Жол – ел экономикасының күретамыры. Оның сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде білікті мамандардың еңбегі айрықша. Осыны жас ұрпаққа таныстыру мақсатында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы РМК БҚО филиалы кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Кезекті «Ашық есік күні» Жоғарғы инженерлік-технологиялық колледжінің «Стандарттау, сертификаттар және метрология» бағыты бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттерімен өтті.
Кездесуде филиал директоры Нұртілек Нұрхатұлы Хасенов студенттерге жол сапасын қамтамасыз етудегі мамандардың рөлі мен саладағы кадрларға деген сұраныс туралы айтып берді.
– Жол саласы – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды бағыт. Мұнда стандарттау, сертификаттау, метрология және сапаны бақылау салаларын жетік меңгерген мамандардың орны ерекше. Сондықтан бұл бағытты таңдаған жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік мол, – деді филиал директоры.

Кездесудің практикалық бөлігінде студенттер филиалдың сынақ зертханасының жұмысымен танысты. Зертхана сарапшысы Анвар Жиенбаев жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау, оларды сынақтан өткізу әдістері мен зертханалық жұмыстардың ерекшеліктері жөнінде мәлімет берді.
Болашақ мамандар өндірістік үдерістің қыр-сырына қанығып, теориялық білімдерінің тәжірибеде қалай қолданылатынын көрді. Өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан жауап алды.

Айта кетерлігі, ЖАСҰО БҚО филиалының кәсіби бағдар беру іс-шараларына өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қызығушылық танытып келеді. Соңғы уақытта білім алушылардың филиал жұмысына өздері бастамашылдық танытып, өндірістік үдерістермен танысуға ниет білдіруі – қуанышты үрдіс.
Жастардың кәсіби таңдауына бағыт беріп, өндіріс пен білім арасындағы байланысты нығайтатын мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.
ЖАСҰО РМК БҚО филиалының баспасөз қызметі