Қарттар күні қарсаңында Орал қаласында ізгі шара өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қалалық қарттар үйіне барып, ардагерлерге құрмет көрсетті.

Ізгі бастама аясында әскери қызметшілер қарияларды мерекемен құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстады. Ал әскери бөлімнің оркестрі патриоттық және әскери әндерді орындап, қарттарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Ардагерлер – біздің қазынамыз. Олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі өскелең ұрпақ үшін қашанда маңызды. Осындай айтулы мереке қарсаңында ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, арнайы сыйымызды табыстау және мерекелік концерттік бағдарламамызды ұсыну – біздің азаматтық парызымыз деп білеміз, – деді 5517 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бинур Рыскулов.
Қарттарға құрмет көрсету – Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің дәстүрлі түрде назар аударатын бағыттарының бірі. Мұндай игі шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаттарын дәріптеуге бағытталған.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі