29.10.2026, 9:00
Оқылды: 22

Брендке бастайтын жобалар

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы 2022 жылы Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) және Қырғыз Республикасының «OSOP+1» қоғамдық қорының қолдауымен еліміздің бес өңірінде, соның ішінде біздің облыста қанатқақты режімде басталды. Содан кейін 2024 жылы Үкіметтің қаулысы негізінде барлық облыста қолға алынды. Ондағы мақсат – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету, жергілікті шикізаттан жасалатын бірегей өнімдерді дамыту және олардың ішкі әрі сыртқы нарықтарға шығуына жағдай жасау.

DSC08992

Бұл жоба Жапонияда басталған. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Ойта префектурасы губернаторы Морихико Хирамацу табиғи ресурс­тарды пайдалану арқылы ауылды экономикалық құлдыраудан шығару жолдарын ұсынған. Қазіргі кезде ««Бір ауыл – бір өнім» қозғалысы әлемнің 30-дан астам елінде,  іргедегі Қырғызстанда дамыған.

–  Өңірде «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысуға өтінім берушілер саны жыл санап артып келеді. Осы жоба қанатқақты режімде Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылында қолға алынды. Онда жүн өңдеу цехы ашылып, жүннен киіз және  аяқ киім басылып, түрлі бұйым тігілуде. Биыл өзінің кәсібін және жаңа бастаманы іске асырамын деген 92 азаматқа аталған жоба бойынша қолдау көрсетілді. Облыста өткен көрмеге 32 жоба қатысушысы өнімдерін әкелді. Осы қатысушылардың арасынан 10 финалист анықталды.  Финалистердің кәсібінің негізгі бағыттары – ет, сүт өнімдері, сабын, мақсары майы өндірісі, қол-өнер және ағаштан бұйымдарын жасау, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің сарапшысы Асхат Тойшыбаев.

Сарапшының айтуынша, жоба финалистері 5 миллион теңгеге дейін гранттық қаржыландыруға қатысады. Сонымен қатар палата алдағы үш жылда финалистердің өнімін (тауарларын) одан әрі жылжытуға қолдау көрсете-ді. Финалистерді жергілікті атқарушы құрылым, кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлер өкілдерінен құралған арнайы комиссия, яғни бренд-комитет анықтайды. Көрме қатысушыларына қойылатын басты талап мынадай: өнім өндіруде жергілікті шикізатты пайдалануы тиіс. Мысалға, 2024 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының облыстық көрмесінде 23 өндіруші өнімдерін ұсынды. Сонда бренд-комитет  оқыту және маркетингтік қолдау көрсету үшін үш финалисті таңдады. Мәреге жеткен кәсіпкерлердің  жобалары жүн өнімдерін, пастила және жеміс чиптері, жент, тары, талқан өндіруге бағытталған. Жалпы финалистерге өнімді жылжыту және өткізуден бөлек тауар белгілерін әзірлеуге, өндірілген өнімге сәйкестік сертификаттарын алуға көмек беріледі. Одан басқа жаңа немесе инновациялық өнімдерге өндіріс стандарттарын әзірлеуге қолдау көрсетіледі. Оған қоса өнім өндіру технологиясы бойынша тегін арнайы оқыту семинарлары  жүргізіледі.

Басқұр шеберханасында

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған пресс-турда Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енген қолөнер шебері, құрақшы Нұргүл Сисенованың «Ел ырысы» базарында орналасқан шеберханасына бардық. Аядай бөлменің ішіндегі қолөнер бұйымдары көздің жауын алады.

– Газ құбыры саласында 35 жыл еңбек еттім, зейнеткерлікке шықтым, төрт жылдай үйде отырып немере бақтым. Бала кезімде кілем тоқу, киіз басу, өрмек тоқу сынды қолөнер түрлерін меңгеріп өскенмін. Түркістан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келдім. Содан ұлттық қол-өнерді неге дамытпасқа деген ой келді. Осылайша әжемнен үйренген өнерімді кәсіпке айналдырудамын. Өйткені оңтүстікте және Ақтау қаласында қолөнер дамыған. Ал Оралда енді қолға алынып жатыр, – деді Нұргүл Құдакелдіқызы. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап Орал қаласына қоныс аударған. Кейін Ақтөбе қаласына барып, қол-өнерші Бұлбұл Кәпқызының ақылы шеберлік сабақтарына қатысты.  2021 жылы құрақ құрау бойынша кәсіби білімін жетілдірген. Қазір шебердің өзі де шеберлік сабақтарын өткізіп жүр. Ондағы мақсаты – ұлттық өнерді насихаттап, өз білгенін  өзгелерге  үйрету.

