Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин министрлік Президент Жолдауында қамтылған тапсырмаларды қалай орындайтынын мәлімдеді.

Баяндамасының кіріспесінде ол нақты қандай міндеттер жүктелгенін атап өтті.
– «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестицияларды тарту, салық және бюджет саясатын жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау бойынша нақты міндеттерді қойды, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, бұл тапсырмаларды іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігінің нақты жоспарлары бар.
Ең алдымен, азаматтардың табысын арттыру бойынша шаралар қабылданады. Халық табысының жоғарылауы экономиканың тұрақты сапалы өсуі және инфляцияның төмендеуі есебінен қамтамасыз етіледі. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық еңбекақының ең төменгі мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Қажетті қаражатты бекіту және бөлу келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетте көзделеді. Сондай-ақ, инфляцияны одан әрі төмендету мақсатында тарифтік саясатпен кешенді түрде инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша іске асырылып жатқан шаралар аясындағы жұмыс күшейтіледі.
Екіншіден, шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Бұл мақсатта Ұлттық экономика министрлігі Орта бизнесті дамыту жоспарын әзірледі.
– Құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту, бизнеске әкімшілік қысымды бәсеңдету тетіктері көрсетіледі. Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады, – деді Азамат Әмрин.
Оның мәлімдеуінше, халыққа бағдарланған цифрлық экономиканы дамыту аясында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету тетіктері маркетплейстер, банктер және логистикалық қызметтер сияқты цифрлық сервистермен ұштастырылады.
Сондай-ақ, экономиканың аса тәуелді салаларындағы сын-қатерлерді бағалау және түрлі өрбу сценарийлерін әзірлеу кезінде жасанды интеллектінің озық технологиялары қолданылады.
Салық және бюджет саясаты да назардан тыс қалмайды. Салық заңнамасын жетілдіру бойынша жыл басынан бері Жобалық кеңес аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрлік бизнес-қоғамдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне нақты өзгерістер пакетін әзірледі. Ал ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені талдау нәтижелерін ескере отырып қарастырылады. Еліміздегі жағдайға барынша бейімделген тәсілді енгізу жоспарланып отыр.
– Жолдау аясында Мемлекет басшысы инфрақұрылымның «ауқымды құрылысы» бағытын белгіледі. Ол үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды. Бюджет кодексіне Қор қызметінің құқықтық негіздерін, жобаларды қаржыландыру тәртібін, сондай-ақ қазынашылық сүйемелдеу мен қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылау тетіктерін айқындайтын түзетулер дайындалды. Негізсіз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиялары белсенді қолданылатын болады, – деді вице-министр.
Сонымен бірге, ол инвестиция тарту, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау бағыттарында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды мәлімдеді. Атап айтқанда, инвестицияларды тарту жөніндегі жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында «Бәйтерек» Холдингі инвестициялық саясат саласында қосымша функциялармен қамтамасыз етіледі. Ал мемлекеттік басқару жүйесін реформалауда мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ оны цифрландыру және жасанды интеллектімен жұмыс істеуге бейімдеу маңызды міндет ретінде қарастырылып отыр. Бұл бағытта кешенді жоспар әзірленбек.
Алпамыс Файзолла,
zhaikpress.kz