25.10.2026, 16:00
Оқылды: 19

Шыңғырлау ауданының әкімі 80 жасқа толған ардақты ананы мерейтойымен құттықтады

Мемлекеттік мереке күні ел ішінде еңбегімен сый-құрметке бөленген жандарды ардақтау — ұрпаққа өнеге, кейінгіге тағылым. Осындай айтулы күні аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев 80 жасқа толып жатырған ардақты ана, асыл әже Мақпуза Юмабаеваның шаңырағына арнайы барып, мерейлі жасымен құттықтады.

WhatsApp Image 2026-10-25 at 11.44.29_edit_10663456504576

Ғұмырын адал еңбекпен өрнектеп, ұрпағын ұлағатпен тәрбиелеген Мақпуза әже — ауданның еңбек шежіресінде өзіндік орны бар жандардың бірі. Бүгінде 80 жасқа толып отырған кейіпкеріміздің өмір жолы — маңдай термен келген абыройдың, отбасы алдындағы жауапкершіліктің және аналық мейірімнің жарқын көрінісі.

Еңбек жолын астық қабылдау кәсіпорнында бастаған ол кейін ауданның «Қазсельхозтехника» мекемесінде ұзақ жыл бойы қызмет етті. Қай салада жүрсе де, еңбекке деген адалдығын ту етіп, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Жұбайы Ибрагим Жақсылықұлы да Қызылкөл ауылының автокөлігін тізгіндеген еңбек адамы болған. Өмірдің талай белесін бірге өткерген ерлі-зайыптылардың шаңырағында адалдық пен еңбекті қадірлеу, ұрпаққа қамқор болу сынды құндылықтар берік орныққан.

Бүгінде әже — бес ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Ұрпағының қызығын көріп отырған ол 17 немере мен 9 шөберенің сүйікті әжесі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын, әңгімесі жарасымды, жүзі жарқын жанның бүгінгі бақыты да айналасына жиылған ұрпағының амандығы мен ықыласы.

Шаңыраққа бас сұққан сәтте әженің жайдары жүзінен, байыпты әңгімесінен көңіл тыныштығы мен өмірге деген ризашылық сезілді. Ұл-қыздары мен келіндерінің қамқорлығы, немерелерінің еркелей қоршағаны осы үйдегі сыйластық пен құрметтің айқын көрінісі боп тұрды. Ақ жаулықты ананың айналасына жиналған ұрпақтың шат күлкісі мен қонақтармен бірге естелік суретке жарыса түскен сәттері мерейтойдың шырайын кіргізіп, отбасылық қуаныштың шынайы бейнесін танытты.

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев мерейтой иесін құттықтап, ұзақ жыл бойғы еңбегі, тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, елге сыйлы әулет қалыптастырған өнегелі ғұмыры үшін алғыс білдірді. Ақ жаулықты анаға денсаулық, отбасына амандық пен береке тілеп, иығына оюлы шапан жапты.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале