Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапары аясында Сырым ауданының тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды.

Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, 2023-2026 жылдар ішінде негізгі капиталға 45,8 млрд теңге инвестиция салынды. Егіс көлемі 24,7 мыңнан 31,8 мың гектарға ұлғайып, биыл 33,7 мың тонна өнім жиналды. 417 шаруа қожалығының 384-і мал өсірумен айналысады. Есепті кезеңде мүйізді ірі қара 65 мыңнан 80 мың басқа, жылқы 32 мыңнан 34 526 басқа, түйе 91-ден 116 басқа өскен.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен былтыр Қособа, Бұлдырты, Алғабас және Тасқұдық ауылдарында ветеринариялық пункттер, ал Бұлан, Алғабас, Қарағанды және Жымпиты ауылдарында жаңа мал қорымдары салынды. Жол саласында 18,2 млрд теңгеге 103,6 шақырымды қамтитын 8 жоба жүзеге асырылды. Электр желілерінің тозуы 85%-дан 75%-ға төмендеп, қазір 7 ауылда 77 шақырым желіні жаңарту басталды.

Кейінгі 4 жылдың ішінде 425 пәтер пайдалануға берілді. «Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында 6 елді мекенге 81 адамнан тұратын 16 отбасы көшіп келді. Олар тұрғын үймен қамтылып, жанұя мүшелері жұмысқа орналасты. Биыл Құспанкөлде жаңа мектеп, Өлеңті, Тасқұдық, Бұлдырты және Шағырлой ауылдарында медициналық нысандар салынды. Тоғанаста мәдени-спорт кешені, Жымпитыда заманауи кітапхана бой көтерді.
– Ауданның дамуы тұрғындардың тұрмыс сапасынан көрінуі тиіс. Инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және халықтың табысын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз. Әр жобаның нақты нәтижесін тұрғындар сезінуі керек, – деді Нариман Төреғалиев.

Кездесуде апатты үйдің орнына жаңа пәтер алған азаматтар аймақ басшысына алғыс айтты. Тұрғындар тарапынан жол жөндеу, мектеп салу, спортшылар тасымалы және тағы басқа мәселелер көтерілді. Облыс әкімі әр ұсынысты көппен бірге пысықтап, жауапты құрылымдарға тиісті тапсырмалар берді.

Сырымдықтар ауданда атқарылған жұмыстарды оң бағалады. Кездесуден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі