6.10.2026, 15:30
Оқылды: 11

Мемқызметте туыстар: 219 жағдай зерделенді

Облыстық Әдеп кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарының орындалу мәселелері қаралды.

тартиптик кенес

Отырыс барысында Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Манарбек Қадырбеков пен БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Ерболат Гайнешевке қатысты тәртіптік істер талқыланды.

Қызметтік тексеру нәтижесінде аталған лауазымды тұлғалардың әрекеттерінен заң талаптарына қайшы келетін бірқатар жағдай анықталған. Әдеп кеңесінің мүшелері бірдей сипаттағы кемшіліктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза тағайындау кезінде теңдік қағидатының сақталуына назар аударды. Атап айтқанда, мемқызметшілер С. Ихсанов пен Е. Хасановқа қатысты құқықбұзушылықтардың бір ақпарат көзінен алынғаны, бір мезгілде анықталғаны және бірдей құқықтық нормалар аясында қаралуға тиіс болғаны анықталды. Екі қызметкердің әрекеті тәртіптік комиссия отырысында бір уақытта қаралғанымен, оларға қатысты қабылданған шешімдер айтарлықтай ерекшеленген. Мәселен, Хасанов мемлекеттік қызметтен босатылса, Ихсановқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Соның нәтижесінде Ихсанов мемлекеттік қызметші мәртебесін, жалақысын, қызмет өтілін және мемлекеттік қызметке байланысты өзге де құқықтарын сақтап қалған. Әдеп кеңесінің мүшелері қызметтік тексеру барысында және кейінгі тәртіптік кеңес отырысында істің бірқатар маңызды мән-жайлары толық ескерілмегенін атап өтті. Атап айтқанда, кейбір құжаттық айғақтарға тиісті деңгейде назар аударылмаған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшінің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру кезінде оның тиісті талаптарды бұзған-бұзбағаны толық зерделенбегені де айтылды. Отырыста тәртіптік істің барлық мән-жайын жан-жақты қарау қажеттігіне баса мән берілді. Талқылау қорытындысы бойынша тәртіптік істі тоқтату туралы  шешім  қабылданды.

Сонымен қатар кеңесте өңірдегі мемлекеттік құрылымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүргізілген профилактикалық мониторинг қорытындысы ұсынылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген мониторингтің негізгі мақсаты – ықтимал құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтап, олардың алдын алу.

Зерделеу барысында мемлекеттік  құрылымдар мен оларға қарасты ұйымдарда жақын туыстардың бірлесіп қызмет атқаруына қатысты 219 жағдай қаралған. Мамандардың айтуынша, туыстардың бір мекемеде жұмыс істеуі заңбұзушылық болып саналмайды. Алайда олардың арасында тікелей бағыныстылыққа жол берілмеуі және мүдделер қақтығысының алдын алу маңызды. Мониторинг кезінде Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінде бөлім басшысы мен әдістемелік кабинет әдіскерінің, сондай-ақ Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында директор мен әдістемелік бөлім меңгерушісінің арасында туыстық байланыс бары анықталған. Осыған байланысты тиісті профилактикалық  және түсіндіру шаралары  қабылданды.

Жиында мемлекеттік сатып алу рәсімдері де назардан тыс қалған жоқ. Зерделеу нәтижесінде кейбір сатып алуларды жоспарлау кезінде құқықтық және қаржылық тәуекелдер анықталған. Атап айтқанда, қолданыста жоқ нормативтік-құқықтық актілерге сілтеме жасау, сондай-ақ сатып алудың қажеттілігі мен бюджет қаражатын пайдалану негізділігіне қатысты мәселелер белгілі болған.

Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны шамамен 100 млн теңгені құрайтын бірқатар мемлекеттік сатып алу рәсімін қайта қарау және тоқтату бойынша шаралар қабылданды. Соның бірі – «Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-ның 8,4 млн теңгеге жанар-жағармай сатып алу жоспары. Сатып алудың маусымдық қажеттілігі мен бюджет қаражатын пайдалану негізділігі қайта қаралып, рәсім  тоқтатылған.

Отырыста бұдан бөлек ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы, Бәйтерек және Жаңақала аудандары әкімдері аппараттарының әдеп жөніндегі уәкілдерінің қызметтік әдепті сақтау бағытындағы жұмыстарының нәтижелері қаралды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы құрылымдар мен мәслихат аппараттарындағы мемлекеттік қызметшілердің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет тиімділігін бағалау нәтижелері талқыланды.

Жиын барысында заң талаптарын сақтау, ықтимал мүдделер қақтығысын болдырмау, мемлекеттік сатып алулардың негізділігін алдын ала зерделеу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану  қажеттігі  атап  өтілді.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале