Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылында айтулы қос іс-шара өтті. Облыс орталығынан барған ақын-жазушылар әуелі филология ғылымының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасовтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісов атындағы мектепте өткен конференция барысында Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарындағы мектептердің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері профессор Шарабасовтың ғылыми ізденісі мен ұстаздық ұлағаты туралы ғибратты әңгіме өрбітті.


Бұлай болуы заңды да еді. Өйткені үшбу мұғалімдердің барлығы да студент кезінде Серікқали Ғабдешұлының дәрісін тыңдаған, ұстаздық тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері екен. Тіпті, конференцияның тізгінін ұстаған Жанайдар Болатбекұлы да Шарабасовтың «шекпенінен» шыққандардың бірі көрінеді. Жаңақала ауданының орталығындағы №3 мектептің мұғалімі Рая Рахымқызының «С. Шарабасов зерттеулеріндегі проза жанрының бір түрі – эссе» тақырыбында кеңінен толғауы жиналған үлкен-кішіні түгел тәнті етті. Осы алқалы жиын барысында Айтқали Нәріков, Зәкария Сисенғалиев, Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ, Дариға Нұрашева сынды ақындардың тағылымды естеліктері ғалым-ұстаздың жұрт жадындағы жарқын бейнесін жарқырата түсті. Соның айқын дәлелі, айшықты мысалындай қылып Ғайса шайыр,
Үлкенмен, кішімен де араласып,
Жүретін даңғылында дара басып,
Айып па айбыны асып тұрса егер де
Жайықта Серікқали Шарабасов?!
Жарасып шашсыз басқа қасқа маңдай,
Біреуге алынбайтын тас қамалдай.
Ілмейсіз көзіңізге әкімдерді,
Білмейсіз сақтануды басқалардай.
Мен білсем, кеудеңізде арыстан бар,
Тентектің талайымен алысқан жан.
Қонымы басыңызға жетпесе де,
Толып жүр қасыңызда «данышпандар».
Қанша уақыт кеткелі де біз үйірден,
Білмеймін, кез болды ма сіз иілген.
Нарқыңыз көтеріліп «Халқым!» деумен,
Қалпыңыз сол баяғы қыз иірген.
Болса да ғұмыр келте, ғайып өмір,
Өтсе де бастан тірлік жайы небір,
Жосылып қара сөзден дес бермейсіз,
Қосылып шаңырақта Жайық, Еділ!
Күн сайын тиістісіз түлеуге, аға,
Керек қой «шілпіктерге» тіреу дара.
...Қайыққа көппен бірге сыймайтұғын
Жайықта Шарабасов біреу ғана! – деп тебірене жыр оқыды.
Конференцияның соңын ала ғалым-ұстаздың өзі қолына «Әліппе» ұстап, әріп таныған аталмыш білім ошағында профессор Серікқали Шарабасов атындағы атына заты сай безендірілген керемет кабинет ашылды. Оның лентасын қию құрметі ардагер ұстаз Нұрсұлу Ғалимуллина мен Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Дариға Мұштановаға ұсынылды. Сосын іле-шала тура сол кабинетте жас ұландар үшін «Өшпес із қалдырған ұстаз» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.

Сол күні түс ауа Жаңақазан ауылдық мәдениет үйінің екінші қабатындағы кітапханада айтулы ақын Жанғали Нәбиуллин атындағы оқырмандар залы ашылды. Бұл нысанның алқызыл лентасын ақсақал қаламгерлер ақын Айтқали Нәріков пен жазушы Алпамыс Бектұрғанов қиды. Ақын атындағы оқу залы Жақаңның шығармашылығынан сыр шертетін дерек-дәйектерге жомарт көрінді. Жиылған жұрт жайғасқан соң «Жанғали жыры – жүрек үні» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері Жақаңның әр тақырыптағы өлеңдерін оқып, көптің қошеметіне бөленді. Ақын Талап Таймасұлы Жанғали Нәбиуллиннің әдеби мұрасын ғылыми негізде сараптаған «Жайықтың жыр жампозы» атты монографиялық еңбегінің кітаптық нұсқасын М. Жүнісов атындағы мектеп пен аудандық кітапхана басшылығына табыстады. Сосын аудан орталығындағы Дина Нұрпейісова атындағы музейдің меңгерушісі, ақын Сыйлыхан Жұмасалық модераторлық миссиясын жалғастырып, қаламгерлердің естелігіне кезек берді:
Айтқали Нәріков, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Жәкең өмірде тік жүріп, тік өткен адам. Ол жақсы өлең жазуды өмірінің өзегіне айналдырған ақын. Тіпті, бұл оның өмірлік ең басты мұрат-мақсаты болды десек те ақиқаттан алыстамасымыз анық. Жанғали ағамыз өзінің өлең-жырына шынайы сезім мен адалдықты, адамгершілік пен парасатты арқау ете отырып, әрдайым жақсылықты, ізгілікті насихаттады. Мұндай поэзияның адамзат қоғамына берері көп. Сондықтан да мұндай әдеби мұрадан жас ұрпақтың құр қалмағаны ләзім.

Ғайсағали Сейтақ, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан жастардың алғашқы жыры әп дегеннен төрт аяғы тең жорға бола қоймайды. Сөйте тұра Жанғали ағамыз жастардың өлең-жырынан тың теңеу, соны ой немесе сәтті шумақ байқаса болды, енді төбе көрсеткен балаң дарынды демеп, жігерін жанып, ұшқыннан жалын лаулатуға әрдайым мүдделі еді.

Дариға Мұштанова, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Жанғали Нәбиуллиннің шығармашылығында азаматтық үн, азаматтық поэзия айрықша орын алады. Оның туған жерге сағыныш, туған елдің алдындағы парыз, халықтың ортақ мүддесіне адалдық тақырыбын ту еткен өлеңдері елжанды, отаншыл, ұлттық рухы асқақ тұлғаны тәрбиелеуге, қалыптастыруға қалтқысыз қызмет етері айдан анық. Сол себепті мен жас ұрпақтың Жанғали ақынның поэзиясынан қол үзбегендігін қалаймын.

Бауыржан Ғұбайдуллин, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Биылғы 16 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы күшіне енді. Мемлекет басшысының бұл Жарлығы қазақстандық қоғамды көркем әдебиет арқылы біржола ізгілендіруді көздейді. Халық пен билікке ортақ осы ұлы мұрат-мақсаттың орындалуына, жүзеге асуына Жанғали ақын атындағы оқырмандар залының лайықты үлес қосуына тілектеспін.
P.S. Екінді шамасында қаламгерлер қауымы қалаға қайтуға жиналды. Жолайрықта Қазақ-стан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Дариға Мұштанова Ақ Жайық атырабында тұратын ақын-жазушылардың атынан Нарын құмының аумағында жарық дүниеге көрінген қос тұлғаның мерейтойлық іс-шараларын тағылымдық тұрғыдан ұтымды ұйымдастырғаны үшін Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен осынау іргелі іске атсалысқан барша ат үстіндегі азаматтарға, сонымен қатар Жаңақала аудандық білім және мәдениет бөлімдерінің басшы-қосшыларына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Бақытжан Әлжан,
Орал – Жаңақала – Жаңақазан – Жаңақала – Орал