, жыл сайын шамамен 450-500 оқушы қамтылады. Сонымен қатар «Ақжайықтану», «Бөрлі ауданының жеті кереметі», Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіштері, Шалқар көлі бағыттарында өлкетану және экологиялық экспедициялар өткізіліп келеді.

Туризм (1)

Жорық – баланың табиғатпен етене танысып қана қоймай, қиындықты жеңуге үйренетін мектебі. 2025-2026 оқу жылында станция педагогтері жетекшілігімен 335 шақырымдық велосипед жорығы, 133 шақырымдық жаяу жорық, 117 шақырымдық «Жайық-Урал» су жорығы, сондай-ақ Ақтөбе облысында 166 шақырымдық шаңғы жорығы ұйымдастырылған. Сала мамандары оқушылар арасындағы осындай көлемді жорықтарды ұйымдастыруда жас туристер станциясының оқытушысы Азамат Сабитовтың еңбегі зор екенін айтады.

Туризм (2)

Өлкетану – туған жерді танудан басталады

Станцияның тағы бір маңызды бағыты – музейтану. 2016 жылы мекемеде музейтану бөлімі ашылып, бүгінде ауданның 24 мектебінде құжаттандырылған мектеп музейі жұмыс істейді. Әр мектептегі музей жетекшілері мен оқушылардан құралған музей белсенділері туған өлкенің тарихын зерттеуге, тарихи жәдігерлерді жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосып келеді.

Туризм (8)

Бұл жұмыстың нәтижесі жарыстар мен байқауларда да көрініс табуда. Өткен оқу жылында Жас туристер станциясының тәрбиеленушілері облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген сайыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Балалар-жасөспірімдер туризмінің жылдық облыстық көрсеткіші бойынша Бөрлі ауданы бірінші орынға ие болды. Бұл сала мамандарының бірлесе атқарған тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Туризм (6)

Жетістікке бастар жол

Бөрлілік жас туристердің облыстық жарыстардағы нәтижелері де көңіл қуантады. «Алтын Дала-2025» туриадасында аудан командасы жалпы командалық есепте үшінші орын алса, спорттық құзға өрмелеуден, шаңғы туризмі техникасынан, тау туризмі техникасынан және жаяу туризм техникасынан өткен бірқатар облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.

Туризм (11)

Музейтану және экскурсиялық бағыттарда да жетістіктер бар. «Музей вернисажы» фестивалінде Бөрлі №1 ЖОББМ оқушылары «Музей ізденіс тобы» жобасы бойынша екінші орын алса, Бумакөл МББК оқушысы «Жас экскурсовод» бағыты бойынша үшінші орын иеленді. «Аспан астындағы музей қала» экскурсиялық бағдарлау жарысында аудан командасы екінші орынға табан тіреді.

Туризм (7)

Спорттық бағдарлау бағытында да бөрлілік оқушылардың жетістігі аз емес. «Батыс Азимут 2026» жарысында Асия Уалиханова мен Мұстафа Қажамұрат жүлделі орындарға ие болды. Жаяу туризм техникасынан өткен облыстық туриадада Бөрлі ауданының командасы бірінші орынды иеленді. Жас геологтар слетінде де аудан командасы жалпы есепте екінші орынға көтерілді.

Туризм (9)

Республикалық додалардағы нәтижелер

Жас туристер станциясының жұмысы облыс көлемімен шектелмейді. Республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда да аудан өкілдері өз шеберліктерін көрсетіп жүр. Қырғызстанның Ош қаласында өткен спорттық туризмнен Әлем кубогінде Жас туристер станциясының қосымша білім беру педагогі Карим Неталиев жекелей есепте екінші орын алды.

Халықаралық туризм күніне арналған білім қызметкерлері арасындағы «Европа-Азия 2025» республикалық туристік фестивалінде Бөрлі ауданының командасы бірінші орынға ие болды.

Түркістан облысында өткен аралас туризмнен республикалық жарыста жеке қашықтық Ақсай қаласының №7 ЖОББМ оқушылары Айару Оразалы, Ерасыл Ишанов, Бахтияр Алиповтар үздік атанып бірінші орынға ие болды. Астана қаласында өткен спелеотуризм бойынша республикалық жарыста да осы оқушылар жүлделі нәтиже көрсете білді. Бұл сол мектектепте қызмет жасайтын жас туристер станциясының қосыма білім беру педагогтары Тілек Ералиев пен Ақторғын Сапиеваның тынымсыз еңбектерінің нәтижесі екені даусыз, дейді Жас туристер станциясының әкімшілігі.

Жазғы демалыс – пайдалы әрі қызықты

Жазғы демалыс кезінде де станция жұмысы қыза түседі. Биыл «Жас турист» жазғы демалыс лагерінде 192 бала демалып, «Қарашығанақ» бір күндік жорығына 240 бала қатысты. Жалпы жазғы демалыс бағдарламаларымен 432 оқушы қамтылды.

Лагерьдің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Ғимарат ішінде асхана салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жазғы демалыс лагеріне лицензия алынған. 2025-2026 оқу жылында аудандық білім бөлімінің қолдауымен туристік база жаңа жиһаздармен, төсеніштермен және заманауи туристік құрал-жабдықтармен толықтырылды. Станция жаңа спорттық велосипед, шаңғы және шаңғыны дайындауға арналған құралдар, туристік жабдықтар, интерактивті тақта және жаңа автокөлікпен қамтамасыз етілді.

Туризм – баланың табиғатты танып, туған жерін зерделеп, өз мүмкіндігін сынайтын орта. Жаяу, шаңғы, су және тау туризмінің қыр-сырын меңгеру барысында оқушылар физикалық тұрғыдан шыңдалып қана қоймай, топпен жұмыс істеуге, жауапкершілік алуға, қиындыққа төтеп беруге үйренеді.

Туризм (10)

Бөрлі ауданындағы Жас туристер станциясының жұмысы – осының айқын дәлелі. Мұнда әрбір жорық пен экспедиция, әрбір жарыс пен экскурсия баланың таным көкжиегін кеңейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. Бүгінде туризмді бала тәрбиесінің тиімді құралына айналдырып отырған станция алдағы уақытта да туристік-өлкетану қызметінің сапасын арттырып, қосымша білім беру мазмұнын жаңартып, дені сау, білімді, белсенді әрі отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса бермек.

 

Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале