Мазмұны терең, мәні айрықша шарада елдік рух пен еңбекке құрмет өзара сабақтасып, туған жердің қадірі мен ауыл өмірінің маңызы кеңінен көрініс тапты. Еңбек пен елдіктің, дәстүр мен берекенің тоғысын танытқан шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысып, аудан жұртшылығын қос мерекемен құттықтады.

— Республика күні — елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігімізді нығайтатын қастерлі мереке. Ал ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі, ел берекесінің негізі. Сондықтан туған жердің игілігі жолында еңбек етіп жүрген шаруаларымыздың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Соңғы жылдары ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында оң даму динамикасы қалыптасты. Бүгінде өңірде 824 шаруа қожалығы мен 8 ауыл шаруашылығы кооперативі және серіктестігі жұмыс істейді. Оның ішінде 189 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Соңғы төрт жылда мал шаруашылығын дамыту мен өнімділікті арттыруға 4,6 миллиард теңге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 5 миллиард теңгеге 811 техника сатып алынды. Биыл шаруалар 840 гектар жерге біржылдық және көпжылдық шөп екті. «Бауырлар НАРЫМ» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясын қолданып, 45 гектар алқаптан жүгері өнімін жинады. Бұл – шаруаларымыздың іскерлігі мен саланы дамытуға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Ауыл шаруашылығының өркендеуі – тынымсыз еңбек пен жүйелі қолдаудың нәтижесі. Алдағы уақытта да саланың әлеуетін арттырып, шаруашылықтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға басымдық береміз, — деді аудан әкімі.
Мерекелік думанның ашылу салтанатында аудан әкімі ауданымыздың үздік ауыл шаруашылығы қызметкерлерін марапаттады. «Үздік шопан» аталымымен «Төлеген» шаруа қожалығының жетекшісі Әнуарбек Жайлаубаев (Көктерек ауылдық округі), «Үздік малшы» аталымымен «Даулет» шаруа қожалығының жетекшісі Даулеткерей Нұрсафин (Тереңкөл ауылдық округі), «Үздік жылқышы» аталымымен «Қарасу» шаруа қожалығының жетекшісі Аян Каримоллин, «Үздік тракторшы-механизатор» аталымымен Болашақ ауылының тұрғыны Сырымбет Шежінбаев, «Үздік мал дәрігері» аталымымен Жалпақтал ауылының мал дәрігері Нұрдаулет Ғалымов, «Үздік жаңа технологияларды қолданушы» аталымымен «Бауырлар НАРМ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев (Талдыапан ауылдық округі), «Үздік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» аталымымен «Талдыапан» АШӨК жетекшісі Руслан Кенжеғалиев (Талдыапан ауылдық округі), «Үздік бау-бақша егуші» аталымымен Қазталов ауылының тұрғыны Ғарифолла Ғаббасов, «Үздік екпелі шөп егуші» аталымымен «Сержан» шаруа қожалығының жетекшісі Сапиолла Бұзаубақов (Қараөзен ауылдық округі), «Үздік асыл тұқымды қой шаруашылығы» аталымымен «Айдос» шаруа қожалығының жетекшісі Айдос Айболатов (Жаңажол ауылдық округі), «Үздік асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығы» аталымымен «Қадырболат» шаруа қожалығының жетекшісі Досболат Бердіғалиев (Бірік ауылдық округі), «Үздік ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп сатушы» аталымымен Қараоба ауылының тұрғыны Райгүл Әліпқалиева, «Үздік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысушы» аталымымен Бостандық ауылының тұрғыны Толқын Құрманғалиева, «Үздік салық төлеуші» аталымымен Бірік ауылдық округінен Қуаныш Мұқашев, «Үздік жұмыс беруші» аталымымен «Бейнащар-Б» шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Өтеғұлов (Ақпәтер ауылдық округі), «Үздік жер пайдаланушы» аталымымен «Достық» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Құрманалиев (Бірік ауылдық округі) марапатталды.

Сонымен қатар салалық басқарма басшыларының алғысхаттарымен Тарғын Махамбетұлы, Архат Ғабдыұлы, Өтепберген Исламғалиұлы және Асхат Бауыржанұлы марапатталды.
Еңбек адамын ұлықтап, ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін дәріптеген мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнерпаздар әуелете ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік думан аясында ауыл шаруашылығының әлеуетін танытқан көрмелер ұйымдастырылып, асыл тұқымды мал шаруашылығының жетістіктері мен заманауи техникалар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрмелер аудан шаруаларының қажырлы еңбегін, мал тұқымын асылдандыру бағытындағы ізденістерін және саланың даму мүмкіндіктерін айшықтады.
Сонымен қатар ауданның әр саласының тыныс-тіршілігінен сыр шертетін киіз үйлер тігіліп, ауылдың бай дәстүрі мен тұрмыс мәдениеті көрініс тапты. Ақ шаңқан киіз үйлер мерекенің сәнін келтіріп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған тағылымды ортаға айналды.
Дала думаны ұлттық спорт түрлерімен де ажарланды. Қой көтеру мен арқан тартыс сайыстарында қатысушылар күш пен ептіліктің үлгісін көрсетсе, көкпар додасы мен бәйге жарыстары көпшіліктің делебесін қоздырды. Атап айтқанда, «Ақ Жайықтың алтын тайы», «Құнан бәйге», «Топ бәйге» және «Аламан бәйге» жарыстарында жүйріктердің бағы мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсті.
Осылайша, мерекелік думан елдік рух пен еңбек мерейін тоғыстырып, ауыл шаруашылығының жетістіктерін дәріптеген, ұлттық дәстүр мен ат спортының айбынын асқақтатқан мазмұнды шараға ұласты.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы