Шыңғырлау ауданындағы «Дән» мәдениет үйінде аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында пікірсайыс турнирі өтті.

Танымдық әрі тағылымдық мәні зор шараға сегіз ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлерінен құралған командалар қатысып, өзара білім мен біліктілігін, ой ұшқырлығы мен шешендік қабілетін сынға салды.
Пікірсайыстың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және саяси сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту, пікірін нақты әрі дәлелді жеткізуге баулу. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі әдеп қағидаларын нығайтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттау көзделді.
Пікірсайыс барысында қатысушылар қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбын жан-жақты талқылады. Әр команда тақырыпқа байланысты өз ұстанымын білдіріп, нақты дәлелдер мен уәждер келтірді. Пікірсайыс ережесіне сәйкес командалар жақтаушы Үкімет және даттаушы Оппозиция ретінде екі тарапқа бөлініп, мәселенің оң және теріс қырларын саралады.
Үкімет тарапы өз ұстанымын дәлелдеп, ұсынылған пікірді жан-жақты қорғауға тырысса, Оппозиция тарапы айтылған уәждерге қарсы дәлелдер келтіріп, мәселенің екінші қырын ашуға басымдық берді. Осылайша қатысушылар тек өз ойын білдіріп қана қоймай, қарсы тараптың пікірін тыңдап, оған сауатты әрі нақты жауап берудің үлгісін көрсетті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі талқыланған тұста мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігі, заң талаптарын сақтау, қоғам алдындағы адалдық пен ашықтықтың маңызы сөз болды. Әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек белгілі бір мекеменің немесе органның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Пікірсайыс барысын аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Бисембаев, «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязов және аудандық кірістер басқармасының басшысы Ерлан Батабиевтен құралған әділқазылар алқасы бағалады.
Әділқазылар қатысушылардың тақырыпты меңгеру деңгейіне, ойының жүйелілігіне, келтірген дәлелдерінің нақтылығына, сөйлеу мәдениеті мен қарсы тараптың сауалына жауап беру шеберлігіне назар аударды.
Әділқазылар алқасының мүшесі, «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязов пікірсайыстың маңыздылығына тоқталып, «Пікірсайыс – адамның ойын еркін жеткізуімен қатар, өзгенің пікірін тыңдап, оны саралай білуге үйрететін тиімді алаң. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесін талқылау барысында әр қатысушы өз жауапкершілігін сезініп, заң мен тәртіпті сақтаудың, адал қызмет етудің маңызын түсінуі қажет. Бүгінгі пікірталаста жастардың ой-өрісі, ізденісі мен мәселеге өзіндік көзқарасы байқалды. Мұндай шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді», – деді.
Пікірсайыс нәтижесінде іріктеу кезеңінен Алмаз, Ардақ, Ащысай және Қарағаш ауылдық округтері әкімі аппараттарының командалары келесі кезеңге жолдама алды.
Жалпы, «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» пікірсайысы қатысушылардың білімін сынайтын ғана емес, мемлекеттік қызметшілерді адалдыққа, жауапкершілікке, заң талаптарын құрметтеуге үндейтін мазмұнды алаңға айналды.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы