Құтқарушылар күніне орай «Теректі» спорт клубында ерлер арасында үстел теннисінен аудандық турнир ұйымдастырылды. Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мұрындық болған жарысқа жеті ауылдан 22 спортшы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитов сөз сөйлеп, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ел игілігі үшін атқарып жатқан еңбегін ерекше атап өтіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, тілегін арнады.
-Құтқарушы – жай мамандық емес. Олар қыстың қаһары мен аязында, жаздың аптап ыстығы мен өртіне қарамастан, күн сайын батылдықпен еңбектерін атқарып келеді. Осындай жанқиярлық қызметі үшін алғыс білдіремін, - деді Дархан Ережепұлы.

Сондай-ақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бахтияр Катчеков сайыстың өтуіне қолдау көрсеткен аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Арман Сағидуллин мен «Теректі» спорт клубының директоры Айдын Сүлеймановқа алғысхат табыстап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыстың ашылуында Наргиза Сулейманованың орындауында «Алға, жігіттерім-ай» әні шырқалып, жарыс қатысушыларын жігерлендіріп, ойын атмосферасын жандандырды.
Айта кетейік, турнирде Теректі, Подстепный, Шаған, Долин, Құмақсай, Ақжайық және Шалқар ауылдарынан келген спортшылар өзара бақ сынады.
Ойын қорытындысы бойынша І орынды Құмақсай ауылының спортшысы Бауыржан Мурзағалиев жеңіп алды. ІІ орынға осы ауылдың өкілі Жанарбек Қауыс ие болса, ІІІ орынды Теректі ауылынан Ерғали Мырзағалиев иеленді.
Турнир соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған бұл шара тек спорттық бәсеке ғана емес, ауыл жастары мен спортшылар арасындағы ауызбіршілікті арттырудың тамаша үлгісі болды. Бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен турнир қатысушыларды бір серпілтіп, салауатты өмір салтын насихаттап, жастық жігерді шыңдауға өз үлесін қосты.
Қ.Аманжолқызы,
Теректі ауданы