5.10.2026, 18:15
Оқылды: 5

«Шәкірт жүрегіндегі шамшырақ»: Тасқала ауданында ұстаздарға құрмет көрсетілді

Тасқала аудандық мәдениет үйінде саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім беруге арнаған ұстаздарға арналған «Шәкірт жүрегіндегі шамшырақ» атты мерекелік шара өтті. Тағылымды кештің негізгі мақсаты - білім саласында талай жыл бойы табанды еңбек етіп, жас ұрпақтың қалыптасуына өзіндік үлес қосқан ардагер ұстаздар мен сала мамандарының еңбегін ел алдында ұлықтау, олардың өнегелі жолын кейінгі буынға үлгі ету.

фото 4 (3)

Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, аудандық мәслихат басшысы Жанар Бисенғалиева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының бас маманы Марина Темірғалиева, Тасқала ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов, «Әділет» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, аудандық білім бөлімінің басшысы Айым Кашимова, сондай-ақ, білім саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты.

фото 2 (1)

Ұстаз - ұлттың рухани кемелденуіне қызмет ететін, білім мен тәрбиені қатар алып жүретін абыройлы мамандық иесі. Оның еңбегінің нәтижесі бір күнде көрінбейді. Мұғалімнің берген білімі мен айтқан ақылы, шәкіртіне көрсеткен бағыт-бағдары жылдар өте келе азаматтың өмір жолынан, елге жасаған қызметінен көрініс табады. Сондықтан ұстаз еңбегін бағалау - тұтас бір ұрпақтың қалыптасуына жасалған еңбекті бағалау.

Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин ұстаздардың қоғамдағы орнына тоқталып, білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандарға ризашылығын білдірді.

фото 9

«Ұстаздық - үлкен жауапкершілікті, терең білімді және шынайы жүрек жылуын талап ететін қасиетті мамандық. Ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Ауданымыздың білім саласында өз ісіне адал, кәсібіне берік көптеген білікті мамандар еңбек етіп келеді. Олардың қатарында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагерлеріміз де, жаңашылдыққа ұмтылған жас мамандарымыз да бар. Бүгінгі шара - сол еңбекті ел болып бағалаудың, ұстаз мәртебесін көтерудің жарқын көрінісі. Барша ұстаздарға еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Шәкірттеріңіздің биігі мен абыройы арта берсін», - деген Рауан Рахметуллин ұстаздар қауымына ізгі тілегін жеткізді.

фото 6

Мерекелік жиынның тағы бір маңызды бөлігі - марапаттау рәсімі болды. Ардагер ұстаз, сондай-ақ мереке қарсаңында 85 жасқа толған Шолпан Қазбековаға «Тасқала ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды. Білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты», сондай-ақ Тасқала ауданы білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Сонымен қатар «ЖасTime» қауымдастығының бірқатар мүшесіне аудандық білім беру бөлімінің алғыс хаттары берілді.

фото 10

Марапат - атқарылған жұмыстың нәтижесін мойындаудың бір көрінісі. Әсіресе ұстаз еңбегі секілді үлкен төзімділік пен үздіксіз ізденісті қажет ететін салада мұндай құрметтің маңызы зор. Салтанатты сәтте марапат иелеріне жылы лебіздер айтылып, олардың кәсіби қызметіне алғыс білдірілді.

Әр ұстаздың өзіне тән еңбек жолы, шәкірттерімен қалыптастырған қарым-қатынасы мен кәсіби ізденісі бар. Бірі ғылымға қызыққан шәкірттерді жетелесе, енді бірі өнерге баулыды. Кейбірі жас ұрпақтың бойына ана тіліне, әдебиетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырса, енді бірі нақты ғылымдарға деген қызығушылығын арттырды. Ал мектепке дейінгі тәрбие саласының мамандары бүлдіршіндердің алғашқы білім баспалдағына қадам басуына жол ашып келеді.

Осы еңбектің барлығы бір мақсатқа-білімді, тәрбиелі, елжанды ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.

Кеш барысында өнерпаздардың орындауындағы музыкалық шығармалар да көпшілік назарына ұсынылды. Ән мен жыр, әдеби қойылымдар мен сахналық көріністер мерекелік кештің мазмұнын байытып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсіресе ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықты, алғыс пен құрметті арқау еткен өнер туындылары көпшілік көңілінен шықты.

Ұстаздың еңбегі - уақытпен өлшенбейтін еңбек. Бір қарағанда қарапайым көрінген күнделікті сабақ, әр оқушымен жүргізілген жұмыс, айтылған ақыл мен берілген бағыттың артында үлкен жауапкершілік жатыр. Мұғалім шәкіртінің бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға жағдай жасайды. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі баланың өзіне деген сенімін арттырып, болашаққа деген көзқарасын өзгертуі мүмкін.

фото (3)

Сондықтан ұстаздық қызмет тек пән үйретумен шектелмейді. Бұл - жас адамның өмірлік ұстанымының қалыптасуына ықпал ететін, оның азамат ретінде тұлға болып өсуіне жол ашатын маңызды міндет. Ұстаздың шәкіртіне қалдырған ең үлкен мұрасы - оның жүрегіне сіңірген білімі, тәрбиесі мен адамгершілік құндылықтары.

Бекжан Өтемісов

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале