Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев 93 жасқа толып отырған ардагер ұстаз Ақыл Иржанованы арнайы үйіне барып қариялар күнімен тұспа тұс келген туған күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, саналы ғұмырын білім беру саласына қызмет етуге бағыштаған ұлағатты ұстазға аудан басшысы айрықша құрмет көрсетті.
Ақыл Исенғалиқызының өнегелі өмір жолы мен ұстаздық қызметі кейінгі буынға үлгі, жас ұрпаққа тағылым.
Кездесу барысында аудан әкімі ардагер ұстаз Ақыл Исенғалиқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын, ұрпақтарының қызығы мен жақындарының ортасында шаттыққа бөленіп, бақытты ғұмыр кешуіне тілектестігін жеткізді.
Өз кезегінде туған күн иесі де көрсетілген құрмет пен ізетке ризашылығын білдіріп, аудан басшысына ақжарма алғысын айтты. Ақ батасын беріп, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын, жас ұрпақтың білімді де тәрбиелі болып өсуін тіледі. Қарияға құрмет көрсету өткенге тағзым, өнегелі өмірге деген шынайы алғыс пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
С.Өсәлім
Шыңғырлау ауданы