Басқұр киіз үйдің ішкі құрылымын бекітеді, сәнін келтіреді. Керегелерді біріктіріп, киіз үйдің барлық бөлігін біріктіріп ұстап тұрады. Ұлттық бұйым тек сәндік қызмет атқарып қана қоймайды. Оның бойындағы ою-өрнекте халықтың дүниетанымы, табиғатпен байланысы, рухани мәдениеті көрінеді.  Мысалы, қошқармүйіз – молшылық пен берекенің белгісі, түйетабан – күш пен төзімділіктің рәмізі, су өрнегі – өмір мен қозғалыстың белгісі. Бұл басқұр 25 не 5 жіптен де тоқылады. Одан сөмке тігуге болады. Қыз-келіншектер жағасына гүл-өсімдіктерді өрнектеп салсақ, ер-азаматтарға қошқар мүйізді өрнектеп салуға болады, – деді Нұргүл Сисенова.

Шебер дәстүрлі қолөнерді сақтап, дамытып қана қоймай, қазіргі заманғы өнер мен дизайнда  басқұрға жаңа мағына беріп отыр. Содан шығар, оның өнімдеріне сұраныс баршылық. Шапан тігетіндер тапсырыс береді. Сөмкелерін сатып алушылар аз емес. Жіпті қой жүнінен иіреді, кейде сауда орындарынан сатып та алады. Шашақ жасауға жібек жіпті пайдаланады. «Бір ауыл –
бір өнім» жобасына қатысушы ретінде биыл көрмеде өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Бренд-комитеттің шешімімен финалист атанды. Енді қайтарымсыз грант қаржысын алады. Грант қаржысына жаңа станок алуды жоспарлап отыр. Алдағы кезде балаларды қолөнерге баулитын шеберлік мектебін ашқысы келеді.

«Сүтті аула» дүкенінде

Оралда ірімшік шығаратын шағын кәсіпорынның атауы осындай. Пресс-турға қатысушылар өндіріс цехының жұмысы уақытша тоқтауына байланысты атауы да сондай фирмалық  дүкенге  барды.

DSC09037

– Біздің өнімдеріміз өңірде брендке айналды. Бұған көп жұмыстандық. Содан кейін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысуға шешім қабылдадық. Ел-жұрт көрсін, табиғи, экологиялық жағынан таза өнім түрлерін білгені дұрыс қой. Өткен жылы ірімшік өндірісі бағыты бойынша финалист атанып, 5 млн теңгеге дейінгі грант иегері атандық. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен оқыту курсына қатысып, білім-білігімізді жетілдіруге мүмкіндік берілді. Сүтті өңдеу, өнімді қаптамамен шығару саласында білмейтініміз «тоқсан тоғыз». Салық заңдылықтарын да оқып, білімімізді толықтырдық. Сондықтан бұл жобаның бізге бергені көп, – деді «Молочный дворик» ЖК жетекшісі Татьяна Кублеева.

Жеке кәсіпкерлік сүтті өңдеп, одан ірімшіктің 15 түрін өндіреді. Сүтті Теректі ауданындағы Покатилов ауылынан бес жылдан бері тұрақты алып отыр. Маусымға қарай өңделетін шикізат көлемі өзгереді. Орта есеппен алғанда әр аптада бір тонна сүт өңдейді. Сапалы өнімге сұраныс қалыпты. Қазір Ақтау, Атырау қалаларына өнім жеткізу қолға алынған. Төрт адам жұмыспен қамтылған.
Грант қаржысына, яғни 4,5 млн теңгеге Ресейден қажет жабдықтар және шикізат сатып  алған.

DSC09022

Кәсіпкер жобаға қатысушы ретінде алдағы кезде ұлттық тағам өнімдері орталығын ашуды ойлайды. Ондай орталыққа өңірге келген туристерді апаруға болар еді. 2024 жылы оралдық кәсіпкердің «Буррата» ірімшігі  Ақтау қаласында өткен халықаралық  конкурста 400 қатысушының арасынан дәмі мен сапасы жағынан үздік делініп, күміс медаль алды. Биыл да сол конкурста «Ірімшік» күміс, «Жайық» ірімшігі қола медаль иеленді. Іргетасы қаланған кәсіпкерлік нысаны алда
да жаңа өнімдер шығарып, сапалы ірімшіктерін экспортқа шығарғысы келеді. Әсілі, бұл  жоба  брендке  бастайды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале