3.11.2026, 10:15
Оқылды: 14

Күй болып күмбірлеген Жайық, ән болып әуелеген Астана!

Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының 60 жылдық мерейтойына арналған Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «АҚ ЖАЙЫҚТАН АҚ СӘЛЕМ!» аттыі өтті.

IMG_9157

Мерейлі кештің шымылдығы алпыс жылдық тарихында ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, талай таланттың қанатын қатайтқан академиялық филармонияның шығармашылық шежіресіне арналған арнайы фильммен түрілді.

IMG_9146

Филармония басшысы Бауыржан Ергенұлы елордалық өнерсүйер қауымға ізгі лебізін білдіріп, мерейтойлық концертке қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Құрманғазы мен Динаның күйшілік дәстүрі, Махамбет пен Мұхиттың өршіл рухы, Ғарифолла мен Қадырдың өлмес мұрасы тамыр жайған қасиетті Ақжайықтың өнер керуені елорда төрінде ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын паш етті.

IMG_9151

Кеш барысында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі ұлттық музыканың құдіретін танытып, көрермен жүрегін тербеген тағылымды туындыларды жоғары орындаушылық шеберлікпен ұсынды.

Мерейтойлық кештің мәртебесін асқақтатқан ерекше сәттердің бірі – қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері, Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымовтың дирижерлік тұғырға көтерілуі болды.

IMG_9158

Қазақ оркестрлік өнерінің биік мектебін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан майталман маэстроның шеберлігі мен терең музыкалық танымы кештің көркемдік келбетін айшықтай түсті. Оның сиқырлы таяқшасына бағынған ұлттық аспаптардың үні бір арнаға тоғысып, Жайықтың жанды сазы Арқаның аспанында асқақтай түсті.

IMG_9148

Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жарас Сатыбалдиевтің жетекшілігімен өнер көрсеткен ұжым қазақ музыкасының тереңдігін, дәстүрлі өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

IMG_9163

Кеште ұлттық музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлғалардың есімдері ұлықталып, олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасына тағзым жасалды.

Ақжайықтың ақ сәлемін арқалаған өнер ұжымы елорда жұртшылығына ұмытылмас әсер сыйлап, көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

Жайықтан жеткен жүрек сазы Арқаның төрінде әуелеп, екі өңірді өнердің құдіретімен табыстырды.

Айжан Бауыржанқызы,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале