13.10.2026, 11:00
Оқылды: 25

Скринингтің септігі мол

Биылғы сегіз айда облыста 140 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталған. Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте осы дерттің алдын алу және оны ерте анықтаудың маңызы жөнінде айтылды.

6be1d5be-ff55-4f8b-866b-36ff4746aa4e

Брифингте сөз алған облыстық онкологиялық диспансердің хирург-онкологі, маммолог дәрігер Тайман Аманов: «Біздің мақсатымыз – тұрғындардың тексеруден уақтылы өтуіне және алғашқы күдікті өзгерістер байқалғанда медициналық көмекке жүгінуіне көмектесу. Өйткені ауруды ерте анықтау мен уақтылы емдеу өлім-жітім көрсеткішін азайтуға мүмкіндік береді», – деді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, 2024 жылы әлемде 2,4 миллион әйелге сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылған. 694 мыңға жуық әйел осы аурудан көз жұмған. Облыста 2021 жылы қатерлі дерттің 189 жаңа дерегі тіркелсе, 2022 жылы – 213, 2023 жылы – 198, 2024 жылы – 197, 2025 жылы  173 дерегі анықталған. Жыл басынан бері облыстық онкологиялық диспансерде осы диагнозбен 2131 әйел есепте тұр. Өткен сегіз айда анықталған сүт безі қатерлі ісігінің 140 алғашқы жағдайының 60-ы скрининг кезінде белгілі болған. Бұл деректен профилактикалық тексерудің ауруды анықтауда қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Тайман Төлеуғалиұлының айтуынша, өңірде скринингтен өтетін қыз-келіншектердің саны көбейіп келеді. Мәселен, 2023 жылы – 39 399 әйел, 2024 жылы – 42 367, былтыр 44 919 әйел тексерілді. Екі жылда дәрігерге көрінгендердің саны 14%-ға  артты.

2023 және 2024 жылдардың әрқайсысында скрининг нәтижесінде сүт безі қатерлі ісігінің 89 жағдайы, ал 2025 жылы 68 жағдайы анықталды. Былтыр скрининг барысында анықталған қатерлі ісіктің 67,6%-ы аурудың бірінші сатысы болып отыр. Бұл скрининг кезінде диагноз қойылған әрбір үш әйелдің шамамен екеуінде ауру бірінші сатыда анықталғанын білдіреді.

– Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін жергілікті емханаларда скрининг тегін жүргізіледі. Ол 40 жастан 76 жасқа дейінгі әйелдер үшін екі жылда бір рет, яғни 40, 42, 44 жасқа толған жылы, содан кейін екі жылдық аралықпен өткізіледі.

Маммографиялық тексеруден өтеді. Азаматтар денсаулығына шағымданбаса да скрининг жүргізіледі. Сондықтан скринингтен бас тартпағандары жөн. Қашан скринингтен өту қажеттігін білу үшін әркім өзі тіркелген емханаға хабарласу керек.

Егер дәрігер қосымша тексерілуді ұсынса, бас тартпаған жөн. Сүт безі қатерлі ісігінің белгілеріне көңіл аударғым келеді. Омыраудың тығыздалуы (ісік), оның пішінінің өзгеруі, терінің немесе кеуденің ішке тартылуы байқалса, омыраудан ерекше немесе қанды бөлінулер шықса, дәрігерге көріну қажет.

Кеуденің тығыздалуы ауырмауы да мүмкін. Мұндай өзгерістер болса, жасқа да, маммографиядан өткен күннің уақытына да қарамай, дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Кезекті скринингті күтудің қажеті жоқ. Ауру қаупі жас ұлғайған сайын артады. Қауіпті азайту үшін дененің қалыпты салмағын сақтау, белсенді өмір салтын жүйелі түрде ұстану, алкогольді тұтынуды  шектеу және темекі шегуден бас тарту қажет. Медициналық тексерістен өтіп тұрудың да маңызы зор. Облыстағы медициналық ұйымдар үшін қыз-келіншектерді ағзада ісік болуы мүмкін деп күдіктенген скринингке шақыру, қосымша тексеруді бақылау және науқастарды бейінді маманға уақтылы жолдау басты міндеттер болып қалуы тиіс, – деді хирург-онколог дәрігер Тайман Төлеуғалиұлы.

ашыкова

«Әділет» партиясы БҚО жанындағы әйелдер қанатының жетекшісі Нұргүл Ашықова ұйымның атқарып жатқан жұмысы, алдағы жоспары  жөнінде баяндады. Іс-шаралар отбасы құндылықтарын нығайту, қыз-келіншектерді әлеуметтік қолдау және олардың құқықтарын қорғау, кәсіби әлеуетін арттыру секілді бірнеше бағытты қамтиды. Мысалы, цифрлық қауіпсіздік мәселесіне қатысты практикалық жоба өткен.

Онда студенттерге, жас аналар мен қыздарға смартфондардың қауіпсіздік параметрлерін дұрыс баптауды үйреткен.  Әйелдер қанаты қазан, қараша, желтоқсан айларында аудандарға арнайы іссапарларға шықпақ.  Онда қызкеліншектермен, жас отбасылармен қоғамдық қабылдаулар өткізбек.

– Әйелдер қанатының жұмысы халықпен тікелей байланысты. Өйткені іс-шаралар қыз-келіншектердің  құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және қоғамдағы әйелдердің белсенділігін қолдауға бағытталады. Сүт безі обырының алдын алуға және әйелдер денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында бірқатар іс-шара өтеді. Акция барысында ерте диагностика мен медициналық тексеруден уақтылы өтудің маңызы жөнінде кеңестер беріледі, – деді Нұргүл Әжібайқызы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале