7.10.2026, 11:15
Оқылды: 10

Дариянда Құбайдолла Хасановтың сурет көрмесі ашылды

БҚО тарихи-өлкетану музейі жергілікті суретшілермен де тығыз байланыста жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде музей қорындағы суреттерден көрме ұйымдастырылып, каталог дайындалып, әр картинаға сипаттама жазылады. Сөйтіп суретші шығармашылығының екінші тынысының ашылуына мүмкін туады. Бұл туралы Дариянда өткен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, график-суретші, жерлесіміз Құбайдолла Хасановтың сурет көрмесінің ашылу салтанатында айтылды.

image-07-10-26-09-12-3

М.Шолохов мемориалдық музейінде болған бұл іс-шараға мәдениет, білім салаларының қызметкерлері, қоғамдық ұйым мен жұртшылық өкілдері, өнер сүйер қауым, оқушылар қатысты.

- Құбайдолла Хамзаұлының 80 жылдық мерейтойына орай БҚО тарихи-өлкетану музейі бір қатар іс-шаралар ұйымдастыруда. Осындай көрмелер бұған дейін ол кісінің туған жері Январцев ауылында, аудан орталығы Переметныйда, Орал қаласында өтті. Бүгін Дариянда жалғасын табуда. Бір айдан кейін ата-бабалары мекендеген Шыңғырлау ауданында болады. Кейбір жерлестеріміз мерейгер мен музей арасында қандай байланыс бар екенін сұрайды. Құбайдолла ағамыз жас кезінде туындыларын облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған. Биыл мерейтойына орай ол кісі тағы да көптеген еңбегін музейге берді. Жалпы жерлесіміз 80-ге жуық картина бейнелесе, қазір солардың барлығы музей қорында. Картиналары облысымыздың тарихынан, асыл дінімізден,  салт-дәстүрімізден сыр шертеді. Ақ Жайық өңірінен шыққан тұлғалардың да бейнелерін көруге болады, - деді өз сөзінде БҚО тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Нұржан Дүзбатыр.

image-07-10-26-09-12-6

Іс-шара барысында Дариян ауылдық округының әкімі Тілек Кәкенов, М.Шолохов мемориалдық музейінің меңгерушісі Мәдина Мусаева суретшіге қош келдіңіз айтып, мұндай іс-шараның маңызына тоқтаталып, мерейтой иесіне алғыс хат пен естелік сыйлықтарын ұсынды.

image-07-10-26-09-12-10

Өз кезегінде сөз алған Құбайдолла Хасанов дүние есігін ашқан Январцев ауылдық округына қарасты Петров елді мекенінде балалық шағы өткенін, майдан даласынан бір қолынан айырылып оралған әкесіне көмектесу үшін ерте жастан еңбекке араласқанын айтты. Мектеп жасынан суретке құмар болып өсті. Н.Гоголь атындағы Алматы көркем сурет училищесін тәмамдаған соң туған жерінде сурет пәнінің  мұғалімі болып жұмыс жасады. Кейін Шымкентте көркемөнер шеберханасында еңбек етті. 1981 жылы әкесінің денсаулығына байланысты Оралға қоныс аударды. Сол кезден бері Оралда тұрады. «Суретшілер көп сөйлемейді, - дейді ол. - Біз үшін картиналарымыз сөйлейді. Тек соны түсіне білу керек».

image-07-10-26-09-12

Іс-шара барысында жергілікті жас домбырашылар ансамблі күй тартса, «Сударушка» этномәдени бірлестігінің өкілдері ән салды.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

image-07-10-26-09-12-5 image-07-10-26-09-12-11 image-07-10-26-09-12-9

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале