Төсек жаймасын аптасына кемінде бір рет ауыстырған дұрыс. Ал кей жағдайда оны бұдан да жиі ауыстыру қажет. Бұл туралы терапевт Дарья Богомолова "Лента.ру" басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Дәрігердің сөзінше, адам ұйықтаған кезде төсек жаймасына тер, тері майы мен түлеген тері жасушалары біртіндеп жиналады. Мұндай ортада шаң кенелері көбейіп, олардың тіршілік әрекетінен бөлінетін қалдықтар аллергия тудыруы мүмкін.
Дәрігердің айтуынша, аллергиясы, бронх демікпесі немесе атопиялық дерматиті бар адамдар төсек жаймасын жиірек ауыстырғаны жөн. Себебі шаң кенелері бұл аурулардың белгілерін күшейтуі мүмкін.
Сондай-ақ, ауырып жүргенде, қатты терлегенде немесе үйдің ауасы ылғалды болғанда төсек жабдықтарын жиі ауыстыру ұсынылады.
Үй жануарларымен бірге ұйықтайтын адамдар да тазалыққа ерекше мән бергені дұрыс. Өйткені төсекке жануарлардың жүні, терісінің ұсақ бөлшектері мен сілекейі жиналуы мүмкін.