«Мақат – Индербор – Сәтимола» теміржол инфрақұрылымының құрылысы ресми түрде басталды. Осыған байланысты өткен іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, TEXOL компаниялар тобы мен Qazaq Kalium LTD өкілдері қатысты. Шара барысында құрылысты бастау жөнінде теміржолшыларға белгі беріліп, жобаны жүзеге асыру жоспары талқыланды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жобаның алдын ала құны 161 млрд теңге, теміржол ұзындығы шамамен 285 шақырым. Атап айтқанда, қолданыстағы «Мақат – Индербор» желісі күрделі жөндеуден өткізіліп, Сәтимола кен орнына дейін жаңа теміржол учаскесі салынады.

Жаңа инфрақұрылым жылына 6-7 млн тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Негізгі жүк ағыны Батыс Қазақстан облысындағы Сәтимола калий тұздары кен орнын игерумен байланысты. 2028 жылы алғашқы калий шикізатын жөнелту жоспарланған.

Құрылыс кезінде 300-ге дейін, ал теміржол пайдалануға берілгеннен кейін 200-дей тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Жүк тасымалына отандық, соның ішінде Атырау вагон жасау зауытында шығарылатын вагондарды пайдалану жоспарлануда.

Болашақта теміржолды Шалқар көлі мен Алғабас станциясы бағытында ұзарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жобаның осы бөлігі іске асса, Орал мен Атырау арасындағы теміржол қатынасын дамытуға, өңіраралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға жол ашады. Ауқымды жоба өңірлердің транзиттік және өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға және экономикалық дамуға тың серпін беретіні анық.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»