Ұлттық рухты ұлықтап, елдік пен тәуелсіздіктің қадірін айшықтайтын Республика күні қарсаңында Шыңғырлау ауданы орталығындағы саябақта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты көтеру рәсімі өтті.

Аудандық орталық саябақта өткен салтанатты жиынға ауыл ақсақалдары мен аудан тұрғындары, мекеме ұжымдары және күштік құрылымдардың жеке құрамдары қатысты. Елдік мерекенің мәнін терең сезінген жұртшылық көк байрақтың биікте желбіреуін ерекше мақтанышпен тамашалады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, Мемлекеттік Тудың ұлт өміріндегі айрықша орнына тоқталды.
— Осынау мемлекетіміз үшін айтулы күнде Мемлекеттік Туды биікке көтеру — біз үшін зор мақтаныш! Мемлекеттік Ту — тұрақтылығымыздың нышаны, елдігіміздің айбыны, біртұтас бірлігіміздің белгісі. Аспан түстес көк түсі еркіндігіміз бен өр рухымызды, алтын Күні бейбітшілік пен ашық аспанды, қыран бейнесі биік мақсаттар мен еркіндікті бейнелейді. Алтын түспен өрнектелген ұлттық ою-өрнегіміз халқымыздың бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын айшықтайды.
Туымыз көкке көтерілген сайын кеудемізді мақтаныш кернейді. Еліміздің әрбір жетістігі, ауданымыздағы әрбір игілікті істің артында көк Тудың астына топтасқан ауызбіршілігіміз бен маңдай теріміз жатыр. Еліміздің еңсесі биік, келешегі кемел, заманымыз тыныш болсын! Әрбір отбасына амандық пен береке тілеймін. Көк туымыз бейбіт аспан астында бірлігіміздің белгісі болып мәңгі желбірей берсін! - деді аудан әкімі.

Бұдан соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, көк байрақ салтанатты түрде биікке көтерілді. Рәсім барысында орындалған «Қазағым» патриоттық әні жиынның мазмұнын байытып, қатысушылардың бойындағы отансүйгіштік сезімді асқақтата түсті.
— Бұл әрі ұлттық, әрі мемлекеттік мереке! Сан ғасыр бойы азаттық деген арманды қылышының жүзіне, найзасының ұшына байлап күрескен ата-бабалар аманатының ақиқатқа айналған күні. Бұл мерекеде ұлттың үні мен мұңы, мемлекетіміздің мүддесі мен болашағы жатыр. Сондықтан да ол қастерлі, қадірлі мереке! Барша жерлесімді, отандастарымды ұлағатты мерекемен құттықтаймын! Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіне сүйеніп, бірлік пен татулықтан, адал еңбек пен жасампаздықтан күш алған еліміздің келешегі жарқын болғай! Халқымызға амандық, әлемге бейбітшілік тілеймін! - дейді аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Бекжанов.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